Жаңа жылдан бастап Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры спектакльдер ішінен үздігін, актерлардың ең шеберін, журналистердің ең белсендісін анықтайтын "Хадиша әлемі" атты театр ішілік фестиваль ұйымдастырып, көрермендерді тың қойылымдармен қуантпақ.
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
-Биыл театр үшін табысты болды. Шығармашылық ұжым еңбегінің нәтижесінде төрт жаңа қойылым сахналанды. Атап айтқанда, "Аялап өтем..." музыкалы-поэтикалық фэнтези (авторлары Н.Сәдір, НЖұбатова, режиссер Н. Жұбатова, суретшісі - М.Мамбетов), Ш.Айтматовтың "Арманым-Әселім" лирикалық драмасы (режиссер Т.Теменов, суретшісі-М.Мамбетов), "Аңыз болған абысындар" лиро-драмасы (авторы Д.Мұштанова, режиссер Н.Жұбатова, суретшісі - М.Мамбетов), "Жусан" психологиялық драмасы, (авторы "Серпер" Жастар сыйлығының лауреаты, ақын М.Ғилымхан, режиссері С.Әбуов, суретшісі - М.Мамбетов). Төрт қойылымның да көтерген тақырыптары қоғам талабына, бүгінгі өмір тынысына сәйкес, өзіндік орны, қосар үлесі бар дүниелер. Өз бағасын алды. Сонымен қатар көрермен қалауын зерттеп, зерделей отырып, бұрынғы репертуардағы спектакльдер де қойылды. Әсіресе, шалғайдағы көрермендерді театр қызметімен қамту, мәдени-рухани күш беру, театрды насихаттау жұмыстары қоса атқарылды.
Мысалы, гастрольдік сапарлармен Жәнібек, Жаңақала аудандарына "Қысқа ғұмыр" мұңды комедиясын (автор Ф.Буляков, режиссер С.Абуов), Ақжайық, Сырым аудандарына және көршілес Атырау облысының Индер ауданына "Сенімді дос" ертегісін (авторы Н.Мұсаева), "Мезгілсіз келген махаббат" (Б.Ұзақов) мұңды драмасын қойып қайтты. Бөрлі, Теректі, Тасқала аудандары да театр қызметімен қамтылып, "Ауылдың иті Ақбай" (Т.Минуллин), "Он төрт" (М.Балмолда) қойылымдарын ауыл-аймақтағы көрерменге жол тартты. Театр жыл ішінде мәртебелі сайыстарға да қатысып, жүлдемен оралды. Мысалы, Қырғыз елінің Ош қаласында өткен "ART-ORDO” театр фестиваліне, Жезқазғанда өткен Жанат Хаджиев атындағы ІІІ халықаралық театрлар фестиваліне қатысып, жүлдемен оралды, - деді аталмыш театрдың директоры, Қазақстан театрлар ассоциациясының атқарушы директоры, "Серпер" Жастар Сыйлығының иегері Салтанат Абулғазиева.
Гүлсезім Бияшева
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер