Облыстың шығыс бөлігінде орналасқан Шыңғырлау ауданында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өте күрделі жағдайлар қалыптасты. Тұрғындардың өмір сүруіне қажетті әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің деңгейі өзге аудандармен салыстыра қарағанда әлдеқайда төмен тұрды. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жәй-күйі де ешқандай сын көтермейтін. Аутожолдың жәй-күйін айтпай-ақ қояйық. Әйтеуір темір жолдың бойында орналасқан аудан тұрғындары Ақсай, Ақтөбе және Орал қалаларына пойызбен қатынап, өз нәпақаларын айырып отырды. Орал өңірінде тәуелсіздіктің таңы атқанда ішкі көші-қон үдерістеріне көбірек ұшыраған да – Шыңғырлау жұртшылығы. Міне, осындай әрі-сәрі күймен жүргенде тағы да алты-жеті жыл өте шығыпты. Күнпараққа 1998 жыл кіріп келгенде мұндағы ел-жұрттың жәй-күйі қандай еді? Аталған жылдың 26 ақпаны күні Шыңғырлау ауданының әкімі болып тағайындалған А. Баяновпен әңгімеміз осындай бағытта өрбіді.
– Амангелді Ғазизұлы, аудан басшысы ретінде бекі-тілген кезіңіз жылдың қолайсыздау мезгіліне, қыстың аяқ кезіне тұспа-тұс келеді екен. Осы кезде ең алғаш көңілге түйген әсеріңіз қандай?
– Айтарлықтай оң көрініске тап бола қоймадым. Жолдарды қар мен мұздақтан тазалайтын жөнді техника қалмапты. Көп кешікпей өзге де ауыл шаруашылығы техникаларының дені жан-жаққа бейберекетсіз шашылып кеткеніне көзімді жеткіздім.
– Сіздің ойыңызша, сол тұста аудандағы басты түйткіл мен қиындық неде?
– Аудандағы шаруашылықтар түгелдей дерлік азық-түлік бірлестігіне қомақты мөлшерде қарыздар, бережақ болып қалыпты. Тек Лубен және Шыңғырлау шаруашылықтары ғана бұған дейінгі мал-мүлкін сақтап, оны талан-таражға түсіруден және қарыз болудан аман отыр екен. Соңғысында сол кезде 14800 бас қой және 1700 бас ірі қара болғанын да айтып бере аламын. Қарыздар агроқұрылымдарда жалақының төленбеу уақыты тоғыз айға дейін созылып кетіпті.
Сондай-ақ бұл кезде тұрғындар ауыз су мәселесімен де үлкен қиындықтарға тап болыпты. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, аталған мәселенің шешімі ресейліктердің қолында екен. Олар Шыңғырлауға жіберілетін ауыз су көздерін жауып тастапты. Дереу көршілермен келісімге келіп, жәйсіз жағдайды реттеуге тура келді. Әйтеуір, ойға алған мақсатымыз орындалып, жабылған ауыз су көзі қайтадан ашылды. Алайда бұл уақытша көрініс екенін де сездік. Бізге өтпелі кезеңнің берген ащы сабағының бірі осындай.
Бір шындыққа көзімізді айқын жеткіздік. Яғни ауыз су мәселесі дербес өзімізде шешімін таппаса, өзге жаққа мойын созудан ештеңе шықпайды. Осындай оймен ең алғашында Қонақай деген көл табанынан су тартып, бұрғылап шығардық. Оның суының сапасы төмендеу болғанымен, тұтынуға әбден жарайтын еді. Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі ауыз су мәселесі кейіннен,
тәуелсіздіктің әбден нығайған кезінде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен жүзеге асқан еді.
– Шыңғырлауда газ құбырын тарту жобасы 2000-шы жылы ғасырлар тоғысында басталғанымен, арада он жылға жуық уақыт өткен соң ғана іске асыпты. Бұл өте көп уақыт емес пе? Оның созылып кетуінің сыры неде?
– Сұрағыңыздың жаны бар. Солай болғаны да рас. Біз алғашқыда бекітілген жобаға сәйкес ешқандай қаражатсыз ел азаматтарының көмегіне арқа сүйей отырып, газ құбырының төменгі қысымдағы ішкі жүйесін жасақтай алдық. Осылайша ұзындығы 4000 метрден астам газ құбыры сол уақыттың ішінде тартылып үлгерді. Алайда Шыңғырлауды көгілдір отынмен қамтуға бөлінген 374 миллион теңге қаражат Орал қаласындағы көше жолдарын жөндеуге аударылып кетті де, басталған іс тоқтап қалды. Мұның бар сыры осында.
– Аудан басшылығына келген кезіңізде өңірдегі әлеуметтік мекемелердің жәй-күйі қандай еді?
– 1998 жыл туннелдің түп-кірінен бір жарық сәуле жылт етіп көріне бастаған кез еді. Соған қарамастан, өзгесін айтпағанда, аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі, музыка мектебі және аудандық музей ғимараты жабылып қалыпты. Бұған қалайша жол берілген? Мұндай сауалға жауап іздеп, уақыт өткізіп жатпай-ақ аудандық қаржы бөлімінің басшысын шұғыл шақырып, аталған мектептер мен музейдің есеп-қисабын түгендеп, дереу қайтадан аштыру жөнінде шешім қабылдап едім. Бұған қоса аудандағы мәдени-рухани бағыттағы барлық мектептің қалыпты жағдайда жұмыс істеуі үшін барлық мүмкіндікті іске қоса алдық деп санаймын.
– Сіз аудан әкімі болып тағайындалған 1998 жылдары үлкен шаруашылықтарды жекешелендіру ісі жүргізілді. Осы жауапты істің басы-қасында болған басшы ретінде не айтар едіңіз?
– Ең бастысы, үлкен шаруашылықтардың техникасы мен мал-мүлкі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеуін басты назарда ұстадық. Бұл іске өңірдегі ең мықты деген экономистерді жұмылдыра алдық деп санаймын. Олар әркімге өзінің еңбегіне қарай пайдың әділетті бөлінуіне біраз біліктілігі мен кәсіби шеберліктерін жұмсай білді.
– Шыңғырлау – тәуелсіз-діктің алғашқы жылдарында жабайы кенттенудің жетегінде кеткен облыстағы санаулы аудандардың бірі. Соның салдарынан мұндағы жергілікті тұрғындар саны да азайып кеткені мәлім. Бұған не дейсіз?
– Кеншілер қаласы Ақсай бізге өте жақын орналасқан. Мұндағы шетелдік консорциумдардың қызметі шарықтап тұрған кез. Жұмыс іздеп, сол жаққа кеткен шыңғырлаулықтардың саны да біраз болғанына келісуге болады. Аталған қаланың іргесінде ел-жұрт «Шанхай» деп атап кеткен әрі сол уақытта инфрақұрылымдық жүйелер тартыла қоймаған жерден өздеріне баспана тұрғызып алған жерлестеріміз де бар. Дегенмен жағдай тұрақталғаннан кейін олардың көпшілігі туған топырағына қайтадан оралғанын да ескергеніміз жөн.
Екіншіден, аталған кезеңде аудан тұрғындарының саны тек ішкі көші-қон үдерісінің салдарынан азайды деп тұжырымдасақ, біржақтылыққа ұрынған болар едік. Шыңғырлауда кеңестік кезеңде орыс, украин, беларусь тағы да басқа этнос өкілдері көп тұрды. Әр ел өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін олардың көпшілігі өздерінің тарихи отандарына оралды. «Тәуелсіздік тұсында Шыңғырлау ауданының тұрғындары азайып кетті» деген сөзді айтқан кезде бұл аталған факторлар да назарда болуы тиіс.
– Әбеке, 1998 жылдың тамызында біраз айлардан бері жалақыларын ала алмаған ауданға қарасты ауылдардың тұрғындары Алматы мен Ресей астанасы Мәскеуге қатынайтын нөмірі 7-ші және нөмірі 8-ші жолаушылар пойыздарының шпалдарына жатып алып, теміржол көлігін тоқтатуға, ал тоқтамаған жағдайда сол жерде тепловозға басылып мерт болуға әрекет жасағанынан хабарым бар еді. Осындай оспадар іс-әрекеттің аяғы немен тынды?
– Олардың көпшілігі әйелдер еді. Араларында мүгедектерге арналған жәрдемақыны ала алмай жүргендер де бар болатын. Бұрынғы социализм дәуірінде қалыптасқан тәртіп пен нормативтер бойынша жәрдемақылар шаруашылықтардың немесе совхоздар мен колхоздардың есебінен төленетін. Енді мұндай социалистік меншікке негізделген құрылымдар жоқ, бәрі таратылып, жойылып кетті. Сонда не істеу керек? Он ойланып, жүз толғанып, ақыры біз жәрдемақы төлемдерін кеңестік шаруашылықтардың ізін басқан, яғни олардың заңды мұрагерлері мен қабылдаушылары болып табылатын жеке шаруа иелері есебінен өндіруді жөн деп таптық. Солай істелді де.
– Мұныңыз кішкене, қазақшалап айтқанда «томпақтау» болған жоқ па? Өйткені жәрдемақы төлемдерін төлеу олардың құзыретіне кірмейді ғой. Әрі сол кезде бұл бағыттағы заңдық-нормативтік құжаттар да қабылдана қоймағаны белгілі.
– Сол кезде қалыптасқан жағдай мен уақыт бізге осындай оңтайлы шешім қабылдауды талап етсе, міндеттесе не істерсің? Қысқасы, қысылтаяң кезеңде жәрдемақы алуға тілек білдіргендердің бәрі де тиісті төлемақымен қамтылды. Әрине жаңа меншік иелерімен келісілген ортақ ұйғарым пойыздарды тоқтату жөнінде сөз байласқандардың бәріне алдын ала хабарланды. Әрі оның төленетініне кепілдік те берілді. Олар бізге сенім артып, о бастағы райларынан қайтып еді. Мұның өзі де Тәуелсіздікті орнықтыру жолындағы іс-қимылдардың бір көрінісі болып қала береді деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Темір Құсайын