17.04.2017, 19:42
Оқылды: 51

Саяжайларды су басу қаупі бар

Suu     Бұл жайында бүгін Орталық коммуникация қызметі өңірлік филиалының ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Жасұлан Жұмашев айтты.


     Оның мәліметінше, облыс орталығы тұсындағы Жайық өзені арнасындағы су деңгейі соңғы тәулік ішінде 10 см-ге, яғни, 486 см-ге дейін көтерілген. «Бұл көрсеткіш 850 см-ге жетсе, қауіпті деңгей болып саналады. Қазіргі уақытта Жайыққа Быков пен Рубежка өзендерінен су құйылуда. Алдағы уақытта Ресейдің Орынбор облысынан келетін Сақмар суы келеді деп күтілуде. Егер Жайық суының көтерілу деңгейі 600-700 см-ге жетсе, Орал қаласы  маңындағы 1, 2-саяжайлар мен Бортау аумағына су жайылуы мүмкін», – деді Жасұлан Жұмашев.

    Су тасқынына қарсы облыстық штаб барлық жағдайды бақылауға алған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ертеңнен бастап, Орал қаласы мен Бөрлі, Зеленов, Теректі аудандары аумағында су тасқынының алдын алу үшін жоғары деңгейдегі дайындық режимі енгізіледі.

     Төтенше жағдайдың алдын алуға 1946 жеке құрам, 76 құрылым, 920 техника бірлігі, оның ішінде, 431 арнайы техника, 39 жүзу құралы, 125 су сорғысы даярланған. ҚР Ішкі істер министрлігі есебінен 59 техника, 3 жүзу құралы, 6 су сорғысы пайдалануға беріліп, 462 жеке құрам көмектесуге жіберіледі. Қажеттілік туындаса, көршілес Атырау, Маңғыстау аймақтарынан қосымша күш  жұмылдырылады.

      – Қазіргі кезде облысымыздағы Шаған өзенінің төменгі ағысы бақылауға алынған. Егер, су ағысы секундына 25 текше метрге жетсе, Шаған су қоймасының қақпасы жабылып, су жиналады. Сақмар өзенінен 3,5 млн. текше метр су келеді деп күтілуде. Ақтөбе облысынан келетін Елек өзенінің суы екі апта шамасында Жайық өзеніне жетеді. Сол кезде Шыңғырлау ауданы аумағындағы Шелек бекеті тұсынан қауіп төнуі мүмкін. Кейін Зеленов ауданындағы Янворцев ауылдық округіндегі Жайық суының деңгейін 700 метрге дейін көтеріледі деп болжануда. Төтенше жағдайға дайындықты күшейтуге тура келгенімен, бір жағынан, мол су қорының пайдасы мол. Себебі Жайық өзенінің суы арнасынан он жылдан бері тасымаған.  Яғни, өзен маңындағы су қоймалары мен жайылмаларға су молынан құйылады, – деді «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидоллин.

   Брифингте «ҚазГидроМет» АҚ облыстық филиалының директоры Дәулет Оралымбетов биыл облыста Шежін-2, Деркөл Быков өзендерінде ғана су тасу деңгейі қалыпты мөлшерден жоғары болғанын атап өтті. Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин су тасқыны болуы мүмкін аумақта 26 саяжай қауымдастығы бар екенін айтты. Саяжайларда 850 отбасы, яғни, 2971 тұрғын бар. Жергілікті атқарушы құрылымдары мен төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге қауіпті болып саналтын учаскелерге кезекшілік қойылған. Қауіпсіздік шарасына  ішкі істер құрылымының 20 қызметкері мен 5 автокөлік тартылған.

   Тұрғындарға су тасқыны болу қаупі жөнінде жазбаша хабарламалар жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, олардың көбі ескертулерді бейқам қабылдауда. Сондықтан саяжайлардағы тұрғындарды алдын-ала қауіпсіз аймаққа көшіру және қажетті мүліктер мен жан-жануарларды тасымалдау жоспарлануда. Жалпы, Орал қаласы аумағында 28 қоныс аудару қосыны әзір тұр.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале