Биыл елімізде қабылданған маңызды реформалар күшіне енді. Олар негізінен халықтың әл-ауқатын көтеріп, табысын еселеуге, экономиканы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Елдің дамуының жаңа бағыт-бағдарын айқындайтын Салық кодексінің жаңартылуы, әлеуметтік төлемдердің артуы, цифрлық технологиялардың кеңеюі және өзге де өзгерістер күнделікті тірлігімізге әсерін тигізетіні сөзсіз. Енді сол өзгерістер мен жаңалықтарға шолу жасайық.

Жаңа Салық кодексі
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Бұл жүйедегі өзгерістер бюджетті тұрақтандыруды, қағазбастылықты азайтуды көздейді. Алайда оның әсері әрқайсысымызға білінуі мүмкін. Қосымша құн салығының 12%-дан 16%-ға өсуі – нарықтағы бағаға өз салқынын тигізері хақ. Шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін салық шамасы түрліше болады. ҚР Ұлттық экономика вице-минстрі Ерлан Сағынаев өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жаңа жеңілдікті режім – 4% мөлшеріндегі бірыңғай минималды төлем қарастырылғанын айтты. Осы санаттағы азаматтар үшін жеке табыс салығы толықтай нөлге теңестірілді. Бірыңғай төлемнің құрамына міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және МӘМС жарналары кіреді. Салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарады. Яғни есеп беру азаяды. Сонымен қатар салық төлеушінің келісімімен декларацияларды аутоматты түрде толтыру мүмкіндігі енгізілді. Жоспарлы тексерулер жойылып, биылдан бастап тексерулер тек тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде ғана жүргізілмек. Салық құрылымдары банк карталарына түсетін қаражаттың тұрақтылығы мен заңды көзін мұқият сүзгіден өткізеді. Сондықтан картаңызда жеке мақсатта – жалақы, дивидендтер және туыстардан түсетін қаражат заңды болуы тиіс. Сондай-ақ бұл ереже шағын бизнеске де, қарапайым азаматтарға да ортақ.
Сарапшылар қосылған құн салығының 16%-ға дейін өсуі нарықтағы бағаға салқынын тигізетінін айтады. Алайда осы реформаны іске қосу арқылы мемлекетке тұрақты кіріс кіреді, соның арқасында әлеуметтік бағдарламалар қаржыландырылады. Ең бастысы, деніміз сау, еліміз аман болсын. Атам қазақ айтпақшы, өзгесі «Көппен көрген – ұлы той» болмақ.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесі жаңартылуда
2026 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Жалпы түзетулер әлеуметтік сақтандыру жүйесін заманға сай жаңартуға, төлемдердің әділетті тағайындалуына және азаматтардың еңбек нарығындағы тұрақтылығын арттыруға сеп болады. Төлемдерді тағайындау жүйесі жеңілдеп, құжат тапсыру рәсімі біртіндеп цифрландырылады. Осының барлығы әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды қорғауға, денсаулығына байланысты немесе табысынан айырылған, түрлі қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдауды күшейту мақсатында жасалады.
Биыл елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізу басты жаңалық болды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, мұндай бастама әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға көмектеседі әрі бірыңғай пакет медициналық қызмет көрсету жүйесін айқын, қолжетімді етеді. Сонымен қоса қызметтердің қайталануын болдырмайды.
Енді жұмыссыз қазақстандықтар үшін жарна жергілікті бюджет есебінен төленеді. Ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген, зейнетақы жарналарын 3 айдан астам уақыт төлемеген, әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедектігі бар адамдар үшін және оларға күтім жасайтын ата-аналарға жергілікті бюджет есебінен ай сайын медициналық сақтандыру бойынша қаражат бағытталады. Одан басқа жұмысынан заңды түрде шығып қалған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы төленеді. Бұл тек 24 ай ішінде кемінде 6 ай әлеуметтік аударымдар жасалған азаматтарға ғана қолжетімді.
Несие алу қиындайды
Қаржы нарығын реттеу агенттігі несие тарихына және азаматтардың борыш жүктемесіне талапты күшейтті. Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, 2026 жылдан бастап банктер табысы төмен немесе бұрынғы несиесін жа-ппаған азаматтарға тұтынушылық несие беруді шектеуі мүмкін. Биометриялық тексеріс (Face ID) барлық онлайн-қарыз алу үрдісінде міндетті болады. Сонымен қатар көлік жүргізушілерге де талап күшейеді. Экологиялық талаптардың қатаңдануына байланысты ірі қалаларда газдан бөлінетін улы заттарды тексеру қолға алынады. Одан басқа, «орташа жылдамдықты» өлшейтін камералар заңдастырылып, күрежолдардағы бақылау артады деп күтілуде.
Сөзімізді қорыта айтар болсақ, 2026 жылы мемлекет халықтың табысын сақтай отырып, оның тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шаралар қабылдады. Мемлекет басшысы да өзінің соңғы Жолдауында салық пен әлеуметтік саясатты өзгерту мемлекет міндеттерін орындау үшін ғана емес, азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін жасалатынын айтқан еді.
Дайындаған Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»