Жыл басынан бері облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткіге қатысты 110 құқықбұзушылықты анықтаған. Бұл туралы аталмыш басқарманың жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бағдат Түгелов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндады.

110 құқықбұзушылықтың 45-і қылмыс болса, 65-і – теріс қылықтар. Есірткі қылмысы бойынша тіркелгендердің 25-і – сатуға қатысты, екеуі – аса ірі көлемде сақтау, 10-ы – есірткі өсімдіктерін өсіру және жетеуі – контрабанда дерегі. Сондай-ақ полиция подполковнигі Бағдат Аманжолұлының айтуынша, заңсыз айналымнан 19 келіге жуық есірткі заттары тәркіленген.
– Биыл басқа өңірлерден есірткі заттарын тасымалдайтын екі арна жойылды. 27 мамыр күні облыс аумағында есірткі заттарын таратумен айналысқан алты қатысушыдан құралған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Тергеп-тексеру нәтижесінде заңсыз сауда жүргізетін екі интернет-дүкен жойылды. Сонымен қатар есірткі өсімдіктерін өсіру бойынша сегіз зертхана анықталды. Синтетикалық есірткі заттарын өндіретін зертхананы анықтау бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Есірткіге қатысты құқықбұзушылықтары үшін 80 азамат ұсталса, оның ішінде 22-сі есірткі заттарын сатумен шұғылданған. Осының нәтижесінде заңсыз айналымнан 840,42 гр синтетикалық есірткі заттары мен 16 келіден астам марихуана тәркіленді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда үш есе жоғары, – деді БҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Бағдат Түгелов.
Биыл өңірімізде есірткіге қарсы 439 үгіт-насихат іс-шарасы өткен. Одан бөлек түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарында 11 рейдтік жұмыс ұйымдастырылған. Бүгінде есірткіге қарсы жұмыстар қарқынды жүзеге асырылуда. Айта кетелік, Whatsapp қосымшасы мен сенім телефонының көмегімен 410 есірткі жарнама жазбалары анықталып, жойылған. Биыл жыл басталғалы есірткі және оның жарнамаларын тарату бойынша 552 сайт бұғатталған.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»