8.01.2021, 10:07
Оқылды: 13

ACeSYRI жобасы жүзеге асуда

 Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың информатика саласындағы жас зерттеушілері «Компьютерлік ғылымдар саласындағы докторанттар мен жас зерттеушілерге арналған озық орталық» ACeSYRI, Erasmus+ жобаларына қатысуда.

 ACeSYRI1

Қазіргі қоғамда ақпараттық технологиялар адамдар арасындағы өзара іс-қимыл мен бұқаралық ақпаратты таратуды ғана емес, сонымен қатар көптеген үдерісті, мысалы, сауданы, білім беруді және тағы басқа саланы оңтайландыруды қамтамасыз етуде өте маңызды рөл атқаруда.

Смартфондар мен компьютерлерді белсенді пайдалану ғасырында IT құзыреттіліктерді меңгеру қазіргі заманғы адамға жайлы өмір сүру және табысты кәсіби қызметті қамтамасыз етеді.

ІТ саласында сапалы білімсіз мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық ұйымдар қызметінің әр түрлі аспектілерін цифрландыруды табысты іске асыру мүмкін емес. Киберқауіпсіздікті күшейту, креативті қоғамды, логистиканы, шағын және орта бизнесті, электрондық коммерцияны дамыту, төлемдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деректерді интеграциялау және өзектендіру, нақты егіншілік, проактивті мемлекет – цифрландыруды дамытудың негізгі бағыттары, оларға қол жеткізу елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жоспарланып отыр. Осыған байланысты жоғары оқу орындарына ІТ саласында жас мамандар мен оқытушыларды даярлау сапасын арттыруға басты назар аудару өте маңызды.

Өткен жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті қазақстандық және еуропалық жоғары оқу орындары консорциумының құрамында Еуропалық одақтың Erasmus+ бағдарламасы қаржыландыратын үш халықаралық грантты жеңіп алды.

Erasmus + – бұл Еуропалық одақтың білім беру, кәсіптік оқыту, жастар саясаты мен спорт жүйесін жаңғырту мен тұрақты дамытуға жәрдемдесуге бағыт-талған бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама Еуропа елдері арасында да, олармен  әріптес мемлекеттер арасында да осы барлық саладағы ынтымақтастық үшін қаржылық мүмкіндіктер ұсынады.

Университет жеңіп алған үш жобаның бірі – ACeSYRI «Компьютерлік ғылымдар саласындағы докторанттар мен жас зерттеушілерге арналған озық орталық»  жобасы. Жоба консорциум құрамында орындалады, оған Словакиядан Жилин университеті, Польшадан Лодзин университеті және Франциядан Лотарингия университеті сынды үш еуропалық университет, 7 қазақстандық университет енгізілген. Біздің елден құрамға енгізілген универ-ситеттердің қатарында Назарбаев университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Сүлейман Демирель университеті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті бар.

Жоғары оқу орындарымен қатар жобаға қауымдастырылған әріптестер ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Болон процесі мен Академиялық ұтқырлық орталығы және «Қазақстандық ақпараттық қауіпсіздік қауымдастығы» заңды тұлғалар одағы қатысады. ACeSYRY жобасы биылғы жылдың қаңтар айынан бастап Жилин университетінің (Словакия) жетекшілігімен жүзеге асырылуда.

Жоба Қазақстанның жас зерттеушілері, оқытушылары және Еуропалық одақ елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, қазақстандық және еуропалық университеттердің жас зерттеушілері мен оқытушыларының халықаралық ынтымақтастығы үшін инновациялық инфрақұрылымды қамтамасыз ету, жас ғалымдардың Қазақстаннан тыс жерлердегі зерттеу салаларына байланысты салаларда консультанттар тауып, оларды халықаралық жобаларға тарту үшін электрондық платформа әзірлеу мақсатында іске асырылады. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ACeSYRI жобасының үйлестірушісі – физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Ақпараттық технологиялар жоғары мектебінің жетекшісі Гаухар  Камалова (https://erasmus.wkau.kz) болып табылады.

Жобаның негізгі мақсаты ACeSYRI порталын құру. Онда жас зерттеушілер ақпараттық технологиялар бойынша деректер базасына және ғылыми жарияланымдарға қол жеткізе алады. Сондай-ақ IT саласындағы табысты еуропалық және қазақстандық ғалымдардың кеңестерін алу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар ACeSYRI порталында жобаны іске асыруға жұмылдырылған жас зерттеушілердің ғылыми жұмыстары орналастырылады. Жоғарыда көрсетілген мақсатпен қатар жобаға қатысушы қазақстандық жоғары оқу орындарына жоба бойынша мамандандырылған аудиториялар құру арқылы өздерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ACeSYRI жобасының мамандандырылған аудиториясын қалыптастыру үшін жабдықтар сатып алынуда.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да Erasmus + ACeSYRI жобаларын  іске асыруға тартылған оқытушылар биылғы жыл бойы қазақстандық серіктес жоғары оқу орындары ұйымдастырған ІТ-дағы зерттеу әдістері, машиналық оқыту бойынша онлайн тренингтерде білімдерін тереңдету мүмкіндігіне ие болды.

Өкінішке орай, коронавирустық пандемия жобаны жүзеге асыруға кері  әсерін тигізді. Соның салдарынан Жилин университетіндегі жоба бойынша үйлестіру жиналысына іссапарлардың тоқтатылуына байланысты ол онлайн форматында өтті. Дегенмен жас зерттеушілер жобаға қатысу мүмкіндіктерін белсенді пайдаланып отырғаны бізді қуантады. Оқу орынындағы Ільяс Асылғали, Шолпан Бақытова, Сәуле Әкімова, Айнұр Ғұмарова, Ұлпан Мұхамедьяр, Ақерке Мұхамедьяр және Ирина Пугачева сынды магистранттар «Ақпараттық технологиялар» жоғары мектебінің оқытушыларының ғылыми жетекшілігімен Жилин университетінде онлайн форматта өткен сенімділік инженериясы және есептеу интеллектісі жөніндегі халықаралық семинарға ғылыми жарияланымдар дайындады.

Биылғы жылы жобаға қатысушылар порталды ғылыми жетекшілер мен жас зерттеушілердің материалдарымен толықтыру жұмыстарын жалғастырып, консорциум қатысушылары ұйымдастыратын семинарлар мен кон-ференцияларға қатысады.

ACeSYRI жобасына қатысу ақпараттық технологиялар саласындағы жас зерттеушілерге өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ал Жәңгір хан атындағы БҚАТУ IT мамандарын даярлау сапасын арттыру мақсатында жобаның ресурстық әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.

 

Зәмзагүл Сұлтанова,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ACeSYRI жобасының әкімгері

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале