5 сәуір – Геолог күні
Сәуір айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Геологтар күні қарсаңында өңір геологиясында өзіндік із қалдырған Әбілқасым Батыровтың еңбек жолына назар аудару орынды. Өмірін туған өлкесінің байлығын зерттеуге арнаған ол өз жетістігін ешқашан жеке-дара қарастырмайды. Керісінше, геология саласындағы табыстарды үлкен ұжымның, ғалымдар мен қарапайым жұмысшылардың бірлескен еңбегінің нәтижесі деп біледі. Сосын да болар, сұхбат басында: «Жазғаныңыз тек мен туралы болып кетпесін», – деп кесіп айтты.

Орал қаласында туып-өскен Әбілқасым Батыров мектеп қабырғасында жүргенде-ақ болашақ мамандығын айқындап қойған. Өйткені өзі тұратын Ет комбинаты шағынауданында геологтар ауылы болған. Сол жерде еңбек ететін адамдармен етене араласып, жұмысының қиындығы мен қызығын бала кезден көріп жүрген соң, болашақ мамандығын бірден тапқан. 1967 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, 1972 жылы мұнай және газ кен орындарын барлау мен геология мамандығы бойынша білім алып шығады. Бұл таңдау оның бүкіл өмір жолын айқындап берген шешім болды.
Еңбек жолын қарапайым геолог ретінде бастаған жас маман алғашқы тәжірибесін Оралдағы геофизикалық экспедицияда жинақтайды. Дала жұмыстары мен зертханалық талдауларды қатар меңгерген ол кейін мұнай барлау экспедициясына ауысып, кәсіби шеберлігін шыңдай түседі. Геофизика саласындағы тәжірибе оған мұнай-газ геологиясын тереңірек түсінуге, күрделі өндірістік міндеттерді шешуге негіз болады.
1980 жыл оның өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы болды. Дәл осы жылы ол Қарашығанақ кен орнындағы қызметін бастады. Алғашында далалық геолог ретінде жұмысқа кіріскен ол уақыт өте келе аға геолог, жетекші геолог, кейін геологиялық бөлімнің басшысы қызметтеріне дейін көтеріледі. 1980-1985 жылдары геологиялық-геофизикалық зерттеулерді ұйымдастыруға белсене қатысып, өнімді горизонттарды сынаудың жаңа әдістерін енгізуге атсалысады. Бұл кезеңде кен орнын барлау жұмыстары күрделі әрі жауапты міндеттермен ерекшеленді, ал сол қиындықтарды еңсеру кәсіби біліктілік пен табандылықты талап етті.
Жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асатын маманның 11 жылы Қарашығанақ кен орнымен тығыз байланысты. Осы уақыт ішінде ол тек тәжірибе жинақтап қана қоймай, өз ісіне деген адалдықтың, үздіксіз ізденістің үлгісін көрсетті.
– Геолог, мұнайшы мамандығы – жай ғана кәсіп емес. Бұл – төзімділік пен қайсарлықты, үздіксіз білім алуды талап ететін өмір жолы. Мамандықты жүрек қалауымен таңдау – адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Өйткені сүйікті іс қана адамға шынайы қанағат пен жетістік әкеледі, – дейді Әбілқасым Батыров.
Кейіпкеріміз Қарашығанақ кен орнын барлау тарихы тек геологиялық жаңалықтардың емес, сан түрлі мамандық иелерінің жанқиярлық еңбегінің шежіресі екенін айтудан тынбайды. Ол кен орнының жемісі инженерлік-техникалық қызметкерлерден бастап қарапайым жұмысшыларға дейінгі мыңдаған адамдардың ортақ жеңісі екенін үнемі айтып жүреді.
– Кен орнын игерудегі ең ауыр әрі жауапты кезеңдердің бірі – ұңғымаларды бұрғылау. Осы істің басында бағыт-бағдар беріп, өндірістік үдерісті үйлестіре білген тәжірибелі басшылар тұрды. Солардың қатарында бас инженер, кейін экспедиция жетекшісі болған Николай Ермаковтың орны ерекше. Ол Қарашығанақтағы барлау-бұрғылау жұмыстары басталған алғашқы күннен жұмысын бастады. Ол кен орнының толық жүйесін басқарған тұлғалардың бірі еді. Өз ісін терең меңгерген маман ретінде ол тек басқарушы ғана емес, қажет сәтте жауапкершілікті өз мойнына алып, бұрғылаушылардың қатарына өзі де қосылатын. Қиын жағдайларда ұңғымамен «тіл табыса» білетін шеберлігі мен батылдығы жұмысшыларға әрдайым жігер беретін, – деп кен орнындағы еңбек жолын еске алды геолог.
Сол кезеңдегі бұрғылау техникасы мен технологиялары бүгінгі күнмен салыстыруға, әрине, келмейді. Өйткені ол кездегі технология қарапайым әрі күрделі еді. Әр операция жоғары дәлдікті, тәжірибені және үлкен физикалық күшті талап ететін. Сексенінші жылдары В. Сташков бастаған мамандар өндірістік үдерістерді жетілдіруге зор үлес қосты. Бұрғылау шебері, Социалистік Еңбек Ері С. Папшин және тәжірибелі бұрғылаушылар – А. Төлегенов,
А. Жарылғасов, М. Нуруллин, Н. Жукалин секілді азаматтар өз еңбегімен кен орнын игерудің іргетасын қалады. Ал Ю. Иванов пен Ф. Ихсанов сынды механиктердің еңбегі бұрғылау жұмыстарының үздіксіз әрі тиімді жүруіне тікелей әсер еткенін ағамыз тебірене баяндады.
– Бұл жетістіктер жекелеген мамандардың ғана емес, бүкіл ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі еді. Қатал табиғат жағдайында тәулік бойы ашық аспан астында еңбек еткен бұрғылаушылар, краншылар, тракторшылар, жүргізушілер, дизельшілер, электриктер, зертханашылар, монтажшылар, тіпті аспаздар мен техникалық қызметкерлерге дейін бір мақсат жолында бірікті. Әрқайсысының еңбегі елеулі болды, әрқайсысы осы үлкен істің ажырамас бөлігіне айналды, – дейді ардагер.
Әбілқасым Заидұлы Қарашығанақтағы еңбек жылдары туралы айтқанда адамдар арасындағы ерекше байланыс болғанын еске алады. Дала жағдайында өмір сүрген ұжым бір-біріне бауыр басып, бір отбасыға айналған. Әртүрлі мінез, әртүрлі тағдыр, бірақ бәрін біріктірген ортақ мақсат болды. Аптап ыстық, қақаған аяз, көктемгі лайсаң, тасқын су еңбек жолында күш біріктірген жандардың жігерін жасыта алмаған. Керісінше, осындай сындарлы сәтте адамдарды жақындастырып, бірлікті күшейте түскен.
– Сол жылдардағы тұрмыс та оңай болған жоқ. Геологтар вагон-үйлерде тұрып, тамақты өздері дайындады. Қазіргі кездегідей жайлы жатақханалар, асханалар немесе медициналық қызмет болмады. Табиғатпен бетпе-бет келіп, барлық қиындықты өз күшімен еңсеруге тура келді. Бірақ соған қарамастан, олар өз ісіне адал болды. Алға қойған мақсаттарынан таймады, – дейді Әбілқасым аға.
Тәжірибелі геолог өзі жұмыс істеген кездегі еңбек үрдісін бүгінгі күнмен салыстыруға келмейтінін айтады. Еңбек жағдайы мүлдем өзгерген. Заманауи технологиялар, қолайлы тұрмыстық жағдай, қауіпсіздік талаптарының жоғары деңгейі қазіргі мұнайшылардың жұмысын жеңілдеткені анық. Алайда Қарашығанақтың алғашқы барлаушыларының еңбегі мен төзімі, кәсібіне деген адалдығы бұл сала мамандары үшін үлгі болып қала береді.
Әбілқасым аға тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел өміріндегі түбегейлі өзгерістер тек саяси-экономикалық жүйеге ғана емес, тұтас салалардың құрылымына да әсер еткенін жасырмады. Әсіресе, кезінде қуатты ғылыми-өндірістік жүйе ретінде қалыптасқан қазақстандық геология ақсап қалғаны оның жанына батқан.
– 1991 жылдан кейін бұл сала дербес құрылым ретіндегі тұтастығын жоғалтып, бұрынғы байланыстар үзіле бастады. Осындай кезеңде геолог мамандарды қайта біріктіретін, олардың тәжірибесін сақтап, дамытуға мүмкіндік беретін ұйымның қажет екені айқын сезілді. Соған байланысты халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жетекші мамандардың бастамасымен «Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы» құрылды, – дейді кейіпкеріміз.
Бұл қоғамдық бірлестік еліміздің әр өңіріндегі геологтарды бір арнаға тоғыстырып, ғылыми-практикалық бағыттағы жұмыстарды жандандыруға жол ашты. Қоғамдық ұйымның Батыс Қазақстандағы филиалына жетекшілік ету Әбілқасым Батыровқа сеніп тапсырылған. Бұл оның көпжылдық тәжірибесіне, кәсіби беделіне көрсетілген құрмет еді.
Қоғамдық қызметі тек ресми жиындармен шектелмейтін Әбілқасым аға мазмұны терең, болашаққа бағытталған жұмысқа ден қойды. Ол қоғамдық бірлестік басшылығымен ақылдаса отырып, ғылыми конференциялар ұйымдастырып, тәжірибе алмасу алаңдарын құрды, жаңа геологиялық және геофизикалық әдістер талқыланды. Мұнай-газ саласындағы соңғы жаңалықтар мен технологиялар да назарды тыс қалдырмады. Сонымен қатар қоғамның бастамасымен салалық журналдар, кен орындарының атластары, түрлі ғылыми еңбектер жарық көріп, сала мамандарына бағыт-бағдар көрсетілді.
Әбілқасым Батыров мұнай-газ саласының болашағы елдің экономикалық тұрақтылығы мен дамуының маңызды тіректерінің бірі екенін айтады. Қазақстанның табиғи ресурстары мол, ал бұл өз кезегінде мұнайшыларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Ол болашақ мұнайшыны тек өндіріс маманы ретінде емес, жаңа технологияларды меңгерген, экологиялық қауіпсіздікке мән беретін, жан-жақты білімді тұлға ретінде елестетеді. Себебі қазіргі заман талаптары тек шикізат өндірумен шектелмей, оны тиімді әрі жауапты игеруді қажет етеді.
Бүгінде зейнетте жүрсе де, сала ардагері қоғамдық өмірден қол үзген емес. Керісінше, жинақтаған тәжірибесін жас буынға жеткізуді өзінің азаматтық парызы санайды. Жастармен кездесулер, кәсіби әңгімелер оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған. Ал қалған уақытында кітап оқып, табиғат аясында демалғанды ұнатады. Бұл ұзақ жылдар бойы дала төсінде еңбек еткен адамның табиғатпен байланысын үзбегенінің белгісі болар, сірә?!
Оның өмір жолы – тұтас бір кезеңнің көрінісі. Қиындық пен табандылық, ізденіс пен жетістік қатар өрілген бұл тағдырда елге қызмет етудің шынайы үлгісі жатыр. Осындай жандардың еңбегі арқылы Қазақстанның мұнай-газ саласы қалыптасып, дамып келеді.
Бірақ Әбілқасым Батыров қазіргі жеткен жетістігін өзінің ғана еңбегі деп санамайды. Өйткені алдында жол сілтер ағалары мен жөн көрсетер әріптестері болған. Әсіресе, көрнекті геолог, ғылым докторы Сухан Камаловтың орны бөлек екенін айтудан тынбайды. Оның табандылығының арқасында Қарашығанақтағы алғашқы ұңғымаларды бұрғылау жоспары бекітіліп, нәтижесінде бірегей мұнай-газ конденсаты кен орны ашылды. Әбілқасым Батыров үшін мұндай тұлғамен бірге жұмыс істеу үлкен мектеп, өмірлік тәжірибе болған.
– Сухан Мақсотұлы қанша қатал болса да намысыңа тиіп, кемсітіп көрмеді. Келіспейтін болса, кім-кімге де пікірін ашық айтып, ұстанымынан айнымайтын жан еді. Онымен бірге жұмыс істеу қиын екенін білсең де, қасынан кеткің келмейтін. Өйткені үйретері көп жан еді, – дейді Әбілқасым аға.
Сондай-ақ Орал мұнай-газ барлау экспедициясының бас геологы Рахмет Бахтияров, геофизиктер – Доха Дауанов, Олег Маренко және басқа да көптеген маман кен орнын ашу мен барлау ісіне елеулі үлес қосты. Олардың қатарында Н. Сумкин, Н. Фомин,
С. Ганюков, Х. Елеуов, А. Касьяненко, И. Матушкин, Р. Хуснулин, Б. Ботаева, Е. Павлова, В. Портнов, Л. Портнова, Н. Алексеенко, Х. Оразғалиев, М. Наурызғалиев, Г. Шишкин сынды білікті геологтар мен геофизиктер болды. Бұлар бір мақсат жолында жұмылған үлкен ұжым еді.
– Қарашығанақты игеру оңай болған жоқ. Кен орнының геологиялық құрылымы күрделі, тау жыныстары қатты, ал газ құрамындағы күкіртсутек өндіріс процесін одан әрі қиындата түсті. Бұған қоса, өңірдің күрт континенттік климаты да өз сынағын аямады. Қыстың қақаған аязында да, көктемгі батпақта да жұмыс тоқтаған жоқ. Жұмысшыларды бұрғылау алаңдарына жеткізу өзі үлкен қиындық туғызатын, ауыр техникамен жүріп өту, жолсыз дала, табиғаттың тосын мінезі – барлығы да күнделікті сынаққа айналатын, – дейді ағамыз.
Соған қарамастан, жоғарыда аты аталған мамандар мен есімдері жазылмаса да іске өз үлесін қосқан жандар өз істерінен бас тартпады. Әр ұңғыма, әр зерттеу олардың табандылығы мен кәсіби шеберлігінің нәтижесі еді. Уақыт өте келе бұл еңбектің жемісі ел игілігіне айналып, Қарашығанақ Қазақстанның ірі мұнай-газ кен орындарының біріне айналды.
Әбілқасым Батыровтың естелігі – жеке тағдырдың тарихы емес, тұтас бір буынның қажырлы еңбегінің көрінісі. Бұл – қиындыққа мойымаған, табиғатпен тайталаса жүріп, ел байлығын игерген адамдардың шынайы бейнесі.
Еңбек жолын еске алған кезде оның жадында, ең алдымен, дала өмірінің қатаң шындығымен, тынымсыз еңбектің ырғағы сақталып қалғаны байқалады. Ол кен орнын барлау жұмысы басталған сәттен бастап, қорларды толық есептеу кезеңіне дейін осы алып жобаның ішінде жүрді. Алғашқы қадамдарын далалық геолог ретінде бастап, кейін аға геолог дәрежесіне көтеріліп, ақырында кен орнының геологиялық бөлімін басқаруға дейін жетті. Бұл – тек қызметтік өсу ғана емес, үлкен жауапкершіліктің, тәжірибе мен сенімнің көрінісі еді.
Далалық кезең – оның өміріндегі ең қиын әрі ең әсерлі белестердің бірі. Аптап ыстық пен қақаған аяз, демалыссыз өткен күндер, мереке атаулыны ұмытып, үздіксіз жалғасқан жұмыс мұның бәрі сол уақыттың қалыпты көрінісі болатын. Геологтар вагон-үйлерде тұрып, қарапайым жағдайда өмір сүрді. Бұрғылау қондырғыларында бүгінгідей жайлылық жоқ: жазда күйіп тұрған ыстық, қыста сүйектен өтетін суық. Ауа салқындатқыштар да, толық жабдықталған тұрмыстық жағдай да болмаған.
Сол кезеңнің техникасы да бүгінгі деңгеймен салыстыруға келмейтін. Көптеген үдеріс қол еңбегіне сүйенді, аутоматтандыру жоқтың қасы еді. Кейде ондаған шақырымды жаяу жүріп өтуге тура келетін. Бірақ осының бәрі олар үшін қалыпты жағдай саналды. Олар өз еңбектерін ерлік деп бағаламады, тек өз міндеттерін адал атқарып жүрміз деп білді. Алайда уақыт өткен сайын сол еңбектің шын мәнінде ерлікке пара-пар болғаны айқын сезіледі.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»