30.12.2022, 17:30
Оқылды: 50

2023 жылы 56 елдімекенге табиғи газ жеткізіледі – министр

Биыл 107 елдімекен көгілдір отынмен қамтылды, алдағы жылы тағы 56 елдімекенге газ жеткізу жоспары бар. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

6

«Биыл жыл қорытындысы бойынша халық тұтынатын көгілдір отын жеткізу көрсеткіші 59%-ға жетті. 2022 жылы 96,1 млрд теңгеге 142 газ жобасы іске асырылды. Бұл 284,8 мың адамды немесе 107 елдімекенді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік берді. Келесі жылы газға қол жеткізетін халықтың үлесін 59,9%-ға жеткіземіз. 2023 жылы жоспар бойынша 73,9 млрд теңге сомаға 86 жобаны іске асыру міндеті тұр. Бұл 166,6 мың адамды немесе 56 елдімекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Болат Ақшолақов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Министрдің мәлімдеуінше, биыл газ тасымалдау жүйесінің одан әрі дамуын айқындайтын 2015-2030 жылдарға арналған бас схема қайта пысықталды.

«Биылғы жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру көлемі – 51,7 млрд текше метр. Газ өндірісінің төмендеуі мұнай өндіру деңгейінің төмендеуімен байланысты. Алдағы жылға арналған газ өндіру жоспары 53,5 млрд текше метр деп белгіленіп отыр», - дейді ол.

Сондай-ақ, ведомство басшысы алдағы жылы «Сұйытылған мұнай газының айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша» заң қабылданатынын айтты. Айтуынша, жаңа заң сұйытылған газ айналымының ашықтығы мен әділ баға белгілеуді қамтамасыз етеді.

Фото: onenergyconsulting.it

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале