1.08.2025, 13:00
Оқылды: 142

560-қа жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген

Орал қаласында «QazaqGaz» ұлттық компаниясының  қолдауымен  «Жол-көлік  оқиғасын  тоқтат!»  атты іс-шара өтті.

05b35902-f4da-4fcd-b488-4278bd39c4b8

Аталмыш жиынға облыстық полиция департаменті, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, апаттар медицинасы орталығы және «Intergas Central Asia» АҚ-ның қызметкерлері қатысты. Алдымен, «QazaqGaz Onimderi» ЖШС-ның аға инженері Әділбек Жармұхамбетов басқосу мақсатын айтып, маңыздылығына тоқталды.

– Өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында іс-шаралар өтуде. Біздің серіктестікте 2023 жылдың 4 мамырынан бастап «Жол-көлік оқиғасын тоқтат!» атты жиын тұрақты түрде ұйымдастырылады. Азаматтар имитатор арқылы көлік құралын басқарғанда қауіпсіздік белдігінің маңызды екеніне көз жеткізеді. Адам аталған құрылғыға отырып, сағатына 30 шақырым жылдамдықпен кедергіге соғылады. Қауіпсіздік белдігі түйіскен кезде тізгіншіні немесе жолаушыны ауыр жарақаттар алудан сақтайды. Қауіпсіздік ережелеріне қатысты білімін арттыру мақсатында компанияның Атырау, Ақтөбе, Қостанай облыстық филиалдарында осындай түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – деді аға инженер Әділбек Жармұхамбетов.

Іс-шара қатысушылары имитаторға мінбестен бұрын медициналық тексеруден өтті. Ақ желеңділер азаматтардың қан қысымын өлшеп, есінен тану секілді жағдайлар орын алмас үшін сұхбат жүргізді. Аға инженер сөзіне өзек еткендей, құрылғы кедергіге түйіскенде қауіпсіздік белдігі соқтығыс әсерінен туындаған қатерді төмендетті.

Одан кейін БҚО ПД жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Арман Баекесовке сөз ұсынылды. Ол 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс бойынша 560-қа жуық жол-көлік оқиғасы болғанын тілге тиек етіп, азаматтарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға  шақырды.

5f721b53-7b43-469b-9ccf-c570f6f8f0b1

– Жоғарыда аталған жол-көлік оқиғаларынан 36 азамат қайтыс болып, 800-ден астамы түрлі дене жарақатын алды. Жол-қозғалыс ережелерінің сақталмауы, жылдамдықты шамадан тыс асыру, басып озу және бұрылыс кезіндегі қателіктер – көліктердің соқтығысуына басты себеп. Көлік тізгіншісі өзінің, жолаушылардың, сондай-ақ өзге де азаматтардың өмірі мен денсаулығын ойлауы қажет. Жолаушылардың қауіпсіздік белдіктерін таққанына толық көз жеткізгеннен кейін, көлік құралын қозғалтқан жөн, – деді майор Арман Баекесов.

Бұл басқосуда жарақаттанған тізгіншілер мен жолаушыларға көрсетілетін  алғашқы көмек туралы ақпарат айтылды. Сонымен қатар қызметкерлер жолдағы сақтық шараларын  да  пысықтады.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале