11.08.2025, 16:00
Оқылды: 477

Абай мұрасы – ашық аспан астында

 

Оралдың кешкі аспаны Абайдың сөзі мен сазына бөленді. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұйымдастырған мерекелік концерт Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өтті. Бұл кеш – қазақ руханиятының ұлы тұлғасы, хакім Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды.

IMG_1215

Салтанатты жиынды БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев ашып, «Құнанбайұлын құрметтеу — тарих пен тағылымға деген адалдық» деп, ұлттың ұлына деген тағзым сезімін жеткізді.

IMG_1217

Сахна төрінде Абай бейнесін сомдаған Тарас Жауымбаевтың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні қалықтап, көрерменді ақын әлеміне жетеледі. Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауындағы «Торжорға» күйі мен «Атамекен» халық биі ансамблінің әсем қимылы кештің шымылдығын айшықтай түсті.

IMG_1216

Абайдың сыршыл әндері Хатимолла Бердіғалиев, Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова, Ақмарал Ахметова, Қайрат Кәкімов, Дастан Есентеміров, Эльмира Усаева, Аида Ғабдеева және Айдана Ажғалиева сынды өнер иелерінің орындауында шырқалып, халық жүрегін тербеді.

IMG_1222

Кештің бір шоқ жұлдызы – «Абай» операсынан орындалған «Беташар» мен «Ажардың ариясы» болды. Ақсұлу Жұмалиева, Айбек Тұрарбеков және Меңдігүл Калиуллова оркестр сүйемелінде туындының терең эмоциясын көрерменге жеткізді. Оркестрге ҚР Мәдениет саласының үздігі Асылхан Қазиев дирижерлік етсе, концертмейстерлер Дина Давлетьярова мен Гүлмира Тащанова музыкалық бояуын толықтырды.

IMG_1214

Сахнада Кенесары Болғанбаев пен Ұлназ Ислямова Абай аудармасындағы «Татьянаның Онегинге хаты» мен «Онегиннің Татьянаға жауабын» оқып, лирикалық сезімге толы көрініс жасады. Кешкі салқынмен астасқан бұл сахналық сәт көрерменнің жүрегінде ерекше әсер қалдырды.

IMG_1218

Концерт филармония әншілерінің орындауындағы «Көзімнің қарасы» әнімен түйінделді. Соңында сахна шеберлеріне БҚО әкімі атынан ықылас гүлі табысталды.

IMG_1223

Ашық аспан астында өткен бұл рухани кеш – Абай мұрасының мәңгілік екенінің тағы бір дәлелі болды.

Айжан Бауыржанқызы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале