Бұл материал редакция қоржынында жатыңқырап қалды. «Ештен кеш жақсы» дегендей, оқырман қауымның назарына ұсынудың енді реті келді. 17 қараша – Халықаралық шала туған балалар күніне орай облыстық перинаталдық орталықта мерзімінен бұрын дүниеге келген бөбектерге іс-шара ұйымдастырылған болатын.
– Осыдан сегіз жыл бұрын толғақ қысып, облыстық перинаталдық орталыққа келдім. Ол кезде жүктіліктің 28-аптасында жүр едім, яғни алты айдан асты. Содан қызым 1 келі 130 грамм болып дүниеге келді. Өте әлсіз болатын. Тіпті әлсін-әлсін тыныс алмай қалатын. Тыныс алу аппараты бар арнайы құрылғының ішінде жатты. Жұбайым екеуміз бөбегімізден айырылып қаламыз ба деп қатты қорықтық. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында Софиямыз аман қалды. Екі ай осы перинаталдық орталықта ем қабылдадық. Қызымның салмағы екі келіден асқан соң ауруханадан шықтық. Үйге барғаннан кейін де біраз күтім жасадық. Қазір бізде бәрі жақсы. София Орал қаласындағы жалпы орта білім беретін №32 мектептің екінші сыныбында оқиды. Гимнастика, би үйірмелеріне қатысады,- дейді Екатерина Захарова.
Дәрігерлердің айтуынша, айы-күні жетіп туған нәрестелерге қарағанда шала туылған сәбилердің физиологиялық жетілуі жағынан біраз айырмашылықтар болады. Олардың салмағы жеңіл, бойы қысқа, терісі жұқа және көкшіл түсті, кейбіреуінде тері астындағы май қабаты болмайды. Ал тым шала туған жағдайда денесін, тіпті бетін де түк мол жауып тұрады екен. Құлағының шеміршегі жұмсақ, қалқандары қисайып бітеді, симметриясы сақталмайды. Кіндік сақинасы іштің төменгі жағында орналасады.
Облыстық перинаталдық орталықта шала туған нәрестелер туралы тақта ілінген. Онда 880 грамм, 1 келі, 1 келі 300 грамм болып дүниеге келген сәбилердің бүгінде оқушы болып жүрген сәттерінен фотолар қойылған. Мерзімінен бұрын дүниеге келген үшемдер – Динара, Данара, Дарина қазір Орал қаласындағы №10 ЖОББМ-ның үшінші сыныбында оқып жүр. Анасы оларды кесір тілігі арқылы жеті айлығында босанған.
– 2013 жылы 30 желтоқсанда үшемді босандым. Босанған кезде салмақтары 1 келі 280 грамм, 1 келі 320 грамм және тұңғыш нәрестем 2 келі 400 грамм болды. Перзентханада мейірбикелер бірін-бірінен ажырату үшін зеленкамен біреуінің маңдайына бір нүкте, екіншісіне екі, үшіншісіне үш нүкте салып қоятын. Өсе келе анасы болған соң ерекшеліктерін байқай бастадым. Көз қиықтарында, мұрындарында айырмашылықтар бар. Қазір үшеуі де маған қолқанат. Үй шаруасында көмектеседі. Ыдысты жуып, төсек-орындарды, киімдерді жинайды. Біреуі ыдыс жуып бастаса, «Мә, Данара қызым ыдысты тап-таза етіп жуып жатыр. Жарайсың!» деп мақтап жіберемін. Сонда біреуі жүгіріп келіп, шәйдің орнын жинасады. Екіншісі шаңсорғышқа жабысады. Үшемнің үлкені Данара кез келген іске жауапкершілікпен қарайды. Ал кенжеміз Динара нәзік, әлжуаздау. Ортаншысы Дарина кішкентай кезінен жыбырлақ, тентек. Үшеуінің де сабақ үлгерімдері өте жақсы. Үшемнен бөлек отбасымызда тағы бір қыз бен ұлымыз бар, – дейді Дана Құрмашева есімді көпбалалы ана.
Облыстық перинаталдық орталықтағы жаңа туған сәбилер патологиясы бөлімінің меңгерушісі Әсел Неғметованың айтуынша, сәбидің уақытынан бұрын, яғни физиологиялық ағзалары жетілмей, дүниеге келуіне соқтыратын бірінші фактор – жүкті әйелдің денсаулығындағы кінәрат. Жүкті келіншек жоғары қан қысымы дертіне, қант диабетіне шалдықса, құрсағындағы сәби дамымай қалуы мүмкін.
– Облыстық перинаталдық орталықтың мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилер бөлімінде 40 төсек-орын бар. Оның алтауы реанимациялық, қалғаны жаңа туған сәбилер патологиясына арналған. Біздің бөлімде денсаулығы дімкәс аналар мен шала туған шақалақтар жатады. Мұнда жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға арналған кювез, ИВЛ аппараттары бар. Биылғы 10 айда облыстық перинаталдық орталықта 5900 әйел босанса, оның 553-і нәрестені уақытынан бұрын босанған. Мерзімінен бұрын дүниеге келген 25 шақалақтың салмағы 500-999 граммға дейін болса, 59 шақалақтың салмағы 1 келі 500 граммға дейін. Шала туған сәбилердің өмірін сақтау үшін оларды дәрігерлер күндіз-түні қадағалайды. Десе де олардың 50 пайызының өмірін сақтап қалу мүмкін болса, қалған 50 пайызы шетінеп кетеді, – дейді Әсел Мендаққызы.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz