3.05.2018, 16:56
Оқылды: 56

«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асырудың төрт кезеңі анықталды

Ұлттық банк «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері» бағдарламасын іске асырудың төрт негізгі кезеңін анықтады. Бұл туралы бүгін брифингте Ұлттық банктің облыстағы филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов мәлімдеді.

Қозыбақ Әбуұлының айтуынша, бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыру барысында банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін барынша іске қоса отырып, ипотекалық кредиттердің секьюритилендіру тетігін қалпына келтіру қажеттігі туындайды. Жуырда Ұлттық Банк Басқармасы 100%-дық еншілес арнайы компанияны – Бағдарламаның операторын құру туралы шешім қабылдады. Жаңа компанияның капиталы Ұлттық Банктің қаражаты есебінен қалыптаспақ. Капитал компанияға 7-20-25 формуласы бойынша ипотекалық кредиттерді сатып алу рәсімін іске қосу үшін нарықтық талаптармен қаржы нарығынан қаражат тарту үшін қажет. Бұл секьюритилендіру тетігі.

Екінші кезең Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін осы компанияны қаржы агенттігінің тануын білдіреді. Үшінші кезең тұрғын үй бастамасының жаңа мүмкіндіктері әркімге жеңілдік талаптарын беретін мемлекеттің теңдессіз қадамы болатынымен сипатталады. Алайда бағдарлама масылдыққа жол бермеуге тиіс.

-Бағдарламаның қаржылық жағы болашақ қарыз алушылардың төлем жасау қабілеттілігін талап етеді. Бағдарламаға ресми кірісі бар Қазақстан азаматы қатыса алады. Қазіргі кезде банктермен өлшемшарттар пысықталуда. Тұрғын үй құны әртүрлі болғандықтан, ірі қалалар мен өңірлер бойынша баспана құнын саралау жұмысы жүргізіледі. Мысалы, тұрғын үйдің құны 10 млн. теңге болса, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды, бұл жалпы алғанда, жұмыс істейтін қазақстандықтардың көпшілігі үшін қолайлы», - деді Ұлттық банктің өңірлік филиалының басшысы.

Қозыбақ Құлбарақов атап өткендей, бағдарламаның төртінші кезеңі  жеңілдік берілген ипотекалық кредиттердің толық қамтамасыз етілуін және түгел қайтарымды болуын қамтиды.

-Соңғы жылдары енгізілген, ипотекалық кредит беруді тартымды етпеген кейбір нормаларды қайта қарау қажет. Қазіргі таңда Ұлттық Банк қажетті заңнамалық түзетулерді Үкіметтің қарауына жіберді. Бұл өлшемдер әлі нақты емес, әлі де мүдделі мемлекеттік органдармен және банктермен талқыланады. Өңірлерде халықты баспанамен қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы органдардың ұсыныс-пікірлері де ескерілетін болады,- деді ол.

Брифинг барысында ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру мәселесі де сөз болды. 2015 жылы Ұлттық банк 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық қарыз алған азаматтарды қолдау мақсатында қайта қаржыландыру бағдарламасын бекітіп, оны іске асыруға 130 млрд.теңге қаржы бөлінген болатын. Яғни, қарыз бойынша негізгі борыш қалдығы жылдық 3 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен қайта қаржыландырылып, қарыз алушының өсімпұл, тұрақсыздық айыбы және комиссиялар бойынша берешектері жойылады.

-Бүгінгі таңда елімізде 23 мыңнан астам отбасы ипотекалық қарыздар бойынша төлемдерін жеңілдетті. 2018 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша, біздің облыста жалпы сомасы 2.0 млрд теңгеге 483 өтінім бойынша займдар қайта қаржыландырылды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында ел азаматтарының 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде алған валюталық ипотекалық қарыздары бойынша түпкілікті шешім қабылдауды тапсырған болатын. Соған сәйкес Ұлттық банк ағымдағы жылдың 27 наурызынан бастап жоғарыда аталған Қайта қаржыландыру бағдарламасына толықтырулар енгізіп, 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған валюталық ипотекалық қарыздарды Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландыра бастады. 2015 жылғы 18 тамыздан кейін ағымдағы бағам бойынша теңгеге ауыстырылған валюталық қарыздар және олар бойынша сот актілері шығарылған қарыздар қайта қаржыландырылатын болады,-деді Қ. Құлбарақов. Еліміздегі банктер қайта қаржыландыруды 2018 жылдың 30 желтоқсанына дейін жүзеге асырады, сол себепті азаматтар өздерінің берешектерін теңгеге ауыстыру туралы өтінішті осы жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірмей беруі тиіс.

Бағдарламаға енгізілген келесі өзгеріс – 2004-2009 жылдары ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар Ұлттық банк қарыз алушылардың борыштары бойынша олардың жеке меншігіне өткен тұрғын үйді жалға беру құқығын беру жөніндегі заңнамалық бастама жасады. Ол проблемалық қарыз алушыларға ұзақ уақыт тұру және оған бұрын тиесілі болған тұрғын үйді жалдау төлемдерін төлеген соң меншігіне қайтарып беруді көздейді.  Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бағдарлама қарыз алушылардың борыштарының толық кешіруді көздемейді, тек қарызға қызмет көрсету талаптарын жеңілдетеді.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале