Бұл жайлы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов актив жиналысында айтты. Өңір басшысы білім саласын бақылайтын мемлекеттік органның басшысы ретінде С. Бахышеваға Елбасы Жолдауында айтылған ауылдағы және қаладағы мектептердің білім беру сапасындағы айырмашылықты азайту үшін жұмысты неден бастаған дұрыс деген сауал тастады.
- Екі мәселе бар, біріншісі, ауылдық мектептерге педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі. Өйткені шағын жинақталған мектептерге химия пәнінен 6 сағаттық, жағырапиядан 8 сағаттық жүктеме үшін мұғалімдер келмейді. Сондықтан бір мұғалімге ұқсас мамандықтарды беруге мәжбүр. Білім сапасы да осыған байланысты болады. Екіншісі, материалдық-техникалық база, облыста шағын білім ошақтары көп. Сол мектептердің зертханалармен, пәндік кабинеттермен жасақталуы маңызды. Кейбір жерлерде интернеттің жоқтығынан жұмыстар жүрмейді, - деді Светлана Меңдіғалиқызы.
Облыс басшысы биыл 200 мектепке қаражат бөлініп, зертхана жабдықталатынын, соған орай білім беру саласының басшылығына бірінші кезекте қай мектептерге зертхана жасалатынын анықтауды тапсырды.
- Аудан орталықтарында талшықты оптикалық байланыс желісі бар. Өңірдегі 390 мектептің 60 пайызы шағын мектептер болса, олардың барлығы интернетпен қамтылған дей алмаймыз. Ақпарат министрінің айтуынша, 1200-ден астам елді мекен интернетке қосылмақ. Министрден біздің облыстан неше елді мекен интернетке қосылады деп сұрағанымызда, талшықты оптикалық байланыс желісі бар республикалық жол бойынан 20 шақырым жердегі бір мыңға жуық тұрғыны бар елді мекендердің қосылатынын айтты. Сол ауылдарға және ондағы мектептерге интернет барады,- деген Алтай Көлгінов білім беру саласының басшылығына «Қазтелеком» мекемесімен бірге ондай елді мекендерді анықтауды тапсырды.
zhaikpress.kz