Елімізде 2023 жылдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында: «Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті» деп атап өтіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың нақты бағыттарына тоқталған болатын. Мемлекет басшысы еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруды көздеп отыр. Сонымен қатар Президент ет, сүт, астық өнімдерін өңдеу, өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту және шағын шаруашылықтарды қолдау үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру қажет екенін жеткізді. Осыған байланысты бүгінде Батыс Қазақстан облысында бірқатар бастама қолға алынуда.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, оларды жеңілдетілген несиелеу арқылы кәсіпкерлікке тарту, кооперацияға біріктіріп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, дамыту, сондай-ақ ауыл тұрғындарын барынша өндірістік кооперативтерге біріктіру, ауылдардағы, елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын азайту. Жалпы бұл бағдарлама ауыл тұрғындарын еңбекке тарта отырып, толық сервистік қызметтерді ұйымдастыруға және мемлекеттік қолдауларға қол жеткізуге үлкен мүмкіндік береді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтің мәлімдеуінше, осы бағдарлама аясында маңызды азық-түлік тауарларына деген қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр.
– Бағдарлама мақсаттарының бірі – өңірімізде кооперацияны дамыту арқылы ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру. Жеке, қосалқы шаруашылықтардың кооперативке бірігуінің артықшылықтары туралы айтып жүрміз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдауға кооперативтер арқылы қол жеткізу мүмкіндіктері жайында да егжей-тегжейлі сөз қозғап келеміз. Шағын несиелер ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі №218 қаулысымен бекітілген «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарына сәйкес ұсынылуда. Сонымен қатар ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 4 қарашадағы №371 «Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микронесие беру қағидаларын бекіту туралы» және ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы №443 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» қағидасында айқындалған талаптар ескерілуде. Жұмыссыздар, қызметті өз бетінше жүзеге асыратын тұлғалар, дара кәсіпкерлер, ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, сату үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіретін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұлғалар, ауыл шаруашылығы кооперативтері, ісін енді ғана бастаған кәсіпкерлер несие ала алады. Микронесиелер және лизинг сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі, – деді Рүстем Мүлкәйұлы (суретте).

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін 8 000 айлық есептік көрсеткішке (31,5 млн теңге) дейін несие беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5 пайыздан аспайды. Микронесие мақұлданған соң ҚР Салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік кірістер құрылымдарында дара кәсіпкер ретінде тіркелу керек. Ауыл шаруашылығы техникасы және жабдығы лизингінің мерзімі – 5 жылға дейін. Лизингке жаңа ауыл шаруашылығы техникасы және жабдығы жатады.
– Жеке тұлға жобаны іске асыру жоспарланып отырған елді мекенде немесе шағын қалада тұрғылықты жері бойынша кемінде 12 ай тұрақты тіркеуде болуы қажет. Микронесиелер жеңіл аутокөлік сатып алуға, ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алуға, кейіннен жалға беру үшін ғимараттарды, үй-жайларды, тұрғын үйлерді сатып алуға берілмейді. Несиені алу үшін ең әуелі жеке тұлға сауалнаманы, сенім білдірілген өкілдің (агенттің) құжаттарына сәйкес лизинг алуға арналған өтінімді толтырады. Жеке басын куәландыратын құжатты тапсырады. Несиелік тарих субъектісінің ақпаратты несиелік бюроға ұсынуға, сондай-ақ есеп алушыға несиелік есепті беруге, субъектінің мемлекеттік немесе мемлекеттік емес құрылымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына шарт міндеттемелері туралы барлық мәліметті жеткізуге келісім береді. Шот және несиелік берешек туралы банктен анықтамалар қажет. Оған қоса кепіл мүлкін бағалау жайлы есеп және басқа да құжаттар керек болады. Бағдарлама қатысушылары қажетті құжаттарды тізім бойынша жинайды, – деді Рүстем Зұлқашев.
Рүстем Мүлкәйұлының сөзіне сүйенсек, 2023 жылы 6 млрд 429 млн теңге бюджеттік несие қаражаты толығымен игерілген. 992 шағын несие беріліп, 1 135 жаңа жұмыс орны құрылған. Соның ішінде 979 жұмыс орны 943 жеке кәсіпкерлікте, 156 жұмыс орны 49 кооперативте (АШӨК) құрылып отыр. Ал 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 7,9 млрд теңге қаржы көлемінде 922 адамға шағын несие беру арқылы 978 жұмыс орнын құру жоспарланған. Алайда осы бағдарлама үшін өткен жылы өңірімізге тек 2,5 млрд теңге қаржы берілген. Былтыр шілдеде 1 млрд теңге көлемінде 116 шағын несие беріліп, 164 жаңа жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар өткен жылы желтоқсанда 1,5 млрд теңге қаражат түсіп, 387,8 млн теңгеге 46 несие берілген. Жалпы 2023-2024 жылдары 7,8 млрд теңгеге 1211 микронесие беріліп, 1414 жаңа жұмыс орны құрылған.
– 2023-2024 жылдары бағдарлама шеңберінде 6 267 бас сүтті бағыттағы ірі қара малы, 1199 бас етті бағыттағы ірі қара малы, 16 247 бас қой және 14 270 бас құс сатып алынды. Берілген несиенің мақсатты жұмсалуын қадағалау үшін сатып алынған сүтті бағыттағы мүйізді ірі қара аналығына чип салынды. Чиптеудің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы жануарларын туыстарынан сатып алудың алдын алу, жалпы несиенің нысаналы жұмсалуын бақылау және есебін жүргізу. 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5,5 млрд теңге көлемінде 815 адамға шағын несие беру арқылы 886 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қаражат сәуір айында түсуі мүмкін. Айта кетейін, 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде өндірілетін өнімдерді «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясына өткізу бойынша меморандумға қол қойылған болатын. Аталған компанияға 10 млн теңгеге 2,5 тонна сары май жеткізілді. Құс шаруашылығы өнімдері бойынша меморандумға сәйкес 64,2 млн теңгеге 1 млн 284 мың дана жұмыртқа өткізілді. 264 млн теңгеге 132 тонна мүйізді ірі қара және ұсақ мал еті жеткізілді. Компания мердігерлеріне 8,6 млн теңгеге 36 тонна картоп, 500 мың теңгеге 4 тонна қырыққабат, 500 мың теңгеге 4 тонна пияз және 300 мың теңгеге 2,5 тонна сәбіз тапсырылды. Бройлер, үйрек, қаз өнімдерін компанияға өткізу бағытында жұмыстар атқарылуда. Бүгінде «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясы сатып алатын өнімнің негізгі атаулары, сондай-ақ жылдық көлемі нақтыланды. Осыған байланысты жұмыстар жалғасын табады, – деді Рүстем Зұлқашев.
Мәрлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»