Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы – республикамыздағы ең байырғы, тарихы бай, еліміздің рухани өмірінде айрықша орны бар ірі мәдениет ордасы. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің шешімі бойынша кітапханаға қазақтың кемеңгер ақыны Абай есімі берілді. Себебі Семей тарихы мен мәдениетінің жарқын беттерінен маңызды орын алатын кітапхана тарихы ұлы ақынның есімімен тығыз байланысты еді. Кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі – ұлы Абай болған.
ХIХ ғасырдың екінші жартысында Семей жеріне саяси жер аударылып келген Е.Михаэлис, П.Лобановский, Н.Долгополов, С.Гросс, А.Леонтьев, А.Блектердің Семей қаласының рухани өміріне сіңірген еңбектері бір төбе. Е.Михаэлистің ұсынысымен 1878 жылы Семей қаласында облыстық санақ комитеті ұйымдастырылып, комитет қазақ өлкесіндегі экономика, тарих, шаруашылық және табиғат мәселелерін зерттейтін ғылыми мекеме болған. Осы мекеме 1883 жылы Семейдегі тұңғыш мәдени-ағарту мекемесі – облыстық өлкетану музейін және оның жанынан қоғамдық кітапхана ұйымдастырған. Евгений Петрович сол комитеттің тұңғыш хатшысы болып қызмет атқарады. Абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедханов өзінің зерттеулерінде: «Статистикалық комитеттің тұңғыш ғылыми хатшысы Е.Михаэлис Абаймен бірге комитеттің жұмысына белсене араласып, қоғамдық кітапхана ашу жұмысын ұйымдастыру мәселесіне атсалысып, іс-жүзінде көмек көрсетеді» деп жазады.
Жергілікті үкіметтен қолдау көрмеген музей мен кітапхана жеке ғимараты болмағандықтан, 1883-1890 жылдары статистика комитетінің қамқорлығымен комитет жалға алып отырған И.Земляницын үйінің екі бөлмесіне орналасып, халыққа қызмет көрсеткен. Кітапхана жағдайының жақсаруына семейлік көпестер П.Плещеев пен С.Хабаров, павлодарлық көпес А.Деров, красноярлық көпес Г.Юдин қаражат беріп, оның іргелі мәдениет ошағына айналуына ықпал еткен.
1902 жылы императорлық орыс жағрафиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесі ашылғаннан кейін музей мен кітапхана аталмыш бөлімнің қамқорлығына алынады. Бұл мәдени орындар заманында Абайдың жиі келіп кітап оқитын, орыс достарымен бас қосатын мәдени мекені болған.
Кітапхана қорында сақталған императорлық орыс жағрафиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің жазбаларында шығыс өңірі тарихы мен мәдениеті туралы өте қызықты да маңызды мәліметтерді табуға болады. «Семипалатинский областной статический комитет за 1894 год» деп аталатын кітапқа назар аударсақ, «Бастауыш білім беру қоғамының 1893/94 жылдарғы жұмыс есебінде» кітапханадағы 130 оқырманның 30-ы жоғары білімді, оның ішінде 3-еуі әйел адам, 38-і орта білімді, оның ішінде 13-і әйел адам болған көрінеді. 130 оқырманның 111-і орыс, 9-ы поляк, 1-еуі неміс, 5-еуі еврей, 4-еуі қазақ ұлтынан екен.
Кітапхана сол кездерде Ресейден шыққан баспа туындыларын, мерзімді басылымдарды алып тұрған. Бұл туралы белгілі абайтанушы Қ.Мұхамедханов зерттеу еңбегінде: «Музей жанынан ұйымдастырылған кітапхана ол замандағы Сібір қалаларының ішіндегі ең байы деп танылған. Семей қаласында Пушкиннің, Лермонтовтың, Толстойдың, Салтыков-Щедриннің, Достоевскийдің, Жуковскийдің, Тургеневтің, Гогольдің, Михайловтың, Гюгоның, Гетенің, Диккенстің, Золяның тағы басқа орыс және дүние жүзі әдебиеті классиктерінің шығармалары мол болған. Тарих, философия, табиғаттану, тағы басқа ғылым салаларына арналып жазылған кітаптарды және сол кезде Ресейде шығып тұратын «Вестник Европы», «Наблюдатель», «Руский вестник», «Новости», «Новое время» т.б. журналдарды Семей кітапханасы жаздырып алып тұрған» деп жазды.
1902 жылы бастауыш білім беру қоғамы Семей қаласында тегін пайдаланылатын оқу залын ашып, оған қайтыс болғанына 50 жыл толуына орай орыстың ұлы жазушысы Н.Гогольдің аты беріледі. Ал 1906 жылы осы оқу залы қоғамдық кітапханамен біріктіріліп, Н.Гоголь атындағы қоғамдық кітапхана болды. 90 жыл бойы Н.Гоголь атымен аталынып келген кітапханаға 1992 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлы Абайдың есімі берілген еді.
