5.03.2022, 11:00
Оқылды: 6

86 миллион айыппұл арқалаған

Біздің өңірдің Ресеймен шекарасында орналасқан «Сырым» фитосанитарлық бақылау бекеті мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуімен маңызды. Өйткені аталмыш бекет елге, қала берді облыс аумағына карантиндік нысандарды әкелу мен таратуға  жол бермеуді  мақсат етеді.

AD74464C-4945-4F62-9023-31E410A04D82

Шекараның дәл түбінен орын тепкен бекеттен бізді бас маман Жанболат Булекчурин қарсылап алды. Ол ҚР АШМ АӨК МИК БҚО  АИ* өсімдіктер карантині және фитосанитарлық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінде қызмет етеді. Шекара сызығын кесіп өтіп, бірі елге кіріп, енді бірі сапарлап  шығып бара жатқан көліктер, әсіресе, транзиттік жүк көліктері көп екен. Бас маманның сөзінше, шекарадан  күніне орташа есеппен 70-80 аутокөлік  өтеді.

– Біздің басты міндетіміз – ел аумағын карантиндік нысандардан қорғау, олардың таралуының алдын алу. Шетелден келетін, экспортталатын тауарларға, транзиттік жүктерге бақылау, қадағалау жасаймыз. Осы ретте аутокөлік жүргізушілері тарапынан жиі наразылық еститінімізді айтқым келеді. Бұған фитосанитарлық бақылау бекеттерінің аутокөлікті шекара бақылау бөлімшесінен тыс орналасуы себеп болып отыр. Жүргізушілер шекарадан өткен соң, 100-300 метрдей жерден фитосанитарлық бекетке құжаттарын тексертуге келеді. Ал бұл ауа райы қолайсыз кезде, көктемгі шалшық пен қыстағы боранда қиындық тудырады дейді. Алайда тауарларды фитосанитарлық тексерістен міндетті түрде өткізу керек. Бірақ кейде  кейбір көлік жүргізушілері шекара аймағынан тысқары тұрған инспекторларға тоқтамай өтіп кетеді, – дейді бас маман.

Фитосанитарлық бақылау бекетінде Ресейге жол тартқан жүк көлігінің құжатын тексеріп жатқан инспектордың жұмысына куә болдық. Кептірілген жемістің түр-түрін тиеген көлік Сайрамнан шыққан екен. Бұл жерде бақылаушы инспекторлар тауардың таңбалау белгісіне (маркировка) мән береді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болған соң, бес мемлекеттің арасында тасымалданатын жүктің маркировкасы болуы шарт. Онда  өнімнің шыққан жері мен уақыты жазылады. Тауар салынған әрбір бума, қапшық әлде болмаса, қорап таңбалануы керек. Орманнан кесіп алынған ағаштар  да шекара арқылы тасымалданады. Мұндай ағаштарда зиянды жәндіктердің болмауы да назарға алынады. Яғни елге таза өнім кіргізу керек.

84EBA968-4B00-4146-B01C-2809196B27BB

Жалпы, облыс бойынша Бөкей ордасы, Бөрлі, Жәнібек, Бәйтерек және Тасқала аудандарының аумақтарында фитосанитарлық бақылау бекеттері (ФББ) құрылған. Алайда қазір «Тасқала» және «Сырым» бекеттері ғана  жұмыс істеп тұр. Ал Ақсай мен Жәнібек аудандарындағы бекеттер мобильді топ негізінде қызмет етуде.

– Фитосанитарлық бақылау бекеттерінде ел аумағына импортталатын немесе елден экспортталатын, транзит арқылы басқа елдерге өтетін  карантинге жатқызылған нысандар бақыланып, қадағаланады. Біздің елдің  аумағына негізінен бидай, арпа, картоп және басқа да көкөністер мен жемістер келеді. Ал Батыс Қазақстан облысына көбінесе бидай, арпа, ұн кіргізіледі. Алып келе жатқан тауардың  арнайы сертификаты болуы керек. Мұндай құжат болмаған жағдайда әкімшілік хаттама толтырылып, тауарлы көлік экспорттаушы елге кері қайтарылады. «Сырым» бекетінен күніне орташа алғанда 70-80,  көп дегенде 110-115  көлік өтеді. «Тасқала» бекетінен күніне орташа есеппен 20-25 көлік жүреді, – дейді  ҚР АШМ АӨК МИК БҚО  АИ* өсімдіктер карантині және фитосанитарлық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Талғат Ерғалиев.

Талғат Уалиханұлы айтып өткендей, ел аумағында карантиндік нысандардың 14 түрі  таралған. Ал облыс көлемінде олардың 4 түрі, яғни  жатаған укекіре, көпжылдық ойраншөп, арамсояу және жұпсыз жібек көбелегі бар. Ал Кеден одағы бойынша  200-ге жуық түрі бар екен. Халықтың өмірі мен денсаулығына зиянды карантиндік өсімдіктер мен жәндіктерден құтылу үшін жерлер өңделеді. Биыл облыс бойынша жатаған укекіреге қарсы республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жер қорындағы 758,5 гектар жер өңделмек. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің   қаражаты есебінен 758,61 гектар жерді өңдеу жоспарланған. Карантиндік арамшөпке жататын көпжылдық ойраншөпке қарсы Бәйтерек ауданында республикалық бюджет есебінен  47,5 гектарға  химиялық өндеу жүргізілмек.

3FD7DE23-8D30-4531-829A-0C7715EEB2CC

Ел аумағына экспорттаушы елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің фитосанитарлық сертификаттарынсыз фитосанитарлық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнімдерді  әкелуге тыйым салынады. Сондай-ақ карантинге жатқызылған өнім импорттаушы елдің фитосанитарлық талаптарына сәйкес болуы қажет. Барлық талаптар «Өсімдіктер карантині туралы» Қазақстан Республикасы заңының 13-бабы, 2-тармағы, 2-1-тармақшасында көрсетілген. Фитосанитарлық талаптарды сақтамағандар «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР кодексінің 400-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, былтыр өңірде өсімдіктер карантині  бойынша 1531 заңбұзушылық анықталыпты. Жоғарыда аталған кодекстің 400-бабы бойынша 1433 әкімшілік іс қозғалған. Соған сәйкес 86 328 940 теңге айыппұл салынып, 100 қайтару актісі толтырылған. Ал жыл басынан бері мұндай заңбұзушылық екі есеге азайғаны байқалады. Заң талабын бұзған 80 дерек анықталды. 75 әкімшілік іс қозғалып, 5 329 620 теңге айыппұл салынған және 58 қайтару актісі толтырылыпты.

Шекарадан үздіксіз өтіп жатқан жүк көліктерінің жүргізушілері өсімдік карантині талаптарын сақтауды ұмытпаса игі. Өйткені бұл мемлекет қауіпсіздігі, қала берді тұрғындар денсаулығы үшін маңызды.

*ҚР АШМ АӨК МИК БҚО АИ – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылғы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале