Ведомство өкілінің хабарлауынша, 2022 жылдың басынан бастап мемлекеттік ынталандырудың тағы бір жаңа тетігі – өнеркәсіптік грант енгізілді. Аталған шара 50%-ға дейін қоса қаржыландыру шартымен кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын технологиялық жетілдіруге бағытталған. Өнеркәсіптік грант беру кәсіпорындардың экспорт көлемін 10%-ға арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Сонымен бірге бүгінгі таңда ірі компаниялар қызметкерлерінің жалақысын салалық орташа деңгейге көтеру бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері тау-кен металлургия кешені қызметкерлерінің жалақысы 23%-ға, химия өнеркәсібі мен құрылыс саласында — 15%-ға, машина жасау саласында — 16%-ға және жеңіл өнеркәсіпте —18%-ға артты, - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасатын болады.