Абай Құнанбаев Семейдің қоғамдық кітапханасының тұрақты оқырманы болды. Абайтанушыларымыздың зерттеулерінен Абай заманында орыс және батыс әдебиеті классиктерінің шығармалары мен Батыс ойшылдарының ғылыми еңбектерін оқығандығын білеміз. Данышпан ақынның қоғамдық кітапхананың оқырманы болғандығы жөнінде американ жазушысы, публицист Дж. Кеннанның 1889 және 1891 жылдары Нью-Йорк пен Лондонда ағылшын тілінде, 1906 жылы орыс тілінде жарық көрген «Сибирь и ссылка» документті зерттеу еңбегінен білеміз. XIX ғасырдың аяғында 1864-1890 жылдар аралығында Сібірді зерттеу мақсатымен төрт-бес мәрте саяхатқа шыққан жазушы абақтыға жабылған тұтқындар туралы, қазақ даласына жер аударылған орыс адамдарының тұрмысы туралы суреттейді. Осындай сапарларының бірінде Семей, Өскемен, Ертіс бойында болған жазушы қоғамдық кітапхананың тек қана жер аударылғандарды жұбанышқа бөлеп қоймай, сонымен қатар қала халқының ой-өрісіне де рухани азық болғандығын естиді. Осы еңбегіндегі Леонтьевтің үйінде қонақ болған кезіндегі Абай туралы келтірген әңгімесі өте құнды дерек болып табылады. «Леонтьев маған Семей кітапханасының пайда болу тарихын әңгімеледі. Керек десеңіз, бұл кітапханадан қазақтарға дейін пайдаланады. Мен Ибрагим Кұнанбаев деген қарт қазақты білемін. Ол кітапханаға тұрақты оқырман болумен тынбай, тіпті Милль, Бокль, Дрепер сияқты авторлардың кітаптарын оқиды. Бірінші рет кездескенімізде ол менен индукция мен дедукцияның айырмашылығын түсіндіруді өтінуімен таңқалдырды. Ал содан кейін мен оның ағылшын философтарының еңбегін түбегейлі оқып, үйреніп жүргеніне және мен атаған авторлардың бәрін оқығанына көзім жетті» деп аса ыждаһаттылықпен жазады.
Көп жылдар қоғамдық кітапхананың тұрақты оқырманы болған Абай кітап оқу арқылы Е.Михаэлистей өмірлік досын тапты. Оның пікірлестерімен танысуы үлкен достыққа айналып, олар ақынның өз бетімен білім алуына көмек көрсетті. Орыс зиялыларымен достығы оның дүниетанымының кеңеюіне оң әсерін тигізіп, идеяларын терең танып білуіне зор ықпал еткен. Олар Семейде жазасын өтеп қана қоймай, қазақ халқының тарихы, мәдениеті, табиғи географиясы, экономикалық және тұрмыс жағдайын зерттеп, ғылыми-ағартушылық қызметпен шұғылданды. Бейтаныс өлкені зерттеуде Абайдың ақыл-кеңесін басшылыққа алды. Абайдың өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев: «Гросс һәм Михаэлис Абайдікіне қонақ болып келіп-кетіп жүрген. Абайдың ғылымға бетін түзеп жібермекке осы кісілер үлкен себеп болған. Абайды орыстың білікті жазушылары: Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков-Щедрин, Белинский, Добролюбов, Писарев деген кісілердің шығарған кітаптарымен таныс қылған. Абай өле-өлгенше «Менің әкемнен артық жанашырлық қылып дүниеге көзімді ашқан – Михаэлис» деп айтып отырушы еді» деп атап көрсетеді.
Міне, жоғарыда Дж. Кеннанның «Сибир и ссылка» кітабындағы мақалада және Кәкітай Ысқақұлының мақаласында көрсетілген Милль, Бокль, Дрепер және тағы да басқа Батыс ойшылдарының ғылыми еңбектері және XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырда жарық көрген заманында Абай оқыған орыс және батыс әдебиеті классиктерінің шығармалары күні бүгінге дейін сақталынып отыр. Сирек қорымыздағы бұл баспа туындылары Семейдегі Абай кітапханасының мақтанышына айналған. Алтын қорымыздағы рухани қазына ғасырдан ғасырға жалғаса береді.
Гүлмира Аязбаева,
Шығыс Қазақстан облыстық
Абай атындағы әмбебап кітапханасы директорының орынбасары,
Семей қаласы