28.05.2021, 10:58
Оқылды: 144

25 оқушы бизнес-жоба қорғады

БҚО кәсіпкерлер палатасында 10-сынып оқушылары арасында «Мен – болашақ кәсіпкермін» атты облыстық бизнес-жоба байқауы өтті. Онда аудандық және қалалық кезеңдерде жеңіп шыққан 25 үміткер бақ сынады. Қатысушылардың үшеуі  - офлайн, өзгелері  онлайн режимінде қатысты. Байқау облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кеңесінің бастамасымен облыстық білім беру басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.  

F1FF13E3-7A66-449F-B292-8F2290CE98B7 

Өңірде мамыр айында бастау алған алғашқы байқауға ұсынылған жобалардың бағыттары сан алуан. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы саласынан, компьютерлік орталық ашу, үйде жұмыс істеу, кондитерлік өнімдер, онлайн сауда, қаз өсіру және басқа да бағыттардағы жобалар ұсынылды.

85C93844-A714-49C5-A115-F95500697FA4

Байқау жиынын ашқан облыстық әйелдері кеңесінің мүшесі Әзима Ғұбашева байқаудың ашылуымен қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі. «Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – балалардың кәсіпкерлік ойлау жүйесі мен өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру, қазіргі заманғы талаптарына сай болашақта дербес әрекеттерге қажетті дағдылардың тәжірибелік базасын қалыптастыру. Сонымен қатар болашақ кәсіпкерлердің жаңа бизнес-жобаларының табысты бастауына ықпал етпекпіз. Жобаларды ұйымдастыру комитеті және әділ қазылар алқасының құрамы таразылайды», - деді Әзима Зинатқызы.

49FDF954-69FB-48CD-B21C-986725C7B6A6

Қазылар алқасының құрамына білім беру, кәсіпкерлік салаларының өкілдері, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, ішкі саясат басқармасының  мамандары енген. Солардың бірі облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов жас буынды мектеп қабырғасынан кәсіпкерлік саласына   бағыттау жұмыстарының қолға алынғанын, байқауда жобаның өзектілігі мен жаңашылдығына, әлеуметтік маңыздылығына, жоба қорғаушының кәсіпкерлік дағдыларының деңгейіне қарай бағаланатынын айтты.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық беріледі. Сол себепті «Кәсіпкерлік негіздері» атты пән мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі барлық білім беру сатысында оқытылуы керек», - деген болатын. Соған орай 2019 жылдан бері қарай 10-11 сыныптарға таңдау пәні ретінде  «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілді. Бір жағынан бұл байқау сол пәнге балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілуде.  Оқушылардың кәсіпкерлік құзыреттілігін арттырып,   олардың кәсіпке құштарлығын одан әрі дамытуды, дарындыларды анықтауды көздейміз, - деді қазылар алқасының мүшесі облыстық білім беру басқармасы жанындағы білім беруді дамыту орталығының әдіскері Толқын Өтеғұлина.

Бизнес-жобасын таныстыруға шыққан қаладағы №37 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Мұхамбетова жұлдызды карталарды жасау арқылы өзінің интернет-дүкенін  «STARCHART» (жұлдыз-кескін мағынасын береді) деген атаумен ашқанын баян етті.. Үміткер оны ашуға 2 ай уақыт жұмсаған. Қаршадай қыз бала өнімді сатып, табыс табуды ғана мақсат тұтпайды. Ол өз тұтынушыларына қуаныш, ұмытылмас естеліктер сыйлағысы келеді. «Қарапайым картина сыйлағаннан гөрі фотожақтауы бар креативті жұлдызды картаны тарту етсеңіз, адамға ерекше көңіл күй сыйлайсыз.  Тұтынушыларымның жасы 15-50 жас аралығында. Адамдар өз қалауына қарай дизайын таңдап, тапсырыс бере алады. Туған күндерге, мерекелерге және отбасылық қуаныштарға орай жұлдызды картаны сыйға беруге болады. Мысалға, құттықтайтын досыңыздың туған күні мен мекенжайына қарай сол күнгі жұлдыздардың координаталарын есептеп шығарып, суреттің жоғарғы жағына орналастырамын. Ал оның төменгі бөлігіне өз тілегіңізді жазып қалдырасыз,  -  деді Аружан. Балауса кәсіпкер облыс нарығында жұлдызды картаға сұраныстың жоғары екенін айтады. Қазіргідей онлайн сауда қатты дамып жатқан уақытта оның тұрақты сатып алушылар базасы қалыптасып та үлгерген.  Кәсіпкерлік қызметін былтыр қазан айында бастады.  «Айына орташа есеппен 35 мың теңге табамын. Материалдарға, баспа қызметіне және жарнама  шығындарына жұмсалады», - деді ол.

-«Фриланс биржа в Казахстане» атты жобамыз еліміздің дамуына игі әсерін тигізеді деп білеміз. Аталмыш жоба Ресейде жақсы дамыған. Бұл жобамз мамандардың қатарын қалыңдатып, экономиканың дамуына оң ықпал етпек. Бір сөзбен айтқанда, бұл - тек онлайн түріндегі еңбек биржасы. Қазіргі кезде коронавирус пандемиясына байланысты көпшілік үйде отырып, жұмыс істегенді қалайды. Үйде отырғандар біздің жобамыз арқылы өздеріне жұмыс таба алады. Жобамыз тек бағдарлама жасаушыларға ғана емес, копирайтерлерге, дизайнерлерге, құрылысшыларға, заңгерлерге және өзге де мамандық иелеріне онлайн режимінде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.   Клиенттік базамыз енді қалыптасуда. Әзірге 4 заңды тұлғамен байланыс орнады, - деді Орал қаласындағы А.Тайманов атындағы №34 гимназияның оқушысы Әбілқайыр Бисенғалиев. Оның серіктесі, аталмыш жобаның екінші авторы Асылхан Ғиният жобаны жасақтауға 700 мың теңге кеткенін, алайда кеткен шығынның орнын екі жыл ішінде жабуға болатынын әңгімеледі. «Әр тапсырыстан ақы алынады. Жоба қызметіне жүгінушілер қатары өскен сайын, табысымыз молая бермек», - деді Асылхан.

Қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысында І орын  мен планшетті Тасқала ауданының Шежін мектебінің оқушылары Рысбек Халенов пен Алмат Жұмағалиев, ІІ орын мен жады картасын Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы №6 мектеп-лицейдің шәкірті Гаухар Жұмағұлова, ІІІ орын мен құлаққаптарға оралдық жас кәсіпкер-оқушылар  №37 мектептен Аружан Мұхамбетова, Асан Тайманов атындағы мектеп-гимназиясынан Әбілқайыр Бисенғалиев пен Асылхан Ғиният, дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебінің шәкірті Ляйсан Сағитова ие болды. Ал алғысхаттар мен кітаптар Жәнібек ауданынан  Т.Жароков атындағы мектеп оқушысы Гүлайым Шүкірғалиға, Бөрлі ауданының №6 меткеп-лицейінен Зарина Қазбековаға, Шыңғырлау ауданынан Шыңғырлау мектебінен Айбек Өтепбергеновке берілді.

-Байқаудың шарты бойынша бизнес-жоба ұсынған жеңімпаздарды іскер әйелдер кеңесінің мүшелері өздерінің тарапынан қолдау көрсетеді. Олардың өз кәсібін дамыту және нарыққа шығу көкжиегін кеңейту тетіктерін қарастыру бағытында тренингтерге, шеберлік сыныптарына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ жобаларының тақырыптарына сәйкес жас кәсіпкерлердің өндіріс орындарында тәжірибеден өтуге ықпал етеді, - облыстық  іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Әзима Ғұбашева.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале