Үкіметтік комиссия Абай облысына ұшып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Фото: ТЖМ
Комиссия «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтау үшін тергеу жүргізеді. Сондай-ақ, ведомство өкілдері зардап шеккендердің отбасыларына қажетті әлеуметтік көмек көрсету көлемін анықтайды.
«Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ аумағында өрт салдарынан болған топтық жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларын тергеу үшін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына төрағаның орынбасары болып еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов, басқа да орталық мемлекеттік органдардың, облыс әкімдігінің, жұмыс берушілердің және жұмыскерлер кәсіподағының өкілдері енгізілді», - деп хабарлады Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұдан басқа, арнайы комиссия келтірілген залалдың көлемін белгілеп, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезектегі көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдайтын болады.
Арнайы Үкіметтік комиссия жұмысты 10 жұмыс күні ішінде аяқтайды. Тергеу нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.
Еске салайық, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.
Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.
Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.