17.03.2022, 9:20
Оқылды: 81

«2030 жылға жетсем» - деуші еді...

Сыртынан-ақ айбын көріп, пана тұтып жүретін Жәкеңнің, Жайлыбай ағамыздың да бұл дүниеден көшкеніне 40 күн болып қалыпты-ау…

InShot_20220316_235759995

Дүние жүзін дүрліктірген індет жұмыста жүрген Жәкеңе аяқ астынан жабысты. Ақыры, құтқармады. Ақпанның бірінде сөйлескенде тым-тәуір еді. Хабарласқанымызға қатты қуанып, әжептәуір әңгімелестік. Телефонның арғы жағынан жиі тыныс алып, ентігіңкіреп тұрғанымен, жаман ой қаперімізге кірген жоқ.  Кейін науқасы күрт күш ала бастапты. 4 ақпан күні телефоннан үзік-үзік даусын ғана естідік. Қос өкпеден қысқан сырқаты ауа жеткізбей, жанын қинап жатыр-ау деп ойлағанда, арқамыз мұздап қоя берді. Дастарқан басында жарқылдап отырғанда, әзілдеп: «Мен 2030 жылға жетсем деп армандаймын, ал сендер менен әрі, 2050 жылдан асып, жасай беріңіздер» деуші еді ылғи. Осы арманын айтқанына да, жиырма жылдан кәміл асқан еді. Сексеннің төртеуіндегі жасына қарамастан ширақ жүріс-тұрысы мен қарттыққа жеңдіре қоймаған мығым денесіне қарап, біз ағамыздың арманына жететіндігіне кәдімгідей сенетінбіз. Өйткені денсаулығы мықты еді. Сырқаттанып қалғанға дейін жеңіл көлігінің тізгінін босатпай, жүйткітіп бара жататын. Бірақ мынау тәжді тажал қапыда соқты...

Жайлыбай Келдібайұлы Адаев прокуратура, ішкі істер құрылымдарында ұзақ жыл тер төккен, еңбегі сіңген  азамат еді. Соңғы жылдарда облыстық ішкі істер құрылымдары мен ұлттық гвардия ардагерлер ұйымының төрағасы болып істеді. Осы жұмысын өмірінің соңғы айларына дейін адал атқарды дейді жұмыстастары, әріптес інілері, шәкірттері. Сол інілері Жәкеңді соңғы сапарына, қазаға көрсетілетін барлық қызметті бастан-аяқ атқарып шығарып салғанын айта кеткен жөн.

Жайлыбай Келдібайұлы Адаев саналы ғұмырын соның ішінде 47 жылын құқық, прокуратура саласына арнаған еді. Жәкең әкесінен  бес жасында  айырылады, ал анасы да көп ұзамай қайтыс болады. Алдындағы қос ағасы Нұрлыбай мен Жаулыбай да ол кезде жас болатын. Сондықтан үшеуі де қиындық пен ауыртпалықты көрудей көрген. «Орта мектепті жетімдер үйі деуге келіңкірейтін, өзім сияқты жағдайы қиын, жетім балаларға арналған мектеп интернатынан бітірдім» – дейтін. Жақсы оқуға жанын салған. Мектептің қоғамдық жұмысының қайнаған ортасында жүреді. Жанары өткір, қатарластарынан пысық, оқуы да озық өрен 8-10-сынып аралығында мектептің комсомол ұйымының жетекшісі болады. Сол мектебін бітірген бойда Оралдағы жөндеу зауытында, әуелі пеш жағушы, сосын темір жонушы болып жұмыс істеген. Қиыр Шығыстың қақаған аязына екі жылын, Тәжікстанның аптабына бір жылын беріп, 1957-1960 жылдар аралығында әскер қатарында азаматтық борышын өтеген. Сөйтіп, есейіп, шыңдалып барып, Саратовтың заң институтына оқуға түседі. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолы 1964 жылы ақпан айында Орал қалалық прокуратурасында тергеуші болудан басталған. Көп ұзамай аға тергеушілікке ауыстырылады да, осы қызметтерге үш жылын арнапты. Жұмысын ұршықтай үйірген жас тергеушіні одан әрі облыстық прокуратураға ауыстырады. Аға тергеуші, прокурор-криминалист болып, талай ауыр қылмыстарды ашуға қатысты. Облыстық прокуратураның тергеу бөлімін төрт жыл басқарды. Көп ұзамай Орал қаласының прокурорлығына тағайындалады.

Сегіз жыл қала прокуроры болып істегеннен кейін Орал облыстық партия комитеті әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болды. Бұл дегеніңіз сол уақыттағы өлшеммен алғанда үлкен лауазым. Күштік құрылымдардың, атап айтқанда, облыстағы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, сот, прокуратура, милиция құрылымдарының жұмысына жетекшілік етіп, партиялық тұрғыдан басшылық жасайды. Көп ұзамай, облыстық партия комитеті Жайлыбай Келдібайұлын ішкі істер құрылымдарының жұмысын нығайту мақсатында оны облыстық ішкі істер басқармасы бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасарлығына жұмсайды.

Осы қызметте ол сегіз жылдан астам еңбек етіп, 1992 жылы полковник шенінде доғарысқа шыққан еді. Шкафтағы қос жұлдызды прокурор мундирінің қасына полковниктің үш жұлдызы жарқыраған кителін әспеттеп іліп, «енді демалайын» дегенінде облыстық прокуратура қайтадан, қоярда қоймай, қызметке шақырды. Тергеу бөлімінің прокуроры болып, тағы да үш жыл жұмыс істеуге тура келді. Содан соң алты жыл адвокат болғаны тағы бар. Ол ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін КСРО мен ҚКСР-ның мемлекеттік марапаттарына талай рет ие болды. Облыстық, қалалық партия комитеттерінің мүшелігіне, кеңестерінің депутаттығына бірнеше мәрте сайланды. Сол 47 жылдың ішінде Жәкеңнің қарамағында талай қызметкер тәрбиеленіп, құқық қорғау саласында үлкен лауазымдарға ие болғаны өз алдына бір әңгіме.

Соңғы екі жылда жаһанды жайлаған жаман індеттің кесірінен Жәкеңе баруымызды сиреткенбіз. «Ғайыптан тайып, ауыртып алармыз» деп сақтандық. Ағамыз ылғи шақырады, біз түрлі сылтау айтамыз. Сөйтіп жүргенде бармағымызды тістеп қалдық. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жайлыбай Келдібайұлы «Құрмет» орденімен марапатталып, оны табыстау үшін Астанаға шақырылған еді. Бірақ сырқаттанып қалуына байланысты бара алмады. «Тәуір болғасын барамын» деп жүретін. Алайда тағдыр жазбады. Отағасының  биік марапаты жеңгеміз Жамалға табысталды.

Жайлыбай Келдібайұлы Жамал жеңгемізбен ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары Марат азаматтық авиация ұшқышы болып, үлкенді-кішілі талай ұшақты тізгіндеді, қазақ елі әуе байланысын орнатқан талай елге, шетелдік мемлекеттерге ұшты. Зейнетке «ас­пандағы сағаттарының» арқасында әкесінен әлдеқайда бұрын шықты. «Молодой пенсионер» – деп баласын қағытып отыратын марқұм ағамыз. Қыздары Ләззат Самарадағы университетті құқықтану мамандығы бойынша тәмамдап, әке жолын қуды.

Бүгінде Ақтөбе жақта тұрмыста. Жайлыбай ағамыз немере-жиен сүйген қариялық ғұмырдың қызығын қимай, «2030-ға жетсем!» – деп отыратын. Әттең, жете алмады...

Бес күндік бұлағай дәуренде адамның дегені бола берген бе?..

Інілері Мұрат Тұйғынбетов,

Есенжол Қыстаубаев 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале