Жіті тапшылық байқалатын терапиялық бағыттар бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда облыстық ауруханаларды ауқымды жаңғырту басталды. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 11 өңірде 22 бейінді бөлімше ашылып, онда шамамен 400 пациент ем қабылдады.

Министрлік пен өңірлік денсаулық сақтау басқармалары бірлесіп бастаған жаңғыртудың негізгі мақсаты – төсек қорын сұранысқа ие бейіндерге қайта бейімдеу арқылы өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
Бүгінде республика бойынша 36 көпбейінді облыстық аурухана (ересектер мен балаларға арналған) жұмыс істейді, олардың базасында бейінді терапиялық бөлімшелер ашу көзделген.
2026–2027 жылдары еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен 49 бөлімше ашылып, 2700 төсек-орын орналастырылады, оның ішінде 302-сі балаларға арналған. Бұл кардиология, гастроэнтерология, пульмонология, эндокринология, ревматология, нефрология, гематология, оториноларингология, офтальмология, аллергология және басқа да сұранысқа ие бағыттарды қамтиды.
2026 жылы 800-ден астам төсек ашу жоспарланған. Бірінші тоқсанның өзінде 11 өңірде 361 төсек-орынға арналған 22 бейінді бөлімше іске қосылды.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар негізгі бағыттар бойынша тарифтер арттырылды (гастроэнтерология, нефрология, абдоминалдық хирургия, жұқпалы аурулар, кардиология, неврология, пульмонология, эндокринология).
Күрделі терапиялық жағдайларда медициналық көмек көрсету үшін 27 құзырет орталығы ашылды.
17 симуляциялық орталық іске қосылуда, онда орта буын медицина қызметкерлері мен дәрігерлерді тұрақты негізде оқыту және біліктілігін арттыру жүргізіледі.
Жаңа форматтағы 19 телемедицина орталығының жұмысы облыстық ауруханаларға ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарына практикалық және консультативтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кадрлық әлеуетті дамыту бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, резидентура бағдарламалары, сертификаттау курстары, ПІБ модульдік бағдарламалары арқылы біліктілікті арттыру және жас дәрігерлерді тарту жүзеге асырылуда.
Жыл басынан бері Президент Іс басқармасы ауруханасының базасында (денсаулық сақтау менеджменті, госпитальдық фармация, ауруханаішілік инфекциялар және т.б.) модульдік бағдарламалар бойынша 80-нен астам маман оқытылды.
Жобаны іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, оның ішінде ауыл халқы үшін, мүгедектік пен өлім деңгейін төмендетуге, сондай-ақ қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға ықпал етеді.