Орал қаласындағы «AMANAT» партиясы БҚОФ ғимаратында «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
«Қаладан ауылға» бағдарламасы – жастарды ауылды дамытуға тарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жоба. Негізгі мақсат – ауылдарды жандандырып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсыну.
Бұл бағдарлама – Батыс Қазақстан облысында бастау алған пилоттық жобалардың бірі. Оған жас мамандар (мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және спорт қызметкерлері), қалада тұрып жатқан, бірақ ауылда еңбек етуге ниетті азаматтар, отбасыларымен немесе жалғыз өзі көшуге дайын жандар қатыса алады. Ауылға қоныс аударған жастарға 2 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй несиесін беру қарастырылуда. Бұл бастама «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ ауылға көшкен азаматтар жергілікті мекемелерде жұмысқа орналасып, тұрақты табыс көзіне ие болады.
2024 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысында «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында 66 отбасы, яғни 322 адам ауылдарға қоныс аударып, баспанамен және жұмыспен қамтылған.
– Бүгінгі жәрмеңкеге облыс бойынша тоғыз ауданнан ресурстық орталықтың мамандары қатысып, әр аудан бойынша ауылдық округтердегі бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат пен ұсыныстарын жеткізуде. Басты мақсат – осы жылы оқу бітіруші түлектерімізге маманнан тегін кеңес алып, сенімді ақпарат көздеріне қол жеткізуге және бос жұмыс орындарын таныстыруға арналған ашық алаң ұйымдастыру. Осылайша, жастарымыз өз болашағын жоспарлап, еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланады деп сенеміз, – дейді облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың маманы Диана Ережепова.
«Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде 400-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды.
– Қаратөбе ауданынан 40 бос жұмыс орнын ұсына келдім. Ауданға қазақ тілі мен әдебиеті, география, информатика пәндерінің мұғалімдері және ақпаратты қорғау жөніндегі маман, видео оператор керек. Сулыкөл ауылдық округінде өрт сөндіру бөлімі ашылды. Сол жерге өрт сөндіруші, өрт сөндіру машинасының жүргізушісі, басқа да мамандарды толығымен жинап жатырмыз. Аудан орталығындағы мектептерге кітапханашы, балабақшаларға информатика пәнінің мұғалімі, ауруханаға жалпы тәжірибелі дәрігер, кейбір мекемелерге есепшілер жетіспейді. Ауданда отбасын қолдау орталығы ашылды. Сол жерге психолог, теолог, заңгер керек. Жалпы ауданға келген жас мамандарға баспана мәселесін шешіп, заң аясындағы барлық жағдай жасалады. Былтыр екі жас маманға үй берілді. Жас маманның мамандығына, санатына байланысты бірреттік көтерме-ақы беріліп, аудан әкімшілігі баспана мәселесін де үйлестіруге тырысады, – дейді Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың әдіскері Нұрәділ Абаев.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»