«Жайық Пресс» медиахолдингінің «Жұмадағы жүздесу» атты төл жобасының биылғы маусымашар кездесуі айтыскер, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязованың өмірдегі және өнердегі дара жолына арналды.
Шара шымылдығын ашқан «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитұлы биыл мерейлі 70 жасқа толатын айтулы ақынды құттықтап, бүгінгі кездесуді мерейтойға орай жоспарланған іс-шаралардың бастауы ретінде атап өтті. Кездесу барысында елге танымал ақын, журналист Батыр Қыдырниязов пен сөзге ұста, эпостық жырларды жатқа айтатын өнерлі жан болған Бибібәтима Ерғалиеваның шаңырағында, қасиетті Қаратөбе өңірінде дүниеге келген Шолпан апа өмірінің әр кезінен сыр шертіп, кеш қонақтары ақынның адами-тұлғалық қасиеттерін айшықтайтын әдемі естеліктерімен бөлісті. 4-сыныпта оқып жүрген кезінен бастап соғыстан жараланып, бір аяғы мен бір қолынан айрылып оралған әкесінің мақалалары мен өлеңдерін жазуға қолғабыс ете жүріп, бала Шолпанның өлеңге, өнерге деген құлшынысы оянған екен. «Ешкім оқу оқып, ақын болмайды, бұл өнер текте болуы керек. Ақындық өнер маған әкемнің тегінен қан арқылы берілді. Мысалы, адамды қаншама әншілікке оқытсаң да, ол тегінде бар әншідей бола алмайды», - деген ақын апамыз өмірінің әр кезеңінде тұлғалық қалыптасуына үлес қосқан ұстаздары, ересек өмірде басшы ретінде білгенін үйреткен ер-азаматтардың барлығы дерлік ер-азаматтар болғандығын айтып, өзінің турашылдығы мен шыншылдығына, ұстанымының беріктігіне, артық сөзге әуес болмауы отбасындағы тәрбие мен осы азаматтардың тәлімінің арқасы деп есептейді.
Кездесу барысында алғашқы еңбек жолын 17 жасында Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» газетінен бастаған бойжеткен Шолпанды журналистика саласына баулыған сол кездегі аудандық газеттің бас редакторы Ғилаж Наурзин, ең алғашқы рет қатысқан аудандық ақындар айтысында қарсыласы болған, бүгінде Бәйтерек ауданының Достық ауылында тұратын ұлағатты ұстаз Құмарғали Ғұбайдуллин, Шолпан Батырқызымен ең көп айтысқа түскен «Қазақтың Қатағасы» атанып кеткен есімі алты алашқа әйгілі тұлға, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, ең алғаш басқарма болып құрылған кезінде Шолпан апамыз басшылық еткен облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, сырласу кешіне Қаратөбе ауданының халқы мен басшылығының аманатын арқалап келген аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев пен ақынның кезінде мемлекеттік қызметке алып келген шәкірті, бүгінде Батыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының бас инспекторы болып қызмет атқаратын Гүлжайна Бисенғалиева ақын апамыз туралы ойларын ортаға салды. Бейнежазба арқылы сәлем жолдаған өңір басшысы болып жүрген кезінде Шолпан Батырқызынан қазақ тілі бойынша дәріс алып, білімін жетілдірген, қазіргі кезде АҚШ-та іссапарда жүрген Нұрғали Әшімов пен кезінде республикалық айтыста қарсылас болып, бақ сынасқан, бүгінде Астана қаласында тұратын Қонысбай Әбілдің ыстық лебіздері Шолпан Батырқызы үшін ерекше тосынсый болғаны анық. Әдемі кеште ақынның сөзіне жазылған «Әкемен сырласу» әнін Теректі ауданынан арнайы келген әнші Таңат Жексенбаев, «Ақжайық» әнін әнші-сазгер, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Гүлбаршын Қасиетова және кеш қонақтары қосыла шырқаған «Қоскөл кеші» атты әнін әнші Майра Қайдарова әуелете шырқады.
Аяужан Кереева,
суреттерді түсірген Темірболат Тоқмамбетов
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер