Жасы 40-тан асқан әйелдер дені сау балаларды өмірге әкеле алады. Бұл туралы Алматы қаласының №2 перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Альфия Галлямова айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: pexels.com
Дәрігердің сөзінше, әйел 40 жастан кейін өмірге бала әкелуі мүмкін, алайда, оған мұқият дайындық пен саналы тәсіл қажет. Себебі, ересек жастағы жүктілік кейбір қауіпті ауруларға әкелуі мүмкін.
"Мысалы, гестациялық қант диабеті, гипертония, олар ұрық үшін өте қауіпті. Бұл шешімді қабылдау үшін медициналық кеңес беру, психологиялық дайындық және әлеуметтік қолдау маңызды. Қорыта айтқанда, "40 жастан кейін босануға бола ма" деген сұрақ көптеген факторларға байланысты және оның шешімі ойластырылған, жеке және саналы түрде болуы керек", - деп атап өтті дәрігер.
Ол, сондай-ақ, 40 жастан кейін ана болған әйелдердің эмоционалды жетілуі, тұрақтылығы және тәжірибесі жоғары болатынын атап өтті. Бұл бала тәрбиесіне оң әсер етпек.
Дәрігер заманауи әдістер мен технологиялар көптеген әйелдерге үлкен жаста дені сау бала тууға мүмкіндік беретінін айтты.
"Қазіргі заманғы медицинаның басты артықшылықтарының бірі — жүктіліктің ерте кезеңдерінде де ұрықтың мүмкін болатын ауытқулары мен ауруларын анықтауға мүмкіндік беретін скринингтік сынақтар мен тексерулер жүргізу мүмкіндігі. Бұл тәуекелді айтарлықтай азайтады және әйелдерге саналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді", - деді Альфия Галлямова.