2.07.2019, 15:38
Оқылды: 85

45-тің көктемі

Жаннұр, кірсеңші үйге, тоңып қалдың-ау, құлыным! Тез кіре қойшы, - деп төртінші қабаттың ашық терезесінен айқайлаған Раяның дауысы көршілерді түнгі ұйқыдан оятты. Раяның жан дегенде жалғызын осылай іздегеніне де біраз уақыт болды. Өзіне қолғанат, сүйеніш болып өсіп келе жатқан қызынан көз жазғалы шерменде ана жүрек кейде осылай шатысатын болған. Қабырғалас көршісі келіп, басу айтып, дәрілерін беріп, тыныштандырған болып кеткенімен, ертесіне тағы қайталанады.

5

Рая өзінің тірнектеп ақша жинап, несиеге алған бір бөлмелі пәтерінде күндердің күнінде жалғыз қаламын деп ойламап еді. Тәтті тілімен арбайтын қызы оның өмірінің мәні мен сәніне айналып еді. Әйтсе де, ол ойнақтап жүрген ботасын ойламаған жерден жоғалтып алды. Бесінші сыныпта оқитын Жаннұр тиянақты, мұқият, ақылды қыз болатын.

Күндіз-түні жұмыста жүретін анасына салмақ салғысы келмей, төртінші сыныптан бастап мектепке өзі барып, өзі қайтуға шешім қабылдаған да өзі. Олар қала шетінде орналасқан еңселі зәулім үйден бір бөлмелі пәтерді Жаннұр төртінші сыныпқа көшкен жылы сатып алды. Рая үйдің несиесін уақтылы төлеу үшін, әрі қызын қатардан қалдырмау қамымен екі жерде жұмыс істейтін. Күндіз мектепте өз сабағын беріп, кешкілік 2-3 оқушыны жеке оқытып, түнде ауысыммен аптасына екі рет үйіне жақын жердегі дүкенде жұмыс істейтін. Сол күні де мектептен келіп, үйде Жаннұрының кешкі асын берейін деп күтіп отырған. Ойында түк жоқ. Әдеттегіден кешіге бастағасын, сағатына қарағыштап, терезеге көз салды. Жол бойындағы жиналып қалған қарақұрым адамға да мән бермей, тағы да «авария болған ғой» деп, Жаннұрдың тамағын үстел үстіне қойып, кешкі жұмысына жинала бастағаны сол еді, есіктің қоңырауы шыр етті. Қуанып кеткен Рая «Келді-ау, жаным!» деп есікке жүгірді. Екі иығынан ауыр демалып, әзер сөйлеген көршісі «Анда Жаннұр, Жаннұр!» деп сөзін аяқтай алмай, жылап тұр екен. Сыртқы киімін киместен, есікті де жаппастан сол  күйі қалдырған Рая сыртқа  тұра жүгірді. Анталаған адамдарды итеріп, «Жаннұр қайда? Қызым қайда?» деп айқайлаған ананы тәртіп сақшылары сабырға шақырды. Қараңғылық қоюлана бастаған шақта қызының қанға боялған сөмкесін құшақтап, зар жылаған ананың дауысы кимелеп тұрған жандардың көзіне жас ұялатты. Қас қағымда құлыншағынан айырылып, азынап қалған ана сол күннен бастап, сүреңсіз күндерді бастан кешірді.

Сүреңсіз жылдар

Күндер сырғып, жылдар жылжып өтіп жатты. Балаларға сабақ түсіндіріп тұрған Рая тұншығып, жылап жіберді. Аңтарылып қалған оқушылар үрпиіп, қорқып қалды. Екі иығы солқылдап, өз-өзін тоқтата алмаған Раяны артқы партада отырған оқушысы Гүлнұр келіп құшақтап алды.

«Апай, жыламаңызшы, сізде бәрі жақсы болады» деді сенімді үнмен. Үйдегі көп баланың бірі болып өсіп келе жатқан Гүлнұр сабаққа алғыр болмаса да, сезімтал, көпшілдігімен ерекшеленетін. Талай мәрте сабақ соңында оқушыларға зерделей көз тоқтатқан Рая бір қыздың мұрынын, бір қыздың бұрымын өз қызына ұқсатып «Ол да осы қыздардай өсіп қалар еді-ау» деп жылап қалатын. Әр аптаның жұма күні Рая әріптестеріне «Үйге Жаннұрым келген шығар, шелпек пісіріп, Құран оқиын» деп шығып бара жататын. Түстен соң үйден пісірген жеті шелпегін әкеліп, әріптестеріне, кейде оқушыларға таратады. «Құлыншағым мамам мені ұмытқан жоқ деп қуанып кеткен шығар» деп бойынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қайтатын. Жаннұрымен балдәурен балалық шақтың қызығын бөлісіп, бірге ойнаған қыздардың өсіп келе жатқанын күнде көру Рая үшін ауыр болды. «Ол да осы қыздардай бойжетіп қалар еді-ау...» деп ойлаған сайын жүрегісоғып, кейде қатты ауырып қалатын. Сондықтан мұғалімдік жұмысын тастап, өзге қызметке ауысты.

Тосынсый

Арада жылдар өтті. Бірде наурыз мерекесі қарсаңында Раяны жақын құрбысы қонаққа шақырды. Жұмыстарымен сәл кешігіп барған ол әдетте өздері жиналатын ортадан таныс емес адамдарды көріп қысылып қалды. Құрбысы Гүлжан Раяны мақтауын жеткізіп, майын тамызып бейтаныс қонақтарға таныстырып жатыр. Елуді еңсеріп қалған ер адамның көзілдіріктісі бұған ерекше ілтипатпен қарап қалыпты. Әзілдеп, бір-бірімен қалжыңдасқан көңілді ортада табиғатынан салмақты Рая езу тартып, жай жымиып отырды. Қонақтықтан қайтарда Серік оны шығарып салмақ болып, емеурін танытты.
Әйтсе де, «Такси шақырып қойдым» деген Рая оған ыңғай танытпады. Қоярда-қоймай телефон нөмірін сұрап алған Серік оның қалін сұрап, жиі хабарласатын болды. Басында «Жасы елуге келсе де, ұшқалақ, жеңілтек қандай адам» деп тіксініп қалған Рая «Қалың қалай? Жағдайың жақсы ма?» деп қал сұрайтын қоңыр үн хабарласпай қалса, елегізіп қалатын хәлге ұшырады.

Серікпен танысқан уақыттан бір ай өткен соң Раяның туған күні болды. Ол сол күні кітапханада мерекелік шара өткізетін болып, жұмысқа ертерек келген еді. Кабинетке кіргенінде үстел үстінде тұрған себет толы раушан гүлдерін көрді. Құшағына сыймаған раушан гүлдердің саны да 45 екен. Алқызыл гүлдерді көріп, қуанып кеткен ол алғысын айтпаққа директордың кабинетіне тұра жүгірді. Үлкен дәлізбен жүгіріп келе жатып, еден жуып жүрген апаймен түйісіп қалды. «Кешіріңіз» деп өтіп бара жатқанында, «Туған күніңізбен! Күйеуіңіздің тосынсыйы ұнады ма?» деген еден жуушы апайға аңтарыла қарады. «Иә, иә,-о-о-о  жоқ...» деп асып-сасқан ол «Гүлдер ұнады, тек менің күйеуім жоқ еді» деді күмілжіп.

– Таңмен ер адам келіп сізге тосынсый жасаймын, мынаны Раяның кабинетіне апарып қойыңызшы деп раушан гүлдерін беріп кетті. Мен сіздің күйеуіңіз шығар деп ойладым, - деген еден жуушының сөзінен соң, Рая кабинетіне кері қайтты.

45 тал раушан гүлі сол күні кітапханадағы қыз-келіншек атаулының таусылмайтын әңгімесіне айналды. Бәрі Раяның кабинетіне келіп, раушан гүлдерімен суретке түсіп, оны әлеуметтік желілерге салып, мәре-сәре болып жатты. Кешкілік жұмыстан шығып бара жатқанында оны қолына шар мен аю ұстаған Серік күтіп тұрды. Дәл жас кезіндегідей белгісіз сезімді бастан кешірген ол сол күні Серіктің ұсынысынан бас тарта алмады. Кең сарайдай мейрамхананың ішінде Раяның туған күніне арнап дастарқан жайылыпты. Өзін бұл құрметке лайық көрмей, қысылып-қымтырылған күйі үстелге отыра
бергенінде, шулап кіріп келе жатқан туыстары мен жақын достарын көргенде құлап қала жаздады. Мейрамхана ішіндегі жарық шамдар жанып-сөніп, әдемі әуен ойнап, түрлі сайқымазақтар мен аюлар гүл беріп, ортаға алып шығып билетіп, ертегі әлеміне енгендей күй кешкен сонда. Сол күннен бері оны жұмыс соңында қолына гүл ұстаған Серік күтіп тұратын болды. Әр күні түрлі гүлдер ұсынып жүрегін жаулаған жігіт ағасы «Қалған өмірімізді бірге өткізейік» деп ұсыныс жасағанда, Рая әлем-жәлем күй кешті. «Иә» дейін десе, «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, бұрынғы сәтсіз некесі еске түсіп, екіұдай хәлді бастан кешірді.

Сәтсіз неке

Осыдан 23 жыл бұрын ол тәртіп сақшысы болып қызмет жасайтын келбеті келіскен Азаматпен бас қосты. Екеуі бір-бірін шынайы жақсы көріп, Рая Азаматтың әр сөзіне шүбәсіз сенген еді. Бірақ... қосылғандарына ай өтер-өтпестен, сүйген жарының шынайы бет-бейнесі айқындала бастады. Қит етсе, таяқтың астына алатын күйеуінің алдында не үшін жазықты болып қалғанын көпке дейін түсінбей, дел-сал болып жүретін. Арада екі жыл өткен соң кішкентай қызы жарық дүниеге келді. «Сәбилі болып, әке атанған соң басылар» деп өзін талай сабырға шақырған. Бірақ әке мәртебесі Азаматқа әсер етпеді. Бұрынғыдан да ашушаң күйге енген жарының қабағы бір ашылмайтын  болып алды. Табиғатынан сабырлы, артық сөзі жоқ жас келіншек күйеуі төмпештеп соғып жатса да, үндемейтін. Үндемегенін қырсықтық деп ойлай ма, одан сайын, дауысын көтеріп, «Ана еркек сенен көзін алмай қойды, ана жігіт тесіліп қарады, сен өзің ыңғай таныттың» деп, кейде жұдырықпен төмпештегені өз алдына, аяусыз тепкілеп тастаушы еді. Базарға барса да, қонаққа барса да, автобусқа отырса да үйге келген соң жұбайы ылғи қызғаныш драмасын ұйымдастырып, айқай-шу шығаратын болды. Сөйте тұра, өзі ойын-сауықты, қыдырғанды жақсы көрді. Көбіне үйге түн ортасында оралатын Азамат өзімен бірге қыз-келіншектерді ерте келетін. «Қонатын жерлері жоқ, қазақтың қыздары ғой» деп мүләйімсіп, жанашырлық танытатын жұбайына Рая іштей риза болып қалушы еді. Өзі де қыздарға дәмді тамақ дайындап, төрінен жайлы орын беріп, жаны қалмай, құрмет көрсететін. Бірақ... ол қыздардың күйеуінің көңілдестері екендігін кейін түсінді. Бірде ертемен мектепке шығып кеткен Рая үйде сынып журналын ұмытып, таксимен кері үйге оралуына тура келді. Сонда түнімен ас салып, шай беріп құрметтеген келіншекті күйеуінің қасынан көріп, не әрі, не бері кетерін білмей, босағада есеңгіреп тұрып қалды. Жалынып-жалбарынған күйеуін кешіріп, ұясын бұзбаған жас келіншек жұбайының қорлығына сегіз жыл шыдады. Бірақ күнделікті айқай-шудан жүйкесі сыр бере бастаған жас ана бір-ақ күнде шешім қабылдап, қызын құшақтап, Алатаудан Ақ Жайығына оралды. Кіндіктен жалғыз Рая бауырлары жоқтығына налитын. Бірақ достары, сыныптастары оны жалғызсыратпады. Бірі жұмыс тауып беріп, енді бірі пәтерақысын төлеп, барынша қолдау көрсетті. Бірінші сыныпқа баратын Жаннұрын Рая өзі қызмет жасайтын мектепке орналастырды.

Бақыт бастауы

Өткен өмірін еске алып, егіліп жылап алған ол кешкілік Серіктің үйіне қонаққа барды. Бала-келіні, қыз-күйеуі, немере-жиендерімен таныстырған болашақ жұбайы үстел үстінде өзінің қалған өмірін Раямен бірге өткізуге шешім қабылдағанын айтты. Балалары қол шапалақтап қуанып жатты. Әсіресе, кішкентайлар «Енді біздің әжеміз болады» деп мұны құшақтап алғанында көзінен ыстық жас парлап, сәбилерді құшырлана сүйе берді.

Серікпен бас қосқалы Раяның екінші тынысы ашылғандай еді. «Бүгінгі күніміз керемет өтсін» деген тілекпен басталатын олардың әр күні қызыққа толы өтеді. Серіктің жақсы қасиеті әрдайым жұбайын қуантқысы келіп тұрады. Бірде жұмыстан оралған Рая кіреберістен өз бөлмесіне дейін төселген раушан гүлдерін көріп, аңтарылып қалды. Бөлмесінде кішкентай майшамдар жағылып, үстел үсті жайнап тұр. Кемі аптасына бір рет болатын тосынсыйлар, романтикалық кештер Раяға ғажап көңіл күй сыйлап, құстай ұшыратын. «Әйел деген гүл сияқты, гүлге уақытымен су құйып, баптап күтсең, құлпырып, жайнай түседі» деп бағасын асырған Серік оны алақанына салып, аялай білді. Жастай қосылған жұбайынан көрмеген ерекше ықылас-пейілді сезіне алмаған әйел кейде өміріндегі орын алып  жатқан жақсы өзгерістерге сене алмай, «Осы мен түс көріп жүрген жоқпын ба?» деп таңданып та қалады. «Менің ханшайымым» деп еркелететін жұбайы Ақтауға вахталық әдіспен екі аптаға жұмысқа аттанғанда, үйге сыймай кететін болды. Бірде үйге келген Серіктің үлкен ұлының бес жасар қызы Әйкерім: «Мен ата-әжеммен тұрғым келеді» деп қиғылық салды. Бала-келінімен ақылдасқан Серік пен Рая Әйкерімді көп кешікпей өз қолдарына алды. Қылығы тәтті ерке қыз бақытты жұбайлардың көз-қуанышына айналды. Ал Рая Әйкерімнің қасынан екі елі ажырамайтын болды. Жұмысын тастап, тек кішкентай қыздарының тәрбиесімен айналысты. Содан бері зымырап он жыл өте шықты. Жастайынан түрлі үйірмелерге апарып, жан-жақты дамытып өсірген көзқуанышы қазір 9-сыныпта оқып жүр. Бір-біріне ерекше ілтипатпен қарап, қамқор үнмен сөйлесетін жұбайлар өздері тұратын бүтіндей бір үйдің үлгі тұтар адамдарына айналды. Рая кей-кейде өз өміріндегі қайғылы сәттер мен бақытты күндерін саралап, ұзақ ойға беріледі. Ол әлеуметтік желідегі өмірден түңілген жандарға бақыттың кейде кешігіп келетінін, оны да сабырмен күту қажеттігін айқайлап айтқысы келеді. Жастайынан ата-анасынан ерте айырылып, өмірдің кермек дәмін көп татқан ол шынайы бақыттың бағасын қырықтан асқан шағында ғана сезіне алды. Сонда да өткен өмірінің әр парағы – өзі үшін ыстық әрі өмір сабағы секілді. Ол, әсіресе, бақытты өмір белесінің бастауы болған 45-тің көктемін сағынышпен еске алады. Өмірдің азабымен қатар ғажап сәттері болатынын ұғындырған 45-тің  көктемі...

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағыпарақшамыздан және Telegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале