Орал қаласының Зашаған кентінде 9 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа баспанаға ие болған 198 отбасына пәтер кілтін табыстап, қуанышын бөлісуге облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы барды.
Айта кетсек, Зашаған кентінің Орал – Саратов тас жолы маңындағы Мөңкеұлы көшесінде бой көтерген 9 қабатты, 198 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы былтыр басталған. Жалпы көлемі 5673 шаршы метрді құрайтын көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстарын «Болашақ-Т» ЖШС жүргізген.
-Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Осы атаулы мереке қарсаңында сіздерге қуаныш сыйлағалы отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың толыққанды өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасау керектігін басты назарда ұстап келеді. Елімізде қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүздеген батысқазақстандық қолжетімді баспанаға ие болуда. Бұл – мемлекеттің халыққа деген қамқорлығы, қолдауы. Бүгін баспана кілтін иеленгелі отырған 198 отбасының 99-ы көпбалалы отбасылар. Арендалық негіздегі үй болғандықтан, екі бөлмелі пәтерге айына шамамен 10 мың теңге көлемінде төлейді. Пәтерді күтіп, таза ұстауларыңызды сұраймыз. Жалпы айтқанда, осындай қолжетімді тұрғын үйлерді салу үшін биыл мемлекет тарапынан 17 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді, 17 тұрғын үйдің құрылысы басталды. 474 пәтер болады. Келесі жылы «Ақжайық» шағынауданының құрылысы басталады. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңыздан сәбидің үні мен ақсақалдарымыздың батасы кетпесін,- деді Ғали Нәжімеденұлы.
Бұдан соң салтанатты рәсімде шаңырақ иелеріне көптен күткен пәтерлерінің кілттері табысталып, жиналғандар су жаңа тұрғын үйді аралады.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz