Құрметті оқырман!
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, міне, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығын да алдағы жылы барынша кең көлемде атап өткелі отырмыз. 100 жылдықты мазмұнды қарсы алумен қатар газеттеріміздің заман көшінің алдында болып, ақпарат тарату, насихат жүргізу, ұлттық рухты көтеріп тәрбие беру бағытындағы қызметтерін заманауи технологияларды пайдалана отырып жандандырмақпыз. Облысымызды басқарғанына алты ай болып қалған Алтай Көлгінов мемлекеттік ақпараттық саясатпен қатар баспасөзге өңірдегі өзекті мәселелерді қозғап, халықтың көкейіндегі проблемаларды шешуге атсалысуды тапсырған болатын. Осыған орай Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, облыстық басылымдардың 100 жылдығы қарсаңында бүгіннен бастап қолға алынып отырған басты жұмыстарды әңгіме етпекшіміз.
Ең алдымен облыстық газеттердің логотиптері жаңартылып отыр. Көлемі жағынан бұрынғыға қарағанда, кішірейтіп, соның есебінен екі жанынан және үстінен ақпараттар салуға мүмкіндік жасадық. 1911 жылы шыққан «Қазақстан» және одан кейін 1917 жылы жарық көрген «Ұран» газетінің логотиптері де осындай ықшам болған екен. Қазіргі ғаламтор саласы қарыштап дамып, жаһандану жеделдеген заманда басылымның атауы, мақалалардың орналастырылуы, безендірілуі жаңаша болуын талап етеді. Сол бағытта бар білім-білігімізді салып, қал-қадеріміз жеткенше жұмыстанбақшымыз.
Екіншіден, қос газет тәуелсіздіктің 25 жылдығына және өздерінің мерейтойларына байланысты жаңа айдарлар ашып, соның аясында тың мазмұндағы материалдар ұйымдастырады. Мысалы, бұрыннан бар «Айналайын», «Алтын бесік», «Ардагер», «Иман», «Үзіліс», «Ине-жіп», «Бағбан», «Балға-шеге», «Гүлдәурен» сынды беттерге қоса «Хат жолға шақырады» айдарымен журналистер арнайы іссапарға шығып, соның қорытындысы бойынша сараптап, мақала береді. Газеттердің шежіресі мен тарихына орай «Қазақстаннан Қазақстанға», «100 жылдыққа –100 тұлға» айдарымен материалдар беріледі. «Тәуелсіздік толқынында», «Ғасыр жаңғырығы», «Оқырман олжасы», «Мыңнан бір сәт» пен «Фотоайғақ», «100 жыл және бір сәт», «Менің газетім» секілді айдарлар да оқырманды тартары анық. Облыстық «Приуралье» газетінде де «Достояние Независимости», «Ұлы Дала елі», «Мәңгілік ел», «Ровесники Независимости», «Летопись Независимости», «Летопись Приуралья газетной строкой», «Вспомним всех поименно», «100 лет газеты в цифрах и фактах», «О них писала газета «Приуралье», «Приуралье» в моей судьбе» және басқа айдарлар көрініс таппақ.
Үшіншіден, газеттердегі материалдарды жаңа технологиялар арқылы тарату жобасы қарастырылады. Бұл үшін басылымдардың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту жұмысы қолға алынады. Әсіресе, газет материалдарын заман талабына сәйкес оқырмандар назарына тезірек жеткізу айрықша назарда болады. Осы мақсатта газеттердің әлеуметтік желілердегі парақшаларын дамыту, жазылған мақала, ақпарат, жаңалықтардың сол бойда газет сайттарында жарияланып, барынша жедел тарауын ұйымдастыру жұмыстары жасалады.
Қазіргідей ғаламторға көбірек назар аударылған заманда сайттар мен әлеуметтік желілерді де тиімді пайдаланбасқа болмайды. Бұл ретте әлеуметтік желідегі белсенділермен бас қосып, олардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, тиісті шаралар алынады. Сайттарымыздың жұмысын жетілдіріп, танымалдылығын арттыру бағытындағы істеріміз жалғасады. Жүйрік ақпараттарға қоса бейнежаңалықтарды, олардың аудионұсқаларын беріп отыру қолға алынады. Өйткені кей адамдар хабар, мақалаларды оқуды қиынсынуы мүмкін, сондықтан оларға көріп, тыңдауға мүмкіндік жасалады. «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің сайттарында мерейтойлық материалдарды орналастыру үшін «Бізге – 100 жыл» арнайы бөлімі ашылады. Арнайы бөлімдегі материалдар үш бөлік-ке топталып орналастырылады: 1) - газет тарихы; 2) - газет қызметкерлері; 3) - мерейтойлық материалдар. Оған қоса zhaikpress.kz сайтынан қос газеттің сайтына шыққан мерейтойлық материалдар көрінетін бөлім, ал әлеуметтік желіде «Жайық Пресс» парақшаларынан бөлек газеттің 100 жылдығына қатысты арнайы парақша ашылады. Сайтқа шыққан материалдар сол парақшаға да орналастырылатын болады. Себебі жаңалықтар парақшасына орналастырылған тарихи материалдарды кейін әлеуметтік желіден табу қиындыққа түседі. Ал бұл парақша әлеуметтік желідегі архивіміз әрі тек мерейтойдан хабар беретін (тарихи материалдар, дайындық, мерейтойдың өту барысы) арнайы парақша болып қалады. Әлеуметтік желілерде газеттер тарихына қатысты интеллектуалдық ойындар ұйымдастыру ісі де қолға алынады.
Тұрғындармен тікелей байланысты жақсарту мақсатында арнайы WhatsApp нөмірі (8-707-808-48-55) іске қосылды. Осы нөмірге кез келген оқырман хабарлама жіберіп, газетке немесе сайтқа өз тақырыбын ұсына алады. Сонымен қатар шешілмей келе жатқан өзекті мәселелерді немесе оқыс оқиғаларды хабарлап, сол бойынша журналистерді іссапармен келіп, зерттеу жүргізуге шақыра алады. Бұл хаттан гөрі жедел байланыс түрі болғандықтан, шараның да неғұрлым тез алынуына септігін тигізеді.
Төртіншіден, Батыс Қазақстан облысынан шыққан тарихи тұлғаларды кеңінен таныстыру жұмыстары жалғасады. Осы мақсатта газет беттері мен сайттарда арнайы материалдар сериясы жарық көрмекші. Бұл ретте Алашорданың 100 жылдығына байланысты Алаш қайраткерлерінің өмірі мен елге жасаған қызметі ерекше назарда болып, көпшілікке жария етілмекші. Соның ішінде тұстастары «Абайдан кейінгі ақын...» деп бағалаған ұлы тұлға, ағартушы, ойшыл, «Қазақстан» мен «Ұран» газеттерін ұйымдастырушылардың бірі Ғұмар Қараштың екі томдық шығармалар жинағы 100 жылдыққа айрықша тарту болмақшы. Мұнда Ғ. Қараштың өлеңдері, әдеби шығармалары, мақалалары, көсемсөздері, пәлсапалық ой-тұжырымдары, жинақтаған ауыз әдебиеті туындылары енгізіледі. Ғұмар Қараштың туындылары бұрын-соңды бұлайша толық көлемде жарық көрген емес. Ендеше, бұл қазақ әдебиеті мен тіл ғылымына қосылған елеулі үлес болмақ.
Бесіншіден, соңғы жылдары қос газеттің тарихын зерттеу бағытында көптеген жұмыстар қолға алынып, бірнеше жинақ жарық көргені белгілі. Кейінгі кезде табылған тың деректер бұл кітаптарды жаңарту қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан «Жайық Пресс» ЖШС жанынан құрылған баспасөз тарихын зерттеу орталығы Ғұмар Қараштың кітабына қоса «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай деректі-жылнамалық жинақ әзірлеуге кірісті. Жинақта облыстық газеттердің тарихы, кезеңдері, атаулары, негізгі тұлғалары, айтулы оқиғалар туралы деректер, құжат көшірмелері, көне фотосуреттер қамтылады. Кестелер, тізімдер беріледі. Болжалды көлемі 300-350 бет. Сонымен қатар 1919-1920 жылдары Орынбор қаласында шыққан «Ұшқын» газетінің тарихын зерттеп, жинақ дайындау, «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратында Баспасөз тарихы музейін ұйымдастыру көзделуде. 2017 жылы облыстық газеттердің 100 жылдығына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, оған елге белгілі баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдарды қатыстыра отырып, соның қорытындысы ретінде жинақ шығарсақ, бұл да бір кейінгі ұрпаққа естелік болып қалар еді.
Алтыншыдан, қос газеттің мерейтойына арналған шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізудің маңызы зор. Бұл үшін газет беделін одан әрі көтеру бағытында облыс орталығындағы іргелі мекеме-кәсіпорындар мен ауданауылдарда «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің күнін өткізу арқылы жұртшылық назарын аудару жұмыстары атқарылады. Ғасырлық тойды лайықты атап өту үшін өңірдегі жетекші компания, кәсіпорындармен тиімді байланыс орнату ұдайы назарда болмақ.
Жетіншіден, облыстағы мекеме-ұйымдармен бірлесе отырып, бірнеше бағытта шаралар ұйымдастыру ойластырылуда. Атап айтқанда, облыстық басқармалармен бірге барлық мектептердің қатысуымен өңір шежіресін жинақтау мақсатында тарихи-танымдық экспедиция, облыс оқушылары арасында жеңіл атлетикадан жарыс, қалада велошеру, Қайрат Жұмағалиев атында шығармашылық байқау, өмірден ерте кеткен әріптесіміз, фотосуретші Медет Досымовты еске алуға арналған фотобайқау, облыстағы БАҚ өкілдері арасында спорттық сайыстар және басқа шаралар күн тәртібінде тұр. Жастарды газетті тұрақты оқуға тарту үшін жастар аудиториясына арналған «Гүлдәурен», «Студент», «Жұлдыздар» беті жиірек шығып, «Жастық шақтың жарқын сәті» атты фотоконкурс ұйымдастырылып, болашақ ересек оқырмандар толқынын қалыптастыру үшін балалармен жұмысты онан әрі жандандырып, дәстүрлі балалар шығармашылығына арналған байқау жалғасады. Сондай-ақ 100 жылдық аясында «Ең елгезек мекеме» аталымы бойынша редакцияның сауал-хаттарына тез жауап беретін мекеме-кәсіпорын басшылығы, «Ең белсенді автор» аталымы бойынша ел ішіндегі ең белсенді авторлар марапатталатын болады. Редакция ардагерлерімен байланысты жетілдіріп, газет тарихынан сыр шертер тағылымды мақала-материалдар мен тартымды фотоларды жариялап отыру назарда болмақ. Қазақстанның көрші облыстық газеттерімен бет алмасу, балалар үйі түлектеріне, мүгедек балаларға қайырымдылық шарасын ұйымдастыру және басқа мың-сан жұмыстар кезегімен атқарыла бермек.
Міне, құрметті оқырман, қос газетіміздің 100 жылдығына орай атқарылатын жұмыстардың бірсыпырасын айтып өттік. Газетіміздің түр-келбеті мен мазмұнына байланысты сіздің ұсынысыңыз, алып-қосарыңыз қандай, оны да білгіміз келеді. Ең бастысы, ғасырлық тойды өз дәрежесінде атап өту үшін бар күш-жігерімізді саларымыз анық. Әрдайым жүзіміз жарқын, жолымыз айқын болсын, ағайын!
Жантас САФУЛЛИН
«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры