23.12.2022, 16:15
Оқылды: 49

5G жиілігіне арналған екінші ашық аукцион сомасы рекордқа жетті

Бүгін Қазақстанда 5G үшін радиожиіліктерге ашық аукцион аясында екінші лот өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

4

«Бір сағат бұрын №2 лот бойынша 5G үшін радиожиіліктерге арналған аукцион аяқталды. Аукционның бастапқы бағасы 1,761 млрд теңгені құрады. Сағат 10:00-де ең қомақты бастапқы ұсыныс түсті - 20 млрд теңге. Ал 4 сағаттан астам уақыт ішінде сома рекордтық 93,399 млрд теңгеге дейін өсіп, аукцион аяқталды. Жеңімпаз болып «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС-нен құралған консорциум танылды», - деп жазды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жеңімпаз тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдегеннен кейін 3700-3800 МГЦ жиілігіне (100 МГЦ) ие болады. Аукционының қорытындысы бойынша республикалық бюджетке жіберілген сома 156 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат интернет сапасын көтеруге арналған жаңа ұлттық жобаны іске асыруға бағытталады.

«Естеріңізге сала кетейін, жоба аясында 3 мыңға жуық ауылды талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз ету, республикалық және облыстық жолдар бойымен оптика салу, сондай-ақ басқа да маңызды жұмыстарды атқару ескерілген», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 22 желтоқсан күні елімізде алғаш рет 5G үшін ашық аукцион өтті.

«Бүгін - Қазақстанның телекоммуникация саласы үшін тарихи күн. Біз алғаш рет мобильді байланыстың бесінші буыны (5G) үшін радиожиіліктерге ашық аукцион өткізіп жатырмыз! Айқын және ашық түрде өтіп жатқан бәсекеде №1 лот бойынша (3600-3700 МГЦ жиілік) сауда-саттық аяқталды. Жеңімпаз - 62,669 млрд теңге қаржыға өтінім білдірді», - деп жазды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Telegram парақшасында.

Фото: facebook.com/BagdatMussin

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале