23.01.2026, 9:15
Оқылды: 98

20 күнде – 20 өрт оқиғасы

Биыл қаңтар айы басталғалы (1-20 қаңтар  аралығы) облыста 20 өрт оқиғасы  орын  алды.  Салдарынан екі адам қаза  тауып, жарақат  алғандар  тіркелмеген. Өткен жылдың  дәл осы кезеңімен салыстырғанда өрт саны екі  жағдайға  (2025 жылы – 18  өрт) артып  отыр.  Тіркелген өрт  санының 15-сі тұрғын үй секторына тиесілі.  Бұл  туралы  өңірлік коммуникациялар  қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары  Елдос Батталов баяндады. Сондай-ақ спикер брифингте өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелері мен жылыту  маусымы  туралы кеңірек  әңгімеледі. 

батталов

– Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жергі-лікті атқарушы және мүдделі құрылымдармен бірлесіп, тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу бағытында профилактикалық іс-шараларды жүргізуде. Рейдтік іс-шаралар кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше назар аударылуда. Департамент есебіне 778 отбасы тіркелген. Іс-шара кезінде департамент қызметкерлері мен жергілікті атқарушы құрылым өкілдері аталған отбасылардың тұрғын үйлерін аралады. Нәтижесінде 703 үйге улы газ датчигі орнатылып, қамту деңгейі 90,3%-ды құрады.

Өткен жылыту маусымында 629 отбасы есепке алынып, 2118 тұрғын профилактикалық жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар ТЖД-ның, полиция департаментінің, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ қызметкерлері мен ерікті ұйымдардың қатысуымен кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Жылыту маусымында облыстағы 87 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 239 мың адамға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді. Адам көп жүретін нысандарда дауыс зорайтқыш арқылы 623 хабарлама айтылып, халықты құлақтандыру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік мекемелерге, «112-batys.kz» порталына 4000-нан астам QR-код тақтайшалары орнатылды. QR-кодты сканерлеу арқылы тұрғындар қажетті ақпаратпен таныса алады. Бұдан бөлек, LED-экран және кинотеатрларда өрт тақырыбындағы бейнероликтер көрсетіледі, – деді Елдос Нұрланұлы.

Облыстық білім беру басқармасы мен қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінің мамандары мектеп оқушыларына үгіт-насихат жұмысын жүргізуді жоспарлады. 371 мектептің 321-інде жұмыс жүргізілді.  Білім беру мекемелері ата-аналарға арналған ватсап чаттарда өрт қауіпсіздігі туралы бейнеролик  таратты.

Өрттің алдын алу және улы газбен улану деректерін болдырмау мақсатында облыста хабарламалар, барлық абонентті қамтитын телеарналар мен радиоларда өрттің алдын алуға қатысты үгіт-насихат жүргізілді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде тұрғын үйлердегі өрт саны тұрақтандырылды. Атап айтсақ, 2025-2026 жылдары 88 өрт оқиғасы тіркеліп, үш адам қаза тапты. Жарақат алғандар болмады. Бұл деректі 2024-2025 жылдармен салыстырсақ, өрт саны 30%-ға азайған.

үйде  өрт  қауіпсіздігі ережелерін  қатаң  сақтаңыз!

  • Электр сымдары мен  розеткалардың   жарамдылығын  үнемі  тексеріңіз;
  • Қуатты тұрмыстық техникаларды бір розеткаға қоспаңыз; • Үйден шығарда немесе түнде электр    құралдарын өшіріп, электр желісінен ажыратыңыз;
  • Пеш пен жылыту жабдығын жиі тексеріп тұрыңыз;
  • Газ құрылғысын пайдалану кезінде қауіпсіздікті сақтаңыз;
  • Балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз;
  • Өрт кезінде лифтті  қолданбаңыз;
  • Өртті көрсеңіз, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.

Гүлфия Қолғанатова,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале