Биыл 30 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Щучинск қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2-7 сынып оқушылары арасындағы ХІХ «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмысы байқауының қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша жарысы басталады. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Республикалық-қорытынды кезеңнің ең үздігі атану үшін еліміздің барлық облыстарынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 366 қатысушы бәсекеге түседі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер I, II, III дәрежелі дипломдармен және грамоталармен марапатталады. Барлық оқушыға қатысушы сертификаттары мен естелік сыйлықтар беріледі.
Конкурстың аудандық кезеңіне 20 071 жобамен 31 340 оқушы қатысып, облыстық-іріктеу кезеңде 6 472 жобамен 7 568 оқушы жарысты. Бірінші орын алған жобалар финалдық кезеңге өтті.