10.08.2021, 14:28
Оқылды: 73

Абай мұрасы насихатталды

Бүгін Орал қаласында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, хәкім Абайдың 176 жылдығы атап өтілді.

Алдымен Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхасында «Абай жолы – дана жол» тақырыбында мектеп оқушылары арасында Абай оқулары өтті. Шарада ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақын, жұбантанушы, ұстаз Үзілдік Елеубайқызы сөз алып, Абайдың дара жолы туралы толғамды ойларын ортаға салды. 

WhatsApp Image 2021-08-10 at 13.25.36

– Құрметті жыр сүйер қауым! Дана да дара, ұлы ақын Абай атамыздың мұрасын зерттеу бағытындағы жасалып жатқан тағы бір игілікті шара құтты болсын! «Біз неге Абайды оқимыз, біз неге Абайсыз өмір сүре алмаймыз?» деген ой кеудесінде рухы өшпеген әр қазақты мазалайтыны белгілі. Өйткені Абай ұлы даланың философы, барлық қазақ халқының болмыс-бітімін бізге дейін жеткізіп кеткен ойшылы! Ол туралы қаншама еңбектер жазылды, жазыла да береді. Абайдың лирикаларын, философиясын зерттеген уақытта кейінгі ұрпаққа рухани әлемнің баюына үлес қосатын жаңаша көзқарастарды ұғынамыз. Кейінгі ұрпақ ақын шығармаларын оқу арқылы өзінің дүниетанымын толық қалыптастыруға мүмкіндік алады. Біз хәкімнің өмір жолын насихаттаудан, кейінгі ұрпаққа ұғындырудан шаршамауымыз керек. Өйткені қазақ бар жерде Абай мәңгі жасай бермек, – деп атап өтті. Бұдан кейін мектеп оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқып, көрерменді тәнті етті. Кітапханадағы әдеби марафон «Кемел ойдың кемеңгері» тақырыбындағы кітап көрмесімен жалғасын тапты.

WhatsApp Image 2021-08-10 at 13.25.37

Шара одан әрі Абай алаңындағы «Әлем таныған Абай»  атты танымдық шараға ұласты. Басқосуға өңірімізге танымал зиялы қауым өкілдері мен ақын-жазушылар қатысты.

WhatsApp Image 2021-08-10 at 13.25.38 (1)

– Бүгін ұлықты күн! Абайды құрметтеу, Абайға бұлайша тағзым ету бұл, шын мәнінде, Абай данамыздың күллі қағидаларына, барша мұрасына бас ию, Абай аманатына сенімді көзқараспен қарау деген сөз. Шын мәнінде Абай әлемдік рухани өркениеттің алыбы! ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Абай жаңа қазақтың, жаңа Қазақстанның бренді». Абай - қазақ ұлтын әлемге танытушы тұлға. Оның мұраларын меңгеру, игеру арқылы бүгінгі жаңа ұрпақты жыр әлеміне баулырымыз сөзсіз. Осы қағидадан ауытқымауымыз керек. Абай дананың шәкірті Шәкәрім айтады: «Халқым, ойыңды түзе, сөзіңе айналады. Сөзіңді түзе, ісіңе айналады. Ісіңді түзе, дағдыңа айналады. Дағдыңды түзе, мінезге айналады. Ал мінезің - сенің тағдырың». Ендеше қадірлі қауым, Абайдың рухани мұрасын меңгеру арқылы қай уақытта да ойымыз у болмағай, сөзіміз су болмағай, үмітіміз құм болмағай! Ұлы Абай жасай берсін! – деді жиынды қорытындылаған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев.

WhatsApp Image 2021-08-10 at 13.25.39

Бұдан әрі бір топ зиялы қауым өкілдері ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті.

WhatsApp Image 2021-08-10 at 13.25.40 (1)

 

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале