Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, келер жылы сайлау қанатқақты режімде, ал 2025 жылдан бастап жаппай өткізіле бастайды, деп жазады ҚР Ұлттық экономика министрлігі сайтында.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі сайтынан
Қанатқақты режімде алдымен облыс мәслихаттары облыс әкімінің ұсынысы бойынша аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың (облыстың әкімшілік орталығын қоспағанда) тізбесін және сайлау өтетін күнді бекітулері қажет.
Кандидаттарды ауыл әкімдерін сайлау үдерісіндегідей, яғни тіркелген саяси партиялар және жоғары тұрған әкім ұсына алады. Егер ұсыну мерзімі аяқталған кезде бір ғана кандидат болса, оған балама ретінде облыс әкімі екінші кандидатты ұсына алады. Ал кандидаттар мүлдем болмаса, онда облыс әкімі екі кандидатураны ұсынады.
Өзін-өзі ұсынған кандидат сайлауға қатысуы үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұратын сайлаушылардың кемінде бір пайыз қолын жинауы керек. Кандидаттар заңда белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарналарын енгізуге тиіс. Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат әкім болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарналар кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайларда сайлау жарнасы кандидатқа қайтарылмайды.
Сондай-ақ тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырады. Егер мәліметтер бұрыс не анық болмаса, аумақтық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеуден бас тартуға құқылы.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлау науқанын өткізудің жалпы кезеңі шамамен 60 күн, оның ішінде сайлау қорытындыларын шығаруға және нәтижелерді белгілеуге бөлінген күндерді есептемегенде 50 күнді құрайды.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы және 25 жастан төмен болмауы, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Кандидат еңбек өтілі бойынша талаптардың 11 нұсқасының бәріне де сәйкес келуге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті емес. Мысалы, кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орташа жылдық штат саны кемінде елу адам болатын орта кәсіпкерлік субъектілерінің не коммерциялық емес ұйымдардың басшы лауазымдарында кемінде екі жыл жұмыс өтілі немесе Президенттік жастар кадрлық резервіне алынған адамдар үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі және тағы басқалар болуы мүмкін.
Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бір адам қатарынан екі реттен артық аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі болып сайлана алмайды. Сонымен қатар аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихаттарына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарау жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Бұл жағдайда мәслихат депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметтен босату туралы мәселе қоюға құқылы.
Осылайша, заңдар саяси бәсекелестікті дамытуға және елдің саяси өміріндегі азаматтық қоғамның рөлін арттыруға бағытталған. Жалпы, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау – азаматтардың конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге, әкімнің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына ден қою жеделдігін арттыруға, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.
Алдағы сайлау Қазақстанның сайлау жүйесін дамытудың маңызды кезеңі, ауқымды өңірлік сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізудің жаңа практикалық тәжірибесін жинақтау үшін негіз болмақ. Сайлау – қазіргі қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік-жігерін білдіру, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысандарының бірі. Көптеген шетелдің тәжірибесі көрсеткендей, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы (әкім) өз сайлаушылары алдында үлкен жауапкершілікті сезінеді, бұл оның жұмысының нәтижесіне оң әсер етеді. Бүгінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері мәслихаттың келісімімен облыс әкімі тағайындайтын саяси қызметшілер болып саналады. Жалпы, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын енгізуге 2021 жылы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу ықпал етті.
Еске салсақ, Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының азаматтарға аудан әкімдерін қанатқақты режімде сайлауға мүмкіндік беру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыс аудандары мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеген болатын. Бұл нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңында және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қарастырылған. Осы жылдың 5 қарашасында аталған заңдарға Президент қол қойды.