Синоптиктер 11-13 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Болжамға сәйкес, атмосфералық фронталь бөлімдер әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы болады. 11 сәуірде, 12 сәуірде түнде Қазақстанның оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Елдің солтүстік жартысында Скандинавия аймақтарынан ығысатын солтүстік-батыс антициклоны әсерінен түнде ауа температурасы 5-10 градусқа дейін төмендейді деп күтіліп отыр.
"Ал күндізгі уақытта ауа температурасы біртіндеп көтеріледі, 13 сәуірде термометр бағандары республиканың солтүстік жартысында 10-18 градусқа, ал оңтүстікте-17-30 градусқа жетеді. Республика бойынша тұман түсіп, жел күшейіп, оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл мен найзағай, солтүстік жартысында көктайғақ болады", - делінген хабарламада.