17.04.2020, 9:07
Оқылды: 43

42 500 теңге үшін жауапкершілік – Еңбек министрлігі қазақстандықтардан түсіністік танытуды сұрайды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді алудағы жауапкершілік мәселесін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

6613821A-1A15-4234-B8C3-FFC91A97516D

«Бүгінгі күні әлеуметтік желіде ең көп талқыға түсіп жатқан тақырыптың бірі – 42 500 теңгені алған кездегі жауапкершілік. Ол жайлы жазған адамдардың көбі ызаға беріліп, одан бас тарту керек пе, әлде неліктен аз сомаға бола қатаң бақылау қойылған деген сыңайда ойларын білдіріп жатыр. Бұл сұрақтардың неге көбейіп кеткенін түсінуге болады. Мәселені түсіндіре кетейін», - деп Facebook-парақшасында жазған Нариман Мұқышев мынадай стастистика келтіреді. Қазіргі таңда елімізде 3,3 млн адамға 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем тағайындалған. Өтінім алғаш қабылдана бастағалы бері 20 күннің ішінде ғана осынша адам қамтылған. Вице-министр бұл ретте әлеуметтік төлем шынында да ТЖ кезінде кірісін жоғалтқан адамдарға берілуі керектігін еске салады. Алайда, кірісін жоғалтпаған әрі қашықтан жұмыс істеп жатқан адамдардың өзі өтінім беріп жатқан көрінеді. «Бәлкім біреу жай ғана тескеріп көруді, ал екіншісі қосымша кіріс алғысы келген болар. Қазір ТЖ режимі болғандықтан біз құжаттар пакетін сұрап жатқан жоқпыз. Өтінім ең қарапайым жолмен берілгеннен кейін біз оны автоматты түрде қарап, шешім қабылдаймыз. Осымен іс бітті. Алайда, «жалған мәлімет» берген адаммен жауапкершілік бірге еріп жүреді. Сол себепті кірісін жоғалтпаған және аталмыш төлемді сұраған адамдарға жауапкершіліктің барын ескертіп жатырмыз», - дейді ол. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі атап өткендей, егер әлеуметтік төлемді қателесіп алғандар оны қайтаратын болса, олар жауапкершілікке тартылмайды. «Егер сіз ТЖ кезінде жұмыстан айырылып, аталмыш төлемді алсаңыз – демек бәрі дұрыс, біздің тараптан ешқандай сұрақ туындамайды. Ал егер табысыңызды жоғалтпай, аталмыш төлемді алсаңыз – азаматтық жауапкершілікті танытып, аталмыш төлемнен бас тартуды сұраймыз. Онда ешқандай сұрақ туындамайды. Егер айлық алып жатқаннан кейін БЖТ төлегеніңізбен, ТЖ-ға байланысты жұмыстан босап, аударым мен салықты аудармасаңыз, 42 500 теңге сізге тиесілі. Біздің тараптан ешқандай уәж болмайды», - деді ол. Еске сала кетсек күні кеше Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы 42 500 теңге төлемін тағайындау ережесіндегі өзгерістерді жариялаған болатын. Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төлемді қайтаруға ниетті адамдар оны банктердің смартфондағы қосымшасы арқылы жасай алатынын мәлім еткен еді.

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале