БҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында екі адамның қанын мойнына жүктеген қос қылмыскерге үкім шықты.
Білетіндер түрмеге түсетіндердің 80 пайызынан астамы арақтың күшімен (мастықпен) қылмысқа баратынын айтады. Соның нақты бір мысалындай қанды оқиға 2018 жылғы 5 қазанға қараған түнде Оралдағы Х.Чурин көшесіндегі жалдамалы бір пәтерде орын алды.
Судья Б.Ермахановтың айтуынша, Арман Қамиев, Бекболат Хамзин, Руслан Сәңкібаев, Анатолий Васильев төртеуі бірге отырып арақ ішеді. Олардың шамадан тыс көп ішкенін оқиға орнынан түсірілген суреттерден, бейнежазбалардан айқын көруге болады екен. Мұны сотталушылардың өздері де теріске шығармайды. Олардың біреуі ақша табу үшін марихуана сатуды ұсынады. Сонда Сәңкібаев пен Хамзин сөзге келіп, керісіп қалады да, Сәңкібаев Хамзинді ұрып құлатады. Ара түсуге ұмтылған А.Васильев те алдыңғы танысының кебін киеді. А.Қамиев жерде сұлап жатқан екі танысына бірнеше соққы берген. Одан кейін темір табамен ұрған. Соның нәтижесінде Б.Хамзин мен А.Васильев оқиға орнында жан тапсырады. Ал А.Қамиев пен Р.Сәңкібаев қанды оқиға болған жерден тайып тұрады.
– Сот Сәңкібаев пен Қамиевтің кінәларын ішінара мойындап, шын жүректен өкінуі олардың жазасы мен жауаптылығын жеңілдететін, ал алькоголь мен масаю күйінде қылмыс жасағандары олардың жазасы мен жауаптылығын ауырлататын мән-жай деп есептеді. Өйткені бұл қылмыстық кодекстің 53, 54-баптарында нақты көрсетілген. Дегенмен 99-баптың 2-бөлігінде 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Олардың бұрын сотталмағандарын, болған іске өкінетіндерін, жеке бастарының, отбасы жағдайларының, қорғаушы айтқандай, екеуі де анасыз тәрбиесіз өскендігін ескеріп, ең төменгі жазаға жақын жаза тағайындалды. Р. Сәңкібаевқа ең төменгі жаза 15 жыл және ол қайта айналып келіп, өлген адамның ұялы телефонын өзімен бірге алып кеткен ұрлығы үшін 188-бабы 1-бөлігіне (ұрлық) сәйкес айыпты деп танылып, ішінара қосу арқылы 6 ай жаза тағайындалды. Сот Р.Сәңкібаевты 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім кесті. А.Қамиев ҚР ҚК-ның 99-бабы 2-бөлігі 1, 7-тармақтары бойынша (екі немесе одан көп адамды өлтіру) айыпты деп танылып, оған 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Өйткені Р.Сәңкібаевтың айтуынша, Қамиевтің екі адамды өлтіруге нақты оқталғаны байқалады және белсенді әрекет жасап, екі адамды басы сынғанша табамен ұрған, – деп түсіндірді сот шешімін судья Б. Ермаханов.
Сотталғандар жазаны қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді және олар өздері өлтірген азаматтардың бірінің анасына 1 млн. теңге көлемінде келтірген моральдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Гүлбаршын Әжігереева,
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер