«Qazaqstan» ұлттық телеарнасы жуырда көрерменге Әбу Насыр әл-Фараби туралы деректі фильмді ұсынғалы отыр. Екі бөлімнен тұратын «Өркениет шырақшысы» атты жобаның авторы белгілі журналист Дархан Әбдік.
Жоба авторы Дархан Төленұлының айтуынша, әл-Фараби туралы фильмнің түсірілім жұмысы толық аяқталған, монтажы жасалып, музыкасы жазылды.
«Түсірілім барысында Сирияға, ұлы ғалымға топырақ бұйырған Дамаск қаласына барып келудің сәті түсті. Сирияға бару қиын. Өздеріңіз білесіздер, соғыс болып жатқан мемлекет. Біздің дипмиссия онда жоқ. Сол себепті іссапарды жүзеге асыруға көмектескен Сыртқа Істер министрлігіне және Қазақстан Республикасының Ливандағы елшісі мен консулымызға көп рахмет», - деді Д.Әбдік.
Екі бөлімді «Өркениет шырақшысы» жобасының әрқайсысының ұзақтығы 25 минуттан. Деректі фильмнің режиссерлері Алмас Әбдік пен Серік Ибраим. Сценарийін жазған әрі жоба авторы Дархан Әбдік. Автор деректі фильм дайындау барысында Әбу Насыр әл-Фарабидың адамзат баласына ортақ құндылықтары мен көзқарасын, ізгі ойларын бүгінгі қоғаммен байланыстыруды мақсат еткен.
«Біз әдетте әл-Фарабидің есімімен мақтанғанды жақсы көреміз. Алайда, оның ойларын, еңбектерін түсініп болған жоқпыз. Көбінесе әл-Фарабидың түркі екенін, Отырардан шыққанын айтамыз. Ал ғалымның еңбектерімен аса таныс емеспіз. Сондықтан оны аудару керек, оқу керек. Біздің қоғамға қазір өзгерістер қажет. Ал сол өзгерістің рухани негізі Фараби дүниетанымы бола алады деп ойлаймын», - дейді Д.Әбдік.
Сондай-ақ деректі фильм барысында ұлы ғалым Фарабидің ғылыми ізденістерден бөлек, күрес пен ерлікке де толы ғұмырынан сыр шертіледі.
Айта кету керек, Қазақстан 2020 жылы ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өткелі отыр. 26 тамызда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындалу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы қаулыға қол қойды.
Ақпарат және сурет: Aikyn.kz