19.04.2021, 23:34
Оқылды: 80

«Абайдың домбырасы»

Былтырғы бірінші қыркүйек, күн – сейсенбі, кәдімгі ағымдағы жұмыс күні болатын. Әріптестермен газеттің келесі нөмірінің жай-жапсарын талқылап, кабинете отырғанбыз. Есік сәл ашылып, облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Арсен Ғұбашев көрінді де, іле-шала есік қайта жабылды. Сәлден соң есік айқара ашылып, облыс әкімі Есқалиев Ғали Нәжімеденұлы кіріп келе жатты. Бәріміз орнымыздан аңтарыла көтерілдік.

сувенир

Ал өңір басшысы баршамызбен жағалай амандасып шығып, күлімсіреген қалпы назарын маған тіктеді: «Бауке, бүгін туған күніңіз екен, 55 жасыңыз құтты болсын! Өзіңізге зор денсаулық, ұжымыңыз бен отбасыңызға амандық-саулық пен береке-бірлік тілеймін! Туған күніңізге орай, «Абайдың домбырасы»  атты кәдесыйымызды қабыл алғайсыз», - деп қорабынан шығарып, мына фотосуреттегі сүйкімді сувенирді ұсынды. Шағын ағаш тұғырға орнатылған үш ішекті кәдесый домбыра. Тұғырында «Абай – 175» деген жазу бар.

«Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, облыс әкімінің күнделікті қарбалас жұмыс кестесінен саңылау тауып, арнайы уақыт бөліп, өзімді құттықтауға келгендігі үшін, әрине, мен Ғали Нәжімеденұлына шынайы ризашылығымды білдірдім.  Ал жаңағы «Абайдың домбырасы» бүгінде біздің үйдің төрінде тұр.

Жалпы, үш ішекті домбыра – кіші жүздің қазақтары үшін таңсық дүние. Әрине, ұлы Абайдың үш ішекті домбыра тартқандығынан хабардармыз. Сосын теледидардан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, домбырашы-күйші, музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрімнің үш ішекті домбырамен күй шерткендігін көріп жүрдік. Осыдан бірер апта бұрын белгілі әнші Айгүл Қосанованың «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Күміс көмей» атты ауторлық бағдарламасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Сәуле Жанпейісова үш ішекті домбырамен Абайдың екі-үш әнін сызылтып әдемі орындады.

Қадірлі оқырман, біз бүгін оқырман қауым үшін «Сүйкімді сувенир» атты байқау жариялап отырмыз. Әрине, бір қарағанда сувенирдің бәрі сүйкімді көрінуі кәдік. Дегенмен, қазақта «Сұлудың да сұлуы бар» деген сөз бар емес пе? Ендеше, ең сүйкімді сувенирді редакцияға жолданған сапалы фотонұсқасы арқылы редакцияның үлкен-кішісі ұжым болып анықтаймыз. Байқаудың қорытындысын редакция алқасы Тәуелсіздік күнінің қарсаңында шығарып, жүлдегерлерге керемет кәдесыйлар мен 2022 жылдың алғашқы алты айы үшін газетке жазылғандығы жөнінде  түбіртек  тапсыратын  болады.

 

Бауыржан Ғұбайдуллин,

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале