24.03.2023, 17:30
Оқылды: 83

Абзалдың абзал Ұстазы

Сайлауалды науқанның дүбірімен Теректі ауданының Ақжайық ауылында кезекті кездесуде  отырмыз. Кеңес кезінен жақсы сақталып қалған Мәдениет сарайы тұрғындармен бірге «Қане, бұлар не айтар екен?» деп кәнігі құлағын түріп, көне көзін тіге қалғандай. Айтушы – ол кезде Мәжіліс депутаттығына кандидат, қазіргі Мәжіліс депутаты, елімізге белгілі заңгер Абзал Құспан. Біз – қолдаушы топ. Бір сөзінде Абзал:

45473c31-7f7d-4e6e-85bc-22160c3a3a5b

– Теректі ауданы да маған бөтен емес, мына тұрған Ақсоғым ауылындағы мектепте оқығанмын, аз уақыт болса да, – деп қалды. – Бір себептермен сол мектептен  шығарып жіберген мені, – деп күліп қойды сосын.

Елең ете қалдым. «Білдей Мәжіліс депутаттығына кандидат, елге әйгілі адвокат Абзал Құспанды бала кезінде тани алмай, мектептен шығарып жіберіп жүрген кімдер екен ол? Не себеп болды екен?» деген сұрақтар қау етіп, жауабын білгенше асықтым.

– 1989 жылдың қысы, Жаңа жыл қарсаңы. Мен Орал қаласындағы Культпросветучилищенің жатақханасында (қазір бұл жерде облыстық салық комитеті орналасқан) жатырмын. Көңіл күйім жоқ, болашағым бұлыңғыр, – деп бастады әңгімесін Абзал. – Көңілімнің хошы қайдан ғана бола қойсын, осыдан тура бір ай бұрын Шолоховтағы (қазіргі аты – Ақсоғым, Теректі ауданына қарайды) орта мектептен «әкемді танытып», оқудан шығарып жіберсе. Бәрі неден басталып еді өзі...

1987 жылдың жаңа оқу жылы басталудан сәл бұрын, мен 3-іншіден 4-сыныпқа ауысар алдында біздің үйде шұғыл отбасылық жиын болды. Шолоховта үлкен апамыз Ләззат және жездем Мейрам тұратын, жездеміз ағаш шебері болып жұмыс істейтін. Сол жездеміз жұмыс бабында жарақат алғанға ұқсайды, түсінгенім, оң қолын абайсызда пилорамға кестіріп алып, аудандық ауруханаға жеткізілген, сонда біраз ем-дом алып жататын сияқты. Соған апамызға екі жас сәбиін бағуға және қорадағы азын-аулақ малын қарасуға көмекші бала керек. Үйдегілер бірауыздан ағам Ерланның баруын хош көрді. Ерлан менен 6 жас үлкен, маған қарағанда естияр, жоғары сыныпта оқиды. Мен болсам бес баланың кенжесі, еркесі дегендей. Ол хабарды ести сала, «мен барамға» салдым. Малды да бағатын, балаға да қарайтын, апамның айтқанын екі етпейтін болып ант-су іштім. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Гагарин атындағы Жаңақала бастауыш мектебінен орта мектепке «шөлмегім толып» әрең көшкенмін. Өзімше жаңа жерге барып, жаңа өмір бастамақпын...

Ақырында, менің дегенім болып, ертесі күні Орал қаласына жүретін сары автобуста отырдым. Студент апайым Гүлайым Оралдан қарсы алып, әрі қарай Шолоховқа жүретін автобусқа іліктіріп жіберді.

...Шолоховта жаңа өмір бастау қайдан болсын! Бұрын әке-шешенің қасы мен қабағынан ығып жүргенде жай жүре алмайтын басым, мында «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ, шөлмектен босатып жіберген жындай ойнақтап шыға келдім. Ләззат апам мінезі жұмсақ, жайлы адам. Өзі саз мектебінде қобыздан сабақ береді. Алғашында ұстаздар «Ләззаттың інісі ғой» дегендей, маған барынша оң қабақ танытып жүрді. Кейін ата-аналар жиналысына шақырту көбейе бастады, ол жиындардан апамыз біресе жылап, біресе күліп келеді. Жылап келетіні – тәртібім нашар, сын көтермейді. Күліп келетіні – сирек те болса, белгілі бір пәндерден мақтау қағаз алып тұрамын. Негізінен, гуманитарлық бағыттағы тарих, әдебиет, орыс тілі сияқты сабақтардан үлгерімім тым тәуір. Бірақ таразының басына түскен кезде тәртіп мәселесі бәрібір алға шықты. Оқу жылының 1-тоқсанын да тәмамдап үлгермей жатып мені оқудан шығарды да жіберді...

«Не  себепті  шығарды?» деймін ғой осы жерде журналистігім  ұстап.

– Ой,  бір қабырға... Тұсынан өте бере балалардың бәрі секіріп барып бір теуіп өтетін жер бар еді. Құлағалы тұрған. Мен тепкенде құлап түсіп тұр ғой, – дейді кейіпкерім. – Соңғы жиналыстан есімде қалғаны «Не Құспановты оқудан шығарыңдар, не мен кетейін жұмыстан!» деп ызбарланған сынып жетекшім. Маған қолдау білдіргісі келген, алайда кейбірі жаңадан тағайындалған мектеп директорының қатулы қабағынан ыққан, ал кейбірінің айтарға сөзі де таусылған болуы керек – әдебиет пәнінің мұғалімі Өленғали ағай, тарих, орыс тілі т. б.  ұстаздарымның мені үнсіз көзбен  шығарып  салғаны.

Содан кейінгі оқиға желісі мынау: ауылға әскерден келген ағаммен бірге бардым, маған көңіл аударған адам бола қойған жоқ. «Ағасымен бірге келген шығар» деген болу керек. Анамды оңашалап алып, өзімді бір ай бұрын оқудан шығарып жібергенін, енді қалай да тез арада ауылдағы мектепке орналасуым қажеттігін айтып түсіндірдім. Анам байғұс шапқылап жүріп, қателеспесем, сол кезде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қыз-метін атқаратын Жансалқам есімді ұстазға барған. Ол кісі мені көрмей жатып-ақ: «Темақаңа тартқан бала болса, түсінікті, өзім тәрбиелеп аламын, келе берсін» депті. Содан не керек, құжат бойынша мен ешқашан Шолоховта оқымаған, бастан-аяқ Жаңақала бастауыш және орта мектебінде оқып келе жатқан оқушы болып шыға келдім. Сөйтіп,  құжат  түзелді.

Апайым Жансалқам Рахымғалиқызын мінезі қатал адам деп естідім, ол кісіні де көрудің сәті түсті. Сол жылы тіл-әдебиетке ыңғайы бар балаларға арнап профильді сынып ашып жатыр екен, мені бірден соған қабылдапты. Қиюы келіспестей болған ісімнің жөнделіп, оңға басқанына қуанғаным-ай! Әйгілі Қожа секілді айна алдында өз-өзіме  ант  бергенім  де  бар...

Сонымен, сабақ басталып кетті. Оқуға барынша көңіл бөліп, тәртіпті болып-ақ жүрмін. Апайымыз бізді қазақылыққа, ұлтжандылыққа, еңбекқорлыққа баулыды, үйретті. Осылай тәп-тәуір-ақ келе жаттым. Бірақ ол да көпке созылмады. Бір күні мынадай оқыс оқиға болды. Менің сыныбымда оқитын Қ. деген оқушы үзілістен мұрны қанап келді. Сөйтсек, оны көрші сыныпта оқитын Э. сабап жіберіпті. Э.-ні танимын, бұрын менімен көрші тұрған, мінезі шатақ, бұзық бала. Қ. үшін Э.-дан кегін қайтаруды менен ешкім талап етпесе де, өзіме міндет санадым. Келесі үзіліс үлкен үзіліс еді. 45 минутқа әрең шыдадым. Қоңырау соғыла сала сыртқа Э.-ні іздеп шықтым. Бір қызықтың боларын сезген сынып балалары соңымда жүр. Э. анау бір топтың ортасында жүр екен. Көрген бойда оған қарай жүгірдім, мені көре сала ол да қашты. Артынан тырқыратып қуып жүріп, Э.-ні сабадым. Ол кетті бақырып жылап, мен сол жерде балалармен ойнап қалып қойдым. Ойынның қызығына беріліп, ішке қоңырау соғылғанын байқамай қалыппыз. Балалармен жүгіріп сыныпқа келсек, жас мұғалима түрегеліп тұр да, оның орнында сынып жетекшіміз Жансалқам Рахымғалиқызы отыр екен. Ал оның алдында бірдеңелерді айтып Э. тұр. Тіпті мұрнының қанын да сүртпеген, мені көре сала қорсылдап жылап жіберді. Бәрі түсінікті болды. Мен басым салбырап, бірден өзіме әбден үйреншікті болған тақта алдында (сабақ айту үшін емес, әрине)  тұрдым. Көз алдыма бұған дейінгі оқиғалар тізбегі келе қалды. Неге екенін білмеймін, анамды аяп кеттім. Енді мені оқудан шығарса, ол кісі қандай жағдайда болмақ?! Осы кезде менен басқаларына апайым белгі берді ме, білмеймін, бәрі орындарына жайғасты. Э. солығын баса алатын емес. Кенет сынып жетекшіміз «Әй, сен неге Абзалдан таяқ жегеніңді айттың да, өзіңнің біздің Қ.-ға тиіскеніңді айтпадың?

Орыста сөз бар «Какой привет, такой ответ» деген Абзалдікі...». Осы сәтте көзімнің алды бұлдырап, құлағым шыңылдап кетті. Апайыма риза болып, бойымды ерекше сезім биледі. Бірақ басымды көтере алар емеспін. Бір заманда апайымның «Абзал, сен неге тұрсың? Отыр орныңа!» дегенін естігендей болдым. Апайым бір ауыз сөз айтпаса да, бұл жағдай  маған   қатты  әсер   етті...

Жасыратын несі бар, мақтанқұмар едім. Апайым сол мінезімді біліп, оны пайдалы бағытқа қолдануды мақсат еткен болуы керек, мені ылғи да басқалардан ерекшелеп, «Құспанов біледі, Құспановтың қолынан келеді» деген сияқты қолдау, қолпаштау сөздерін аямайтын. Бірде мектепте әртүрлі пәннен жарыс өтті. Одан жеңгені аудандық олимпиадаға қатысады. Соған Нұрболат Қарменов есімді сыныптасым екеуміз өттік. Менде «Қалай да ауданаралық жарыстан жеңіп, облыстық олимпиадаға қатыссам» деген стимул пайда болды. Сол сәтті ойласам, жүрегім кеудеме сыймай кетеді. «Қаншама адамға, әсіресе өз анама анау айтқандай бұзылған бала емес екенімді дәлелдер  едім»  деймін.

Сонымен, аудандық жарыс та өз мәресіне жетті. Барлық ауылдан келген балалармен бірге мен де қорытынды нәтижені күтіп тұрмын. Басқа пәндерден орын алған балалар бүкіл мектеп оқушыларының алдына шығып, сый-марапаттарын алып жатыр. Олар шыққан сайын балалар дүркіретіп қол соғады екен. Кезек қазақ тілі мен әдебиеті пәніне де жетті. Өз есебімде шығарманы жаман жазбаған сияқтымын. Тек қазақ тілінен кей сұрақтарға қате жауап беріп жүрмесем деп тілеп тұрмын. Комиссия құрамына жетекшілік етуші өз апайым екен, алайда құрамындағы мүшелер де осал емес. Арасында сол кездегі мектеп директоры, марқұм Алма апай да бар. Ол кісі директор ғана емес, Нұрболат Қарменовтың анасы. Әуелі ынталандыру сыйы берілді. Одан кейін 3-орын аталды, 2-орынға келгенде апайым ұзағырақ сөйледі, жазылған шығармаларға кеңірек тоқталды. Арасында біресе менің, біресе Қарменовтың фамилиясы аталып қалады. Маған соңғысы көбірек айтылғандай көрінеді. Жүрегім тарсылдап, тыпыршып кеттім. Кенет (апайымның осы сөзі менің көкейімде әбден жатталып қалды) ол кісі Қарменов Нұрболаттың шығармасын талқылап, мақтап-мақтап келді де, «Алайда Қарменовтың жазған шығармасы Құспановтан бір мысқал кем» деп солқ еткізді. Менің басым айналып, құлағым шыңылдап кеткендей болды. Ұзын сөздің қысқасы, мен апайымның қолдап-қолпаштауымен, көтермелеуімен сол жылы облыстық олимпиадаға аудан намысын қорғауға аттандым...

Апайым туралы әлі де біраз айта түссем болар ма еді. Бұл жерде атап өтпеген «ерліктерім», артынан ұялып, қызаратын жағдайларым жетіп-артылады. Бір нәрсе анық – апайым, шынында, мінезі қатал адам еді, бірақ ол қаталдығын маған бірде-бір рет көрсеткен емес. Бірде-бір рет менің намысыма тиетін сөз айтып немесе менің қандай жағдайда мектепке орналасқанымды есіме салған емес. Мен, шынымды айтсам, өзімнің небір қылықтарым үшін апайымның алдында әлі ұялатындай жағдайдамын. Апайымыз бізге «Әр қазақ «Абай жолын» кемінде үш мәрте оқып шығуы керек» дейтін. «Адамда мінез болуы керек, мінезі бар адамнан ғана бір нәрсе шығады» деп Абайдың інісі Оспанды мысалға келтіруші еді. Жансалқам Рахымғалиқызының менің жасөспірім санама еткен әсерін, адам болып қалыптасуыма сіңірген еңбегін қанша айтсам да, тауыса алмаспын.

Сайлаудың шаруасымен жүріп, аяқ астынан  осындай олжаға кенелген мен Абзал Темірғалиұлының сол бір аяулы Ұстазына керемет риза болдым. Бір ғана осы әңгіменің өзі ерке, тентек баламен қалай жұмыс істеу керектігінің әдемі методикалық һәм практикалық үлгісі емес пе? Қанша баланың бағын ашты екен?! Ұстаздың бәрі осындай бола алса ғой, шіркін!

 

Дариға  Мұштанова,

«Үзіліс»  арнайы  бетінің  қоғамдық  редакторы,

«Парасат»  ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ы. Алтынсарин»  белгісінің  иегері,

ҚР  Білім  беру  ісінің  құрметті  қызметкері, ҚР  Мәдениет  саласының  үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале