Тамаша талант иесі Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай Мемлекеттік қайраткер, жазушы Сауытбек Әбдірахмановтың «Абыз Әбіш» кітабы жарық көрген болатын. Бүгінде «Абыз Әбіш» кітабы зиялы қауымның оң бағасын алуда.
Аталмыш кітаптың алғысөзін жазған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әбіш Кекілбайұлы – халқымыздың рухани әлеуетін әлем алдында ұғындырып беретін алып тұлғаларымыздың бірі де бірегейі» деп айшықтап берді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Әбдірахмановтың республикалық «Фолиант» баспасынан жарық көрген бұл кітабында қаламгердің әлемдік ауқымдағы асқан ойшылдығы жан-жақты танытылған, сан қырлы дарынының мәдениеттанушылық, өнертанушылық, саясаттанушылық, тарихшылық, әдебиеттанушылық сипаттары айқара ашылған.
Онда қаламгердің әлемдік ауқымдағы асқан ойшылдығы, мәдениет, өнер, саясат, тарих, әдебиеттегі шеберлігі жан-жақты көрсетілген.
«Қай халықта да мақтан тұтатын тұлғалар болады. Ұлттың өз ішінде ардақ тұтатын адамдар аз емес. Бірақ, халықтың өзге дүниеге, әлемге маңдай етіп ұстайтын тұлғалары көп болмайды. Олар аз болады. Сол қазақ үшін аздың біреуі – Әбіш. Қазірдің өзінде әулие Әбіш, аңыз Әбіш деп аталып отырған, көзі тірісінде-ақ аңызға айналған адам шын мәнінде әлемдік барлық өлшемдер бойынша ұлы ойшылдар қатарында. Жасы отыздан жаңа асқан кезде-ақ Еуропаның баспалары ХХ ғасырдағы әлемнің 100 таңдаулы жазушысы қатарына қосқан тұлға болатын. Әбіш ағаның шешендігі, көсемдігі, әділдігі, таусылмайтын білімі, ерекше жады болашақ ұрпаққа таңғаларлық феномен, үйренетін үздік үлгі болып қала береді», - деді Сауытбек Абдрахманов.
Алаштың аймаңдай дара тұлғаларының біріне айналған Әбіш Кекілбаевтың ойшылдығын толғаған осынау кітапты жазған салиқалы қаламгер, майталман мәдениеттанушы Сауытбек Абдрахмановтың бұл туындысы қазақтың ақын-жазушылары мен әдебиеттанушылары тарапынан жоғары баға ие болуда. Бар болғаны 1000 дана таралыммен шығарылған кітап Әбіш әлемін кеңінен танып, өскелең ұрпақтың руханиятқа деген қызығушылығын оятары сөзсіз.
zhaikpress.kz