6.01.2025, 14:45
Оқылды: 32

Адал еңбек мұратқа жеткізеді

Декреттік  демалыста  отырып  кәсібін  бастап,  оны  дөңгелетіп  әкеткен  жандардың  бірі  –  Бөрлі  ауданындағы  Бөрлі  ауылының  тұрғыны  Сәлима  Өтемұратова. Ол    әуелде    ауылдағы  қыз-келіншектерге  тырнақ  әрлеуші  шебер  ретінде  танылған.  Жас  кәсіпкердің  балалар  киім-кешегін  сататын  бутигі  жұмыс  істеп  тұр.    Енді  «Ауыл  аманаты»  жобасы  бойынша  2,5  пайызбен  5  жылға  9  млн  200  мың  теңге  көлемінде  несие  алды. 

ec517f8f-2f17-4e6b-abbf-63a25a07cb47

– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие пайызы төмен. Ал екінші деңгейдегі банктердің ұсынатын несиелері қымбатқа шығады.  Алған несие қаражатына өзімнің жинағымды қосып, кәсіпкерлік нысанын ашуға қам жасаудамын. Кондитерлік цех әрі шайхана десе де болады. Тәт-тілерді өзім дайындаймын.  Мысалға, торт, тәтті бәліштер, трайфл, эклер және басқа да тәттілермен бірге келушілерге шай, кофе ұсынуды жоспарлап отырмын. Мұныма не түрткі болды дейсіз ғой? Айтайын. Басқа жақта қыдырып, ауылға  келе жатқанда кешқұрым жолда, аялдамада отырған жастарды жиі көремін. Ауылда оларға баратын, шүйіркелесіп отырып, шай-су ішетін орын жоқ. Сондықтан шаһардағыдай жас адамдар әңгіме-дүкен құрып, бір шыныаяқ шай ішетін әдемі кофехана не шайхана болсын дедім. Ауылда жастар, колледжде оқитын студенттер баршылық. Балалармен бірге демалу үшін Ақсайға, Оралға жол жүру керек.  Егер ісім оңға басса, алдағы уақытта кондитерлік цехымның жанына балалардың ойын  алаңын салғым келеді, – деді Сәлима Есенжанқызы  ағынан  жарылып.

b9acba81-dbfb-4084-a8e5-166f3018a66c

Бөрлінің орталық көшесінде модульдық ғимарат орнатылған. Оның ішіндегі әрлеу жұмыстарын Сәлиманың отбасы өз күштерімен атқаруда. Әйнекті ғимараттың сырты жалтырап «менмұндалап» алыстан көзге түседі. Шағын үстел, орындықтар, аутоматты кофе жабдығы қойылып, шайханаға лайықталып қалған. Ғимараттың арғы бөлігінде кондитерлік цехқа қажетті жабдықтар орнатылуда. Жаңа жұмыс орны үш адамды жұмыспен қамтымақ. Өкінішке қарай, кәсіпкер әзірге тәттілер пісіруге көмектесетін адам таппай отыр. Оралдағы колледждерде аспаз кәсібіне оқыған түлектер ауылда еңбек етемін дер болса, жұмысқа алар еді. Әй, қайдам, бұл күндері жас толқын қызылды-жасылды қызығы көп қаладан келер ме?! Бармағынан бал тамған кәсіпкер тамақ пісіруді  қаршадайынан анасы Ләззаттан үйренді.  Тұрмыс құрғаннан кейін әлеуметтік желілердегі онлайн шеберлік сабақтарына қатысып, тәттілердің сан түрін дайындайтын болды. Отбасындағыларға, ата-енесіне, балаларына оның дайындаған тәттілері ұнайды. Маникюр жасауды ютубтан үйренген. Қазіргі уақытта да тырнақ сәндеу қызметіне жүгінетіндер аз емес. Хоббиінің де пайдаға асатынын түсініп, кондитерлік цехын  ашуды мақсат  тұтты.

– 2022 жылы декреттік демалысқа шыққанымда, тырнақ жасаумен қатар үйден киім сатуды қолға алдым. Әуелі өз балапандарыма киімді тапсырыспен алып байқап көрдім. Сапасы ұнады. Содан соң декреттік төлем қаржысын Қытайдан, Түркиядан онлайн балалар киім-кешегін сатып алуға жұмсадым. Содан әлеуметтік желілер арқылы саудамды бастағанмын. Бүгінде тауарымды сатып алатын тұрақты тұтынушыларым бар. Ақсай қаласында да киім-кешекті өткізетін орындарым жұмыс істеп тұр, – деген Сәлима Есенжанқызы тілшілерді өзінің бутигіне ертіп апарды. Расында, балақандар киімдері сәнді әрі сапалы  екені  байқалады.

3e695a10-489d-4885-bdc1-4c720509cf61

Отыз екі жастағы алғыр келіншектің бес ұл-қызы – Ерасыл, Нұрасыл, Кәусар, Асмира, Әзімхан есімді сүйкімді бөбектері  өсіп келеді.  Үлкені – 10 жаста, үйдегілерге қолғанат болуға жарап қалған. Кәсіпкер демесеңіз, ол да өз шаңырағында келін, ана, жар міндеттерін естен шығармайды. Қонақ қарсылайды, кір жуады, тамақ пісіреді. «Ата-енеммен бірге тұрамыз. Үлкендердің қолдауынсыз кәсіпкерлігімді бастай да, кеңейте де алмас едім. Ұл-қыздарымды қарайды, үй шаруасына қолғабыс етеді. Жұбайым Руслан Атырау жағында ауысымдық жұмыста. Жұмыстан қолы боста бизнесіме көмектеседі, мына цехтың құрылысы – отағасының мойнында.  Әр адамның өзіне байланысты, ұмтылса, тырысса бала-шағасын да қарайды, шаруасын да дөңгелетеді. Тек ерінбеген дұрыс. Бір адамның   жасағанын екінші адам да жасайды, кәсіп ашудан қорықпау керек», – деп  әнтек жымияды кейіпкерім.

«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» дейді халқымыз. Сол ып-рас. Көжесіне  ешкімнен алақан жайып қатық сұрамай-ақ, оны адал еңбегімен табатын адамдар ақыры мұратына жетеді. Бөр-лідегі жас кәсіпкер Сәлима Өтемұратова да сондай жандар  сойынан.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»,

Бөрлі  ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале