Нарыны жайлы сағынышқа тұнып қалған керемет естелік көңіл төріне қонақтады. Тоқсан жасқа келсе де, өмірі туралы әңгімені жүйелі айтуынан ба, өткен күндер тізбегі көз алдымыздан көлбеңдеп өтіп жатты.
Шәнда апайдың ата-анасы Ресейдің Астрахан қаласына отыз шақырымдық жерде тірлік кешіпті. Нағашы атасы Әлжан кезінде араб елінде діни сауатын тереңдеткен, Мекке, Мәдинаға барып, қажылығын өтеген адам болған. Елге оралған соң, ауыл балаларын оқытқан. Діни біліммен қатар ертегілер, эпостық жырларды да («Қыз Жібек», «Қобыланды батыр», «Айман-Шолпан») өз балаларына үйреткен. Әсіресе, қызы Ақзиба (Шәнда апайдың анасы) бала кезінен өте зерек, әкесінен естігендерін заматта жаттап алатын алғыр қыз болып өскен. Кеңес өкіметі кезінде атеистік тәрбие құрсауласа да, хақ Тағаланың барына иманындай сенген ол Құран сүрелерін жатқа білген. Әкесі Әлжан Араб еліне барғанда көп кітаптар алып келіп, соны ұғып алған қаршадай қыз жыр-дастандарды айтып, елді сүйсінткен. Бертін келе, ұрпақтары «Кезінде оқыған жырларын ендігі ұмытқан шығар» - деп 70 жасында әдейі айтқызған ғой. Сонда сауырына қамшы салдырмаған сөз ділгері «Қыз Жібек» дастанын еш мүдірмей, бір жерін де жаңылысып не орнын ауыстырмай, зырылдатып айтып берген. Отбасы мүшелері жұмысқа, балалар сабаққа кеткен кезде ғана үзіліс болып, кешке өзі тоқтаған жерінен іркілмей, ешкімнің ескертуінсіз жалғап кетіп отырған. Сөйтіп, бұл дастанды бір жұма бойы жырлаған.
Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан «байдың, молданың тұқымы» атанғандардың шетелге қашып, тарыдай шашылғаны тарихтан мәлім. Сол дүрбелең бұлардың да отбасын айналып өтпеді. «Біздің маңға қызылдар келеді екен» - деген қауесетті естісімен, жүктерін ат, түйе арбаларға тиеп қашқан олар сол бетімен 1925 жылы бай ағайыны Қайыржанмен бірге Нарын құмына келіп паналайды. Орда ауылынан 18 шақырым жердегі Ауызашық деген қыстақтан қоныс табады. Бір жылдан соң, сол қыстауда кейіпкеріміз дүние есігін ашады. Үш жылдан кейін байлар мен молдаларды қуғындап, мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару басталады. Осы кезде елде қалған нағашы атасы Әлжан жанұясымен шетелге қашып кеткен. Сол оқиғаны Шән-да Жұмағазиева: – 1928 жыл. Жаз. Ең бірінші көріп, есімде қалғаны әкем мен шешем далада жер бауырлап, жатып қалыпты. Үлкен ағам Есләм (14-15 жас шамасында болар) әке-шешемнің бас жағында отыр. Апам Хансұлудың он жас шамасы. Ағам Шайқы бес-алты жаста. Менің екі жас жарымдағы шағым болуы керек. Ағаларымның мені жетектеп жүргені еміс-еміс елес береді. Айқайлап, дауыс салып жылаған әке-шешемнің жанына келіп тұрмын. Не болып жатқанын бағамдайтын жаста емеспін. Бірақ сол бір ауыр сәт санамда мәңгілік сақталып қалды, - деп еске алады «Алпыс жыл абыржытқан құпия» атты кітабында. Отбасындағы төртеудің кенжесі біз әңгімелеп отырған Шәнда Жұмағазиева. Балалардың үлкені Есләм ұшқан құсты мүлт жібермейтін мерген аталыпты. Ол аң-құсты бір оғыменақ жер жастандырған. Бірде Ордадағы көгалда «алтын қабақ» ұлттық ойыны ұйымдастырылады. Оны ауылдың «мен» деген талай мықты жігіттері шыққанымен, ешбірінің оғы дарымай, далаға кете беріпті. Ақыр соңында үш-төрт күн тұрғаннан кейін ауыл белсенділері «атқан оғы мүлт кетіп көрмеген» деп біреулердің айтуымен Есләм ағасына келіп, бағын сынап көруді сұрайды. Ол кезде ағасы мұрты жаңа түбіндеп келе жатқан бозбала болса керек. Ақыры ешкімнің оғы жетпеген алтын қабаққа ілінген сыйлықты алғашқы көздегенде-ақ қағып түсірген. «Құланды құлағынан атқан» деген осы шығар!?
Одан кейінгі апасы Хансұлудың да өмір жолы қиындыққа толы күрделі өріледі. Жездесі Кәрім Мусин колхозда басқарма болып жүріп, 1937-1938 жылдары «Халық жауы» атанып, жазықсыз жаланың құрбанына айналады. Сол заманның солақай саясатынан жездесі жапа шегіп қана қоймай, апасы да «халық жауының әйелі» деген желеумен айдалып, Самара қаласындағы тар қапаста 12 жыл өмірін өткізеді. Шәнда апай да өмір бойы «халық жауының туысы» екенін құпия ұстауға мәжбүр болған. Өнерге жақын кіші ағасы Шайқы майданда қаза табады.
Білімге өте зерек қыздың тағы бір ерекшелігі, ол бес жасынан домбырада шебер ойнаған. Ағаларының бұл аспапты тартысына қызыққан ол көздерін ала бере, майысқақ кіп-кішкентай нәзік саусақтарымен домбыра пернелерін басып көріп, аса қабілеттілігі арқасында демде Сейтектің күйлерін бірінен соң бірін үйреніп алады. Сол уақытта ол небары жеті-ақ жастағы, қоянның көжегіндей үркек қыз-тұғын. Отбасы Мешітқұм ауылында тірлік кешкен. Бастауыш мектеп мұғалімі бұл әулеттегі ынталы өрендердің өнерін тамашалап жүреді екен. 1934 жылы оқушылар арасында шығармашылық байқау өтетін болып, директор: «Мектептен екі оқушы жібереміз», - деп екінші сыныпта оқитын ағасы екеуін сол шараға қатыстырады. Ағасы Шайқы жадынан өлең шығарып, өзі Сейтектің «Заман-ай» мен Соқыр Есжанның бір күйін шертеді. Кішкене қыздың өнеріне тәнті болды ма, алдыңғы қатарда отырған сұр шинель кигендер орындарынан өре түрегеліп, «Ура!» деп алақан шапалақтағанда, Шәнданың қорқып кеткені соншалық, сахнада тұрып бақырып қоя береді.
Оқуда үздік атанады. Орда мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің майталман маманы Ғұмар Зариповтың әр сабағын жадына тоқыды. Сол сияқты физика пәнінен Ахмет-Файыз Тажетдинов, тарихтан Иманқұл Қаражанов, математикадан Жәлел Самарқанов сынды тәжірибелері мол ұстаздардың алдын көрді. Кейін бес-алты сыныпқа көшкенде «Пионерлер үйінде» әр түрлі аспаптарды көріп, өз бетінше шертіп үйренеді. Мандолина, балалайка, гитара, скрипкаларды тартып, ерекше қабілетінің арқасында бұл аспаптарды еркін меңгеріп алады. Пионер ұйымының жетекшілері оның музыкаға деген ынтасын байқап, қалаған уақытында ұнатқан аспапты алып, ойнауына рұқсат береді. Одан кейін аудандық, облыстық байқауларда шашасына шаң жұқтырмай, жүлделі І орынға ие болады. Талантты қыз 9-сыныпты аяқтар тұста, Алматы қаласында музыкалық училище ғимаратында өткен республикалық өнер додасына қатысады. Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» күйлерінің екпінін жақсы алған ол бұл жолы да маңдайы жарқырап, І орынды жеңіп алады. Белгілі өнер шеберлерін тәнті еткен бөкейлік қызға Дина Нұрпейісова: «Сен мектептен соң, осында келесің», - дейді музыкалық училищені меңзеп. Ол кезде республика көлемінде бұл оқу орны ең жоғары музыкалық білім беретін орын саналған. Бұл байқауға Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Күләш Бәйсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Бәйсейітов, Шара Жиенқұловалар төрелік еткен. Киелі домбырамен тыңдарманның құлақ құрышын қандырған белгілі күйші Динаны да алғаш рет көріп, оның киіз үстінде малдасын құрып отырып шерткен күйіне тәнті болады.
Иә, сол жолы республикалық балалар шығармашылығы байқауында топ жарған ордалық қыз Мәскеу қаласында өтетін Бүкілодақтық олимпиадаға жолдама алады. Бұл 1942 жылдың мамыр айы-тұғын. Неміс басқыншылары Сталинград қаласын бомбалап, кескілескен ұрыс жүріп жатқан уақыт. Мәскеуден олимпиаданың келесі жылға қалдырылғанын айтқан хабар келген соң, ауылға оралса, сыныптастарының дені орта білім алғаны жөнінде аттестатпен дайындық курсынан өтіп, А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына оқуға түсіп кетіпті. Әупірімдеп, Орал қаласына келіп, институтқа жолықса, олар мұның аттестаты жоғын айтып, қабылдаудан бас тартады. Мектеп тарап кеткен. Содан сыныптастары жиналып, ректорға кіріп: «Мектепті үздік оқыған құрбымыз еді. Белгілі себептермен орта білім алғаны жөнінде құжат ала алмай қалды. Енді оның бізбен бірге оқуға қабылдануына рұқсат етіңіз», - деп жалбарынғанымен, орыс ұлтының өкілі аттестатсыз қабылдай алмайтынын айтып, бас тартады. Бірақ табанды, қайсар қыз жылап, еңіреп жүріп, филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түседі. Бірінші семестрде төрт емтиханның бәрін де беске тапсырып, жоғары шәкіртақыға ілінеді. Екінші семестрде де барлығы беске бағаланады.
Әйтсе де, тұла бойында бұлқынған сиқырлы әуен маза бермей, тынышын алады. Біраздан соң, өнердегі ортасын іздеп, «Мен мұнда неғып жүрмін?» - деген ойлар алқымынан ала бастайды. Тағдыр жолының бетбұрыс жасар сәті келді ме, әйтеуір, ауылдасы Шамғон Қажығалиевтің Ордаға келіп, концерт қойып жүргенін естиді. Бөкейлік құрбысы Рабиға Оразова да Алматы қаласындағы консерваторияға бару қамында жүр екен. Солармен ілесіп кетейін десе, жол қаражатының жоқтығы қолбайлау болады. Бойын музыкаға деген ынтызарлық буған арманшыл қыз дәрменсіздіктен, бұл жолы да көз жасына ерік береді. Алып-ұшқан албырт шақ алды-артына қарата ма?! Мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген Қатау Айдаралиев ағайының Сәуле, Қамария атты екі қарындасымен бірге оқыған екен. Сол екі қыз мұның қамығып жүргенін ағасына айтып, мың болғыр мұғалімі бұған біраз қаржы беріп жіберіпті. Аяқ астынан көздегені оңтайлы шешіле бастағанына қатты қуанған ол заматта құрбысымен хабарласып, екеуі «Алматы, қайдасың?» деп тартып отырады. Жолай бұлардың қатарына Шамғон Қажығалиев қосылады. Сөйтсе, Рабиға екеуі «Бірге барамыз» деп алдын ала келіскен екен. Бөкейлік үшеудің жолдары болып, студент атанады.
Бір жақсылықтың артынан бір қырсықтың ілесіп жүретіні несі екен?! Іле шала елде қалған ата-анасынан «Ағаларыңнан «қара қағаз» келді. Ауылға қайт!» - деген жеделхат алады. Майданға аттанған қос ағайы кескілескен ұрыста қаза тауыпты. Бұл оқудың бір қиын жері жататын орын, тегін тамақпен қамтамасыз еткенімен, шәкіртақы төленбейтін. Ал ауылға бару үшін жолға қаржы керек. Сол кезде дарынды шәкірттің бұл шешіміне ұстазы Ахмет Жұбанов қатты қапаланды. «Саған өзге оқудың қажеті жоқ. Сен танымал музыкант боласың» деп райынан қайтаруға тырысқанымен, еш нәтиже шығара алмайды. Елдегі жағдай оның алды-артын ойлауына мүмкіндік бермейді. Институтта оқыған кезінде стипендия алып тұрғаны есіне түсіп, ең болмаса, бір семестр оқитын оқу орнын іздейді.
– Жолай кезіккен ҚазПИ және т. б. сынды жоғары оқу орындарын менсінбей, ақыры ҚазМУ-дың жанына келгенде, «Бұл қандай оқу орны екен? Көрейін деп ішке ендім. Әупірімдеп жүріп, деканатты тауып, Орал педагогикалық институтының бірінші курсын өте жақсы тапсырдым. Енді ҚазМУ-ды ІІ курстан бастап оқимын» - деп табандатып тұрып алдым. Мені бір оқытушы кілең өрімдей жастар отырған аудиторияға кіргізіп жіберді. Студенттердің бәрі костюм, туфли киіп, жып-жинақы болып отыр екен. Ал менің үстіме киген киімімнен адам шошырлық. Аяқта жаман сандалик. Оған да жаңбыр жауғанда су тиіп, бір жағы ашылып кеткен. ҚазМУ-дың деканы: «Сен пединститутта араб тілін оқыған жоқсың ғой, университетте ол тіл оқытылады», - деді. Пединституттағы бестікке толы зачеткамды көрсетіп: «Мені қабылдаңызшы, бір көрсетіп жіберсе, арабша да жазып кетемін», - дедім. Содан бір ағай: «Оны студент қатарына қабылдайық», - деп оқытушыларға кесімді сөз айтады. Кейін білгеніндей, ол кісінің өзі осы Орал жақтың адамы екен деп сол бір кезеңді Шәнда Жұмағазиева еске алады.
Белгісіз жанашырдың арқасында Ш. Жұмағазиева С. Киров атындағы ҚазМУ-ды ІІ курстан жалғастырып оқиды. «Ауылға қайтамын» деген ой бірте-бірте саябырсып, «Музыкант боламын» деген үлкен арманымен де біржола қош айтысады. Бірақ бұла қабілет қойсын ба!? Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы ансамбль, ұлт-аспаптар оркестріне қатысып, өнерін көрсетеді. Студенттер арасында өткен бір концертте орыс композиторларының «Синий платочек», «Темная ночь», «Землянка» әндерін шырқап, көптің көзайымына айналады.
Мектепте оқығанда неміс тілінен сабақ берген Отто Гентер есімді жап-жас ағайының үйреткендері санада шегеленіп қалған екен. ҚазМУ-дың қазақ филологиясына түскен кезінде қазақты әлемге танытқан М. Әуезов, белгілі ғалым-академик Қ. Жұмалиев, профессор Б. Шалабаев пен Б. Кенжебаевтардың дәрісін тыңдады. Мұнда да үздік студент атанды. 1948 жылы Қ. Жұмалиевтің жетекшілігімен Махамбет Өтемісұлының баспада жарияланбаған «400 жол өлеңі» тақырыбында дипломдық жұмысын да сәтті қорғайды. Бұл еңбегіне Қ. Жұмалиев жетекші болса, М. Әуезов: «Бұл – диплом емес, диссертация» - деп жоғары баға беріп, аспирантурада қалуына ұсыныс жасайды. Бірақ ата-анасын, соғыста қайтыс болған ағасы Есләмнің артында қалған ұл-қызын ойлап, Оралға оралады. Олардың біреуін балалар үйінен шығарып, өз қамқорлығына алады. 48 жыл бойы өзінің ыстық ұясы болған туған топыраққа бармауының басты себебі жеңгесінің үлкен ағасы Есләмнан өрбіген қос бауырын балалар үйіне қалдырып кеткеніне қатты ренжиді. «Енді оның бет-жүзін көрмеймін», - деп өзіне серт беріп, ата-анасын қолына көшіріп алады. Дәті берік қайсар жан уәдесіне тұрады. Содан жеңгесі қайтыс болған соң, өзі түлеп ұшқан Жәңгір хан атындағы орта мектептің 150 жылдығында ғана Ордасына ат басын бұрады. Топыраққа табанын басқан ардагер-ұстаз кеудеде шемен болып қатып қалған сағынышы мен мұңын елу жылға таянғанда шығарып, бір жеңілдік сезінген екен.
Құдай қосқан қосағы, тарих ғылымдарының кандидаты Зейнолла Аманғалиев Орал пединститутында 24 жыл кафедра меңгерушісі болып, 100-ден астам ғылыми мақалалар жазды. БҚМУ-дың құрметті профессоры атанды. Өнегелі қос ұстаз бір қыз, бір ұл сүйіп, бақытты ата-ана болды. Азаматы өмірден өткенімен, қос ұрпағынан өрбіген немере-жиендер өсіп-өнуде. Қызы Әлия Мәскеу қаласында болса, ұлы Ғайнутдин Оралда тұрады.
Кеудесі – кеніш, сүйкімді кейуанамен мәні терең әңгіме өрбіді. «Үлкен кісіні шаршатып алмадым ба екен?» - деп ойлап отырсам, Шәнда апай: «Сенімен сөйлесіп, мен керемет болып қалдым», - деп риясыз жымиды. Жып-жылы алақаны қолымды ғана емес, жүрегімді де жылытып тұрғандай, аяулы жанның шаңырағынан жеп-жеңіл сезіммен шықтым. Аман болыңыз, әз-ана!
Гүлнар ҚАДЫРОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Бөкей ордасы ауданы