4.09.2024, 13:00
Оқылды: 150

Әбужақынова Әбу-Дабиде, Тынбаева Загребте: Парижден кейін дзюдошылар қайда күреседі?

Олимпиада аяқталғанымен, биылғы маусым  әлі де мәресіне жеткен жоқ. Спортшыларды  желтоқсанның аяғына дейін ірі додалар күтіп тұр. Әсіресе, дзюдошылардың жарыс кестесі тығыз. Бүгінде дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасы Загребте (Хорватия) өтетін Гран-при турниріне қатысу үшін оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. Команданың қазіргі жағдайы мен Парижде жүлдеден қағылған Абиба Әбужақынованың жоспарлары жайлы Olympic.kz сайтына бас бапкер Ерлан Алпысбаев айтып берді.

Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасы Париж Олимпиадасында жүлдесіз қалды. Команданың басты үміті Абиба Әбужақынова қола медаль үшін күресте швециялық Тара Бабулфатқа есе жіберген болатын. Бас бапкердің айтуынша, Абиба бүгінде Париждегі сәтсіздіктен соң қалпына келіп, келесі жарысқа қатыспақшы.

Суреттер: Сали Сабиров, Владислав Семенов

«Абибаның Қазақстан чемпионатына күресу, күреспеуі белгісіз. Жыл соңына қарай, қазанда өтетін Әбу-Дабидегі Grand Slam турниріне қатысады. Олимпиададан кейін   Абибаны «Жеңіс» клубы демалысқа жіберді.  Париж ойындарына француз  мамандары және жеке бапкерімен дайындалды. Аздаған демалыстан соң Әбужақынова татамиге қайта оралады. Биылғы маусымда әлі қатысатын додалар бар», - деді Алпысбаев.

Сондай-ақ, дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының тағы бір үздігі Ғалия Тынбаева да ірі жарыстардан сырт қалмайды.

«Ғалия Тынбаева мен Ақерке Рамазанова қазір жеке жоспар бойынша Хорватияның Загреб қаласында өтетін Гран-при турниріне дайындалып жатыр. Одан бөлек, Ғалияны 14-20 қазан аралығында Ташкентте өтетін әскери қызметкерлер арасындағы әлем біріншілігіне жібереміз.  Қараша айында Тынбаева Қазақстан біріншілігінде бақ сынайды. Содан соң, Токиодағы Grand Slam турнирінде белдеседі. Жыл соңына дейін Ғалияның жарыс кестесі өте тығыз болмақ», - деді бас бапкер.

Бүгінде дзюдодан Қазақстан әйелдер командасы Түркістан облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

«Қыздар құрамасы Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында жалпы дене жаттығуы бойынша жиын өткізіп жатыр. Базалық жаттығуларға ден қойдық. Келесі жиынымыз Ақтаудағы Азия кубогінің алдында өтпек. Сол кезде құрлық додасына қатысатын барлық спортшымыз бас қосады. Абиба Әбужақынова да сол жиында жаттығуды бастайды», - деді команданың бас бапкері.

Айта кетелік, Загребтегі (Хорватия) Гран-при турнирі 13-15 қыркүйекке жоспарланған.

Әбу-Дабидегі Grand Slam  додасы 11-13 қазанда, Токиодағы Grand Slam бәсекесі 7-8 желтоқсанда өтпекші.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале