2.05.2025, 12:15
Оқылды: 248

80 жылдыққа – 80 түп алма ағашы

Өткен аптада «SAMGAU»  азаматтық  бастамалар  қауымдастығының ұйымдастыруымен Орал қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №46  және Хиуаз Доспанова атындағы №30 орта мектептер аумағына 80 түп алма ағашы отырғызылды.

20250425-IMG_5294

– Жеңістің 80 жылдығына орай 80 жеміс көшетін егуді қолға алдық. Бауыржан Момышұлы атындағы №46 және Хиуаз Доспанова атындағы №30 мектептерді таңдап алғанымыздың да өзіндік мәні бар. Өйткені аталмыш мектептің аты берілген есімдер – Отан үшін от кешкен еліміздің батырлары. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген де сөз бар. Акция ағаш егумен  ғана шектелмейді. Тарихымызға, батырларымызға деген құрмет көрсетіле береді.

Бұл – Жеңіс жауынгерлеріне деген алғыстың белгісі және өскелең ұрпаққа жасалған  сый. Бастамамызға қолдау танытқан қос мектеп ұжымына алғысымыз шексіз, – дейді «SAMGAU» азаматтық бастамалар қауымдастығының жетекшісі Гүлбаршын Мұштанова. Сондай-ақ игі іс шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева арнайы қатысып, оқушылармен бірге науқанға үлес қосып, үлгі-өнеге көрсетті.

– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде елімізде 4,5 миллионға  жуық көшет егіліп, орман алқабымыздың толтырылғанын атап өтті. Бұл акция 11 жылдан бері жүзеге асып келеді. Елімізді көркейтіп, қаламызды жасылдандыра түсетін бастама әлі де өз жалғасын табады деген үміттемін, – деді Гүлжанар Болатқызы.

Жалпы, көгалдандыру жұмыстары облыс орталығындағы демалыс және қоғамдық орындарда ғана емес, білім ұяларында да қолға алынуы керек екенін айтады Х. Доспанова атындағы орта мектептің мұғалімі Әйгерім Битебаева.

– Бұл шараға мектеп басшысы мен ұстаздар да белсене қатысып, оқушыларға  қолдау білдірді. Мұғалімдер мен оқушылар жұмыла еңбек етіп, алма ағаштарын егіп қана қоймай, оларды  күтіп-баптау жұмыстарын да  өз жауапкершіліктеріне алды. Ағаш отырғызу – қоршаған ортаны қорғаудың маңызды бір бөлігі. Бұл бастама жас ұрпақтың экологиялық  жауапкершілігін арттырады.

Сонымен қатар бұл акция – соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетудің біржолы. Әр алма ағашы – болашаққа қалдырылған мұра, ерлікке құрмет, – дейді Әйгерім Битебаева.

Жеңістің 80 жылдығына орай отырғызылған 80 түп алма ағашы – жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беріп, патриоттық рухын арттыруға бағытталған игі іс. Табиғатты қорғау – әр азаматтың парызы. Таза әрі жасыл әлемді болашақ ұрпаққа қалдыру – біздің парызымыз.

 

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале