3.03.2020, 18:08
Оқылды: 43

18 жасқа дейінгі балаларға дәрілік заттар тегін беріледі

Облыс бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 680 мың адам қатысуда. Соның ішінде жеңілдігі бар санатқа жататын 355 мыңнан астам адамға  жарнаны мемлекет төлейді. 

SSK

Жыл басынан бері республика бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна және аударымдар ретінде 68,4 млрд теңге түскен.  Ең көбі –  азаматтардың жеңілдігі бар санаттары үшін мемлекет есебінен түскен 48 млрд. теңгеден астам қаражат. Ал  облыста 2 млрд. 200 млн. теңгеден астам қаржы аударылған. Оның 1 млрд. 600 млн. теңгеден астамы жеңілдік категориялары үшін ел бюджетінен түскен екен.  Аудандар арасында аударым жасаудан Бөрлі (24 млн. теңге), Бәйтерек (18 млн. теңге)  және Ақжайық (16 млн. теңге) аудандары алда келеді.

–  Өткен жылмен салыстырғанда өңірдегі медициналық көмектің көлемі 1,3 есеге ұлғайып, облыс бойынша денсаулық сақтау саласының бюджеті 47 065,4 млн. теңгені құрады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы 46 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасты. Олардың ішінде 36 медициналық ұйым мемлекеттік меншікте болса, 10-ы жеке меншік ұйым. Бүгінде науқасты қалпына келтіру ем-шаралары және медициналық оңалту қызметтерінің барлық түрі 17%-ға өскені байқалады. Әсіресе  невралгия (инсульт) бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі 3 есе өсті, – деді  өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының  директоры  Нұржамал Жұмағұлова.

ҚР ДСМ-ның биылғы 9 қаңтардағы бұйрығымен «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі)бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» ҚР ДСМ 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығына өзгерістер енгізілген. Осы бұйрыққа сәйкес, науқасқа медициналық көмектің кепілдік берілген шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандвыру жүйесі бойынша биыл аурудың 137 тобына, барлығы 715 дәрі-дәрмек пен медициналық заттар тегін беріледі. Олардың арасында 18 жасқа дейінгі балаларға да тегін берілетін дәрілер бар. МӘМС жүйесіне қатысатын науқастарға жұқпалы, протозойлы, паразитарлық  аурулар, гельминтоздар, зең инфекциялары, асқорыту аурулары, қанның, қан айналу ағзаларының аурулары жəне иммундық механизмді қамтитын жеке бұзылулар, жүйке жүйесінің, көз, есту, тыныс алу ағзаларының аурулары, тері мен тері асты шелінің аурулары, несеп-жыныс жәнеқан айналым жүйесінің ауруларының  дәрі-дәрмектері тегін беріледі.

Айта кету керек, осы күнге дейін 5 жасқа дейінгі балаларға тегін көмек көрсетілген болса, енді 18 жасқа дейінгі балаларға да дәрілік заттар тегін беріледі.  Осыған байланысты біріңғай дистрибьютор арқылы сатып алынған дәрілік заттармен қамтамасыз етудің бекітілген тізімі 225 данаға дейін артқан. Олардың  161-і ересек науқастарды,  192-і 18 жасқа дейінгі балаларды емдеуге арналған. Дәрілік заттарға, соның ішінде тегін және жеңілдікпен босатылатын репцетілер 3 айға дейін жарамды. Биыл облыстағы 27 медициналық ұйым 1 наурыздағы жағдай бойынша, 1 179 288 398,5 теңге мөлшерінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілді.

– Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін елдің барлық тұрғыны шартты түрде сақтандырылған болып саналады. Олар тегін медициналық көмектің кепілдік және міндетті әлеуеттік медициналық сақтандыру жүйесіндегі пакеттері аясында медициналық қызметтерді тегін ала алады. Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелуі керек. Жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін сақтандырылмаған пациенттер медициналық көмекті тегін кепілдендірілген көлемі аясында ғана алады. Ал қалған қызметтер ақылы болады. Сондықтан 31 наурызға дейін міндетті әлеуеттік медициналық сақтандыру жүйесінің сақтандырылған мәртебесін алу қажет,  –  дейді Нұржамал Шамғонқызы.

Ясипа Рабаева

 zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале