11.01.2017, 17:03
Оқылды: 26

Тұрақтылық пен татулық игі табыстарға кенелтеді

31-foto-rafkhat-141 «Достық» үйінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманжан Жамалов, Татьяна Яковлева және Гүлжан Қарақұсовамен кездесу өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова, ҚХА облыстық хатшылығының меңгерушісі Ғайса Қапақов, қоғамдық келісім кеңесі, ардагерлер ұйымының мүшелері, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ҚХА кафедрасының өкілдері қатысты.


  Депутат Гүлжан Қарақұсова жиналғандарды құттықтап, Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміз қол жеткізген табыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі. Егемендіктің елең-алаңында ауыртпалықты қазақстандықтар бірлесе көтеріп, жұмыла еңбек етуі арқасында мемлекеттің экономикасы нығайып, тұрақты өрлеу жолына түскенін айтты.

  – Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы тұрақтылықтың негізін қалап, еліміздегі барша ұлт өкілдерін ынтымаққа ұйытып, бір-бірімен әрдайым тату болуға үндеді. Осы жолда достастық пен терең түсінік арқасында қалыптасқан бай тәжірибені  өзге  де мемлекеттер үлгі қылып алды. Ұлт Көшбасшысының еліне деген сүйіспеншілігі Тәуелсіздік жылдарында зор табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік туғызды. Бүгінгі күні Қазақстан әлемдегі көптеген елмен бейбіт қарым-қатынас жасауда, өзара экономикалық, сауда және саяси тұрғыда маңызды байланыстар берік орныққан, – деді Гүлжан Қарағұсова.

  Шара барысында сөйлеген Татьяна Яковлева «Нұрлы жер»  және «Өнімді жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту» атты жаңа мемлекеттік бағдарламалар жөнінде баяндады. Депутат Аманжан Жамалов дағдарыс әсерінен еліміздегі әлеуметтік жәрдемақылар қысқармайтынын, қазақстандықтар бұл қиындықты да бірлесе еңсеретінін, қалыпты өмір сүру деңгейі төмендемейтінін атап өтті.

Галина СМАЙЛОВА

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале