11.07.2024, 18:00
Оқылды: 468

Елге жеткен «Білте шамның жарығы»

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма

Қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік «Дарын», сондай-ақ М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов атындағы әдеби сыйлықтардың  лауреаты Бауыржан Жақыптың таңдамалы өлеңдер жинағының «Білте шамның жарығы» деп  аталуы тегін емес қой әсте.

3F1C71FD-4291-4A60-9715-DB942D1281C7

Кітаптың кредосы іспеттес  аталмыш  өлеңнің:

«Ай туады, Күн қашады,

Алдымызда түн тосады.

Жанушы еді сонда біздің

Қараша үйдің білте шамы.

Жанымызға жарық беріп,

Парақтардан әріп теріп,

Сол жарықпен оқушы едік

Не бір кітап алып келіп» деп басталуы балалық шақтан етене таныс көріністі көз алдыңа әкеледі. Әкелгенде де, «ай туып, күн қашып» бара жатқан қандай сурет десеңші.

Әдетте адамды жақын тұту үшін күнбе-күн араласып жүрудің қажеттілігі жоқ сияқты. Бауыржан Абай елінен түлеп ұшып, Алматыда, мен Ақ Жайықта тұрсам да, әлдебір жақындық барын әуелден-ақ сезінетінмін. Оның алдынан түлеп ұшқан шәкірттерінен жолдаған ыстық сәлемі алыс Оралдағы маған да жетіп жататын. Соның өзі кәдімгідей демеу беретін, күш қосатын. Бәлкім, бұл біздің туған жеріміздің тағдырының ұқсастығынан шығар. Кеңес өкіметінің шығыста Абайдың туған жеріне, батыста Махамбет ат ойнатқан Нарын құмына полигон орнатып, ажал оғын себуі тегін емес шығар. Атом бомбасының алапат зардабынан қаншама қазақ зардап шегіп, ұрпағы мүгедек болды. Өмірден ерте кеткен Айжан қарындасына – қарлығашына арнаған өлеңінде Бауыржанның:

«Артыңда қала қалды,  ауыл қалды,

Өзенің, далаң қалды, тауың қалды.

Полигон ойсыратты омыртқаңды,

Полигон қақыратты қабырғаңды» деп аһ ұруы сол ақиқаттың бір үзігі емес пе?! Бұл шер тарихи Орда ауданы таратылып, жерінің бір бөлігі Капустин Яр полигонына беріліп, әлі күнге қайтпауы кеудесіне беріш болып қатқан батыстағы ағайынға да ортақ.

Көңілге демеу болары, атом дауылы соққан Дегелең, Шыңғыстаудан өр ұрпақтың қайта бой көтеріп, әлемге өз дауысын жеткізіп жатқаны тағы да хақ. Бауыржанның:

«Шәкәрімнің шындығындай шыңырауға үңілдім,

Өлең жазсам, Ұлы Абайдың даңғыл жолын таңдадым» деп түйіндегеніндей, ақынның тамыры туған жерінде. Мейлі, тіпті ол күллі әлемді аралап, «Самарқанда қолына Ай қондырып, Бұхарада Күн қондырса да», «түрікмен сұлулары жүрегін өртеп», «түрікмен қартының жанарының ішінен өлең» іздесе де, бәрібір аңқылдаған Арқатына  қайтып  келеді.

«Шыңғыстауының» тарихынан  сөз  қозғай  келіп,

«Шыңғыстау, шырылдаған шындығымдай,

Мың  бұлақ  есіле  аққан мың  бұрымдай.

Күлкісі  сәмбі  талдың естіледі,

Тоғжанның шолпысының  сыңғырындай.

Ұшырдың  көкке  талай қыр  құстарын,

Есімнен кетпес сенде гүл құшқаным.

Әлемде  сенен  биік  тау  жоқ  маған,

Абайдай Шыңды берген Шыңғыстауым» деп түйіндесе, сондай аруақты жерде өскен ақын қандай бақытты дейсің іштей.

«Жарықтық Абай салған жолға  түстім,

Қашсам да тұтқын болып қолға түстім.

Өзімнен өзім безіп  құтыла алмай,

Ой деген ормандағы  торға түстім.

Ештеңе жырдан басқа  керек етпей,

Балқимын  бір  ләззатқа  кереметтей.

Өлеңнің жарығына  өртенсем де,

Айналдым соны жынды көбелектей» – алдында Абайы бар ақынның жыр жолына түспеуі мүмкін емес екені тағы  айқын.

Жалғыз Абай емес, Париж төрінде ән оздырған ұлы Әміре мұрасының елге оралғанына шаттанса, енді бірде бағзы жыраулар жолымен ата-бабаның жарқырап ізі қалған атамекенін тебірене жырлайды. Ескерткіш болып тұрып қалған ұлы тұлғаларды еске алады. Туған жермен ғана шектелмей, ақындық кең құлашпен қазақтың байтақ өлкесін өлеңіне өзек етеді.

Ақын өз елінің тарихынан шеттей алмайды, қайта тереңіне бойлай түседі. «Ер Едіге» жырында:

«Еділ мен Ертіс арасы,

Қаптаған түрік баласы.

Жейхун  мен  Сейхундария,

Ежелгі Тұран  даласы.

Шығысы мынау Алтайда,

Батысы сонау  Қырымда,

Солтүстігі   Қызыл шәрі,

Оңтүстігі Тәшкен, Үргеніш.

Осынау  байтақ   өлкені,

Жайлап жатқан  Ел едік,

Асу да асу бел едік,

Толқын да толқын теңіз бен,

Айдын да шалқар көл едік» дей келіп, Едіге бабамыздың еліне қорған бола білген ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі етеді.

Қазақ елінің басынан небір нәубет  өткенін:

«Дарияның  сарқылғанын  көргенмін,

Теңізімнің  тартылғанын көргенмін.

Шағаланың  шарқ   ұрғанын  көргенмін,

Алып өзен алқынғанын көргенмін» деп кестелі тілмен бейнелеп,

«Көк түрік боп   тітіретіп  дүниені,

Бабалардың арманынан өнгеніне» шүкіршілік етеді.

«Парижде өлген белгісіз қазақ туралы реквием» атты туындысында Сена жағасында жерленген белгісіз адамның қойын қалтасынан шық-қан хатынан оның қазақ екені анықталып, өзі туып-өскен Арыс бойын аңсап өткені жыр болып өріліп, жан дүниеңді шымырлатып, астан-кестен қылады. Қаншама қазақтың жат жерде қалып, өз еліне жете алмай, арманда өткеніне  көзің  жете  түседі.

«Білтелі шамның жарығында» ақынның лирикалық өлеңдері де бір төбе. Табиғат тамыршысындай тап басып, «Алғашқы жаңбырдан» «Алланың демін сезе» де біледі. Ал «Көктем келді» деген жырын тұтас келтірсек, артық бола қоймас:

«Көктем келді, пай-пай-пай, жарықтығым!

Арна бұзып ағады арық  бүгін.

Өмір  сөйтіп  сүйрейді өрге  бізді,

Көктің исі жарады  кеудемізді.

Ағаш біткен оянып  бүршік атқан.

Бұлақ  біткен  көз  жасы ыршып  аққан.

Қар астынан қылтиған көріп көкті,

Қармен бірге аппақ қыс еріп кетті».

Көктемдегі көркем  сурет  емес  пе,  шіркін!

Анасына арнаған өлеңінде:

«Басыма өзің барда  қонар бағым,

Жыр етіп жазып  келем ел арманын.

«Құлыным!» деген  сенің бір сөзіңнен,

Дүниеде артық байлық көре алмадым» десе, оған да иланасың.

«Ал бірде ақ қайыңның көз жасы боп,

Көкорай көк шалғынға ағып түскен» ақын қаламынан «Қатар жатқан екі көл...», «Кең даланың жүрегі» іспеттес «Киіз үй», әжесінің көзіндей «Алаша», қазақтың өзіндей «Домбыра», тіпті «ұлыса, қоян қашқан, қой безген» «Қасқыр терісі» де туындап жатады.

«Ымырттан» қонақ күткен қойлы ауылдың бүкіл дем-тынысы сезіледі.

«Ешкім келмей қалса егер мейман болып,

Ай түнейді түсіп үй   түндігінен» – әдемі түйін.

«Қысқы серуен» де сондай.

«Еске ауылдың   түсті қызы,

Қылығы бар не түрлі.

...Қарға түскен құстың ізі

Қыстың ізі секілді». Шынтуайтына келгенде, өлең қалай басталуымен ғана емес, қалай түйінделуімен де құнды  дер  едік.

Бауыржан шабыт келсе, «Үш тал үкіден» де қуаттанады:

«Сондықтан  киелі сол  үш  тал  үкі,

Әжемнің  аруағындай  құшқан  үкі.

Қасында  қанат  бітіп   жыр  жазамын,

Жамылып  жауырыныма  қыста  күпі.

Үш тал үкі, үш тал үкі...».

Ал «Әжемнің ұршығы» өлеңінің кезінде көпті мойындатқаны  шындық.

«Бір сәтке, әже,  тыншып па ең –

Шүйкеге мол жіп жиылып,

Отырушы едің ұршықпен

Уақытты қоса иіріп» деп бастап, «...Ұршық қой мына  Уақыт

Жіп қылып бәрін иірген» деп түйіндеуі қандай керемет! Нағыз қазақы өлең осындай-ақ болар. Біздіңше, Бауыржанның әжесі ұршығымен уақытты қоса иірсе, ақынның өзі жырымен уақытты иіріп келе жатқандай сезіледі.

Тарихта ерекше есте қалатын сәттер, қанша уақыт өтсе де, ойыңнан шықпайтын күндер болады. Бауыржан Өміржанұлының да өміріне «Тамыздың жиырма тоғызы...» солай алапат әсер еткендей. Өйткені дәл сол күні ақынның Абыралысынан абдырап халқы көшті.

«Тамыздың  жиырма    тоғызы...

Күн  емес, Алып  шар  шықты,

Аспан  көзінен    қан  шықты,

Дегелең  деген  өр  таудың

Кеудесінен сол күн жан шықты». Ел басына түскен мұндай нәубет ұмытылар ма!? Тек қайта айналып соқпағай  деп  тілейсің.

Ақынның айтары да сол:

«Тамыздың  жиырма  тоғызы...

Рамазан  айы  Ұлы  елім,

Алладан  тілек  тіледім,

Сыйғызып  ойды  өлеңге.

Жаһанды  жұтқан  жарылыс

Болмасын енді әлемде

Тамыздың жиырма тоғызы!».

Түптеп келгенде, ата-бабаларымыздың қанымен келген Тәуелсіздігіміз ғана бізді талай нәубеттен құтқарады. Ең бастысы, ел іргесі мықты, халық аман болса ғана барша арман-мұратқа жете аласың. Ақынның түпкі ойы да осы. Олай болса, елдікті ту етіп көтерген «Білте шамның жарығы» атты жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа  лайық  деп  білеміз.

Ғайсағали Сейтақ,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби  сыйлығының лауреаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале