19.09.2025, 17:15
Оқылды: 85

Абай-180: Тағылымды кездесу өтті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ұлы Абай мұрасы – ұрпаққа аманат» деген атаумен философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиевпен кездесу өтті.

DSC07025

Кешті жүргізген «Парасат» ақпараттық білім беру орталығының директоры Айгүл Есенаманова бұл жүздесу қазақтың дара тұлғасы, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ бірінші курс студенттеріне Абайдың философиялық мұрасын зерттеп, терең мазмұнды еңбектер жазып жүрген университетіміздің ғалымы, ардагер ұстаз Тілекжан Хасенұлын таныстырып өтті. Алдымен сөз алған тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Ақылбек Сұлтанов Абайдың рухани мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттау – білім ордасының басты міндеттерінің бірі екенін айтып, кешті ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

DSC07041

Бұдан әрі ғалым-ұстаз Т.Рысқалиев ұлы ақынның шығармашылығы, даналық ілімдері туралы әңгіме өрбітті.

– Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мазмұнды мақаласы жарық көрген еді. Көп жылдан бері Абайды зерттеп жүрген жан ретінде бұл мақала маған үлкен шабыт беріп, ұлы ойшыл жайындағы өз ой-толғауларымды кең аудиторияға ұсынуға шешім қабылдадым. Сөйтіп, «Егемен Қазақстанда» – барша жұртқа, «Қазақ әдебиетінде» – зиялы қауымға, «Ақиқат» журналында – ғылыми қауымдастыққа, ал «Орал өңірі» газетінде – жергілікті көзі қарақты оқырманға арналған мақалаларым жарияланды. Әрине, Абай туралы көп айтуға да, жазуға да болады. Ақын дүние есігін ашқан 10 тамыз – еліміз бойынша «Абай күні» болып белгіленді. Алайда ұлы тұлғаны жыл бойына ұлықтасақ та артық етпейді. Абайдың кітаптары әкім-қаралардың да, ата-аналардың да, кәсіпкерлердің де, жастардың да алдында жатуы тиіс. Абай – ақылға ақыл, ойға ой қосатын данышпан ақын. Мен Абайды қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың ұстазы деп білемін, – деген көрнекті ғалым жастарды Абай шығармаларын көбірек оқуға шақырды.

DSC07012

Биыл ұлы ақынның 180 жылдығына орай ғалымның Абай шығармашылығын сан алуан қырынан талдаған «Адам болам десеңіз...», «Тұнып тұрған тағылым», «Болашақ ұрпақтың ұлы ұстазы», «Абай жолын таңдар болсақ...» деген мақалалары түрлі басылымдарда жарияланып, оқырманға жол тартты.

Рухани кеш барысында білім алушылар Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқып, ғалым-ұстазға өз сауалдарын қойып, ұлы ақынның шығармашылығы туралы кеңінен мағлұмат алды.

Тілдер апталығы аясындағы кездесуді «Парасат» ақпараттық білім беру және Тілдерді дамыту орталықтары ұйымдастырды.

 

БҚАТУ баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале