Облыстық қазақ драма театрында атақты ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы қойылды.
Спектакльді режиссер Жігер Мырзалиев сахналаса, суретшісі - мәдениет саласының үздігі Қайыр Оразғалиев. Премьераның алғашқы күні Гамлет ролінде театрдың жас әртістерінің бірі Думан Омаров ойнаса, король Клавдийді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов, Гертруданы мәдениет саласының үздігі Хорлан Шамелова сомдады. Сондай-ақ Талиғат Жігеров, Манас Кенжетаев, Ренат Сабырғалиев, Әйгерім Сағаденова сынды әртістер де өз рольдерін алып шықты деуге болады.
Шекспир «Гамлет» трагедиясын 1601-1602 жылдары жазса да, содан бері бұл шығарма әлемдік сахналарда талай рет қойылды. Соның ішінде қазақстандық театрлар бұл тақырыпқа барды. Әлемдік деңгейдегі туындыны меңгеру үшін, әрине, үлкен шеберлік пен кәсіби біліктілік керек. Бұған дейін көптеген шығармаларды сахналап, халықаралық байқаулардың жүлдесін алып үлгерген батысқазақстандық театрдың «Гамлетке» қол созуы орынды. Әкесін өлтірген Клавдийдің шешесіне үйленіп, таққа отырғанын білген Гамлет ақыры кек алып тынады. Оған арналған уды ішкен Гертруда да, жекпе-жекте уланған рапирадан қарсыласы Лаэрт те, өзі де өледі. Бұл іріп-шіріген қоғамның түбі жақсылыққа апармайтынын білдіреді. Жалпы, патша сарайы төңірегіндегі сатқындық пен азғындық, енжарлық пен жалғандық, былық атаулының бәрі ойландырмай қоймайды. Мұндай сұм жалғанның адал адамға қай кезде де түрме көрінетіні анық. Соның бәрімен күрескен Гамлет өзі тірі қалмаса да, сол іс-әрекетімен көпке үлгі қалдырып кетті. Ең бастысы, көрерменге ой тастай білсе, қойылым мақсатының орындалғаны.
zhaikpress.kz