2021 жылдың қорытындысы бойынша 17 540 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 87,8 мың этникалық қазақ оралды.
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
2021 жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (76,2%) Өзбекстаннан, 9,7% – ҚХР-дан, 6% – Түрікменстаннан, 2,6% – Моңғолиядан және 5,7% – басқа елдерден келген.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28,5%), Маңғыстау (19%), Түркістан (13%) және Жамбыл (7,8%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,5%) қаласына қоныстанды.
Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 28%-ды және зейнеткерлер 16,8%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,1%-ының жоғары білімі, 40,1%-ының орта кәсіби білімі, 45,6%-ының жалпы орта білімі бар және 3,1%-ының білімі жоқ.