Жыл басынан бері АӨК саласына 51 млрд теңгеге жуық көлемде қолдау көрсетілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 6,4%-ға артып, 281 млрд теңгеге жетті.

2025-2027 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 68 млрд теңгені құрайтын 54 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 870 жұмыс орынын құру жоспарланған. Ал биылдың өзінде жалпы құны 15,4 млрд теңге болатын 18 жоба іске асырылуда. Олар: 1,5 мың га суармалы жерлерді айналымға енгізу бойынша 5 жоба, 4,8 мың тонналық 2 тауарлы сүт фермасы және 3000 басқа арналған бордақылау алаңы.
«Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда соңғы 3 жылда республикалық бюджеттен арнайы бағдарлама аясында 21 млрд теңге қаражат бөлініп 12 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде 5 сүт-тауарлы ферма, 2 көкөніс сақтау қоймасы, 2 бордақылау алаңы, 2 сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарын құру бойынша жобалар бар. Бұл жобалар өңірдің сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейін 22,3%-дан 39%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